Петропавл қаласындағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернат тәрбиеленушісі Оралхан Мырзабаев – грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы сапында түрлі республикалық, халықаралық додаларда еліміздің, өңіріміздің намысын абыроймен қорғап жүрген өрендердің бірі.
Ол – Есіл ауданының тумасы. Спортпен, соның ішінде грек-рим күресімен бесінші сыныптан шұғылдана бастаған. Оралханның грек-рим күресін таңдауына атасы – Мырзабай Омаров себепкер болған.
Спорттағы жолын облыс деңгейіндегі жарыстарда бағын сынаудан бастаған Оралхан Мырзабаев бүгінде жүлделі орындардан көрініп жүр. Тынымсыз дайындық пен күш-жігерінің арқасында аз ғана уақыттың ішінде жетістіктерге жетіп, түрлі республикалық жарыстарда өңіріміздің намысын абыроймен қорғай білді. Осы жылдар аралығында грек-рим күресінен бірнеше рет облыстың чемпионы атанып, Шымкент қаласында өткен ел біріншілігінде күміс жүлдеге ие болды. Ал келесі жылдары Шымкент, Тараз, Қызылорда қалаларында өткен республикалық жарыстарда бағы жанып, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мықты спортшылардың арасынан оза шауып, чемпион атанды.
Бұл жеңістері оны биік белестерді бағындыруға жетеледі. Осылайша, 2015 жылы Степногорск қаласында өткен турнирде қарсыластарынан басым түскен ол көп ұзамай Грузиядағы үлкен жарысқа аттанды. Онда да жерлестерінің сенімін ақтап, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Ал былтырғы шілде айында Таиландтың Бангкок қаласында кадеттер арасында өткен додада Азия чемпионы атанғаны Оралхан үшін үлкен жетістік. 23 елден 100-ден астам спортшы қатысқан жарыста бағы жанған жерлесіміз еліміздің туын асқақтатып, мәртебесін биіктетті.
– Боз кілемге шыққан спортшы үшін ең маңыздысы – жақындары, жерлестері артып отырған үмітті ақтау. Алдағы уақытта да спортпен белсенді түрде айналысып, биік белестерге жетемін деген сенімдемін, – дейді ол.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústіk Qazaqstan”.