«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕНІМ ЖҮГІН АРҚАЛАҒАН

Ақын Мағжан Жұмабаев “Мен жастарға сенемін!” деп арлы, парасатты, елін, жерін сүйер рухты жастарға зор үміт артып, елдің келешегі жастар десе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Біздің жеңісті жолымыз бен жасампаз дәстүрімізді сендер лайықты жалғастыруға тиіссіңдер!” – деп жас ұрпаққа жауапкершілік жүгін сеніп тапсырып отыр. Бұл жай ғана ұранды сөздер емес, себебі, күн сайын үлкен қарқынмен өзгеріп жатқан дүниенің қадамынан қалмау үшін заманауи білім алған, креативті ойлайтын жастар қажет. Олардың жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптасуы үшін елімізде барлық жағдайлар жасалған. Оның жемісін де көріп жүрміз.

Мәселен, Уәлиханов аудандық мәслихатының депутаттық корпусына былтыр өткен сайлауда серпін берер жастар легі қосылды. Солардың қатарында ең жасы болса да, белсенді, өмірлік ұстанымы бар халық қалаулысы Дәурен Искаковты айтуға болады. Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы 1991 жылы Бидайық ауылында дүниеге келген, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдаған. Ұстаздықтың қадірлі де күрделі жолын таңдаған жас маман “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша өзі түлеп ұшқан мектебінде еңбек жолын бастады.

Туған ауылына келісімен жастардың басын біріктіріп, “Уәлиханов жастары” атты жастардың қоғамдық бірлестігін құрды. Тіркеуден өткеннен кейін жастар мәселелерінің шешімін табуға бел шеше кірісті. Жастардың мүддесін қорғауға қатысты істерді ілгерілетумен қатар, Бидайық ауылында “Жастар аллеясын” құруға бастамашылық етті. Аз уақыт ішінде өзін танытып үлгерген Дәурен Искаков Өскемен қаласында өткен Бірінші халықаралық жастар конгресіне Солтүстік Қазақстан облысы атынан делегат болып барды.

Астана қаласында өткен республикалық “Кіші Отаным!” конкурсына қатысып, “Үздік жас маман” аталымы бойынша марапатталды. Сол жылы Астанадағы Халықаралық жастар форумына облыс атынан делегат ретінде ұсынылды. “Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын”, – деп Елбасы айтқандай, бойында жастық жалыны алаулаған жас жігіттің атқарған ісі халықтың көңілінен шығып, Дәурен Серікұлы аудандық мәслихаттың VI шақырылымының депутаты болып сайланды.

Қашанда халық сенімінен шығу, халыққа қызмет ету үлкен жауапкершілік жүктейтіні анық. Елі сайлаған халық қалаулысы өзінің жұмысымен қоса, тұрғындардың жеке мәселелерін шешуде айтарлықтай істер атқарып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық тынысына қатысты проблемаларды шешуге атсалысады. Кезінде ауданымыздың атағы спорттағы жетістіктерімен әйгілі болатын. Байрақты бай өлкенің спортшылары одақ, тіпті, әлем чемпионаттарында ел намысын бермеген. Қазірде жас буынға сол сара жолды жалғастырып, ауданның спорт саласындағы атағын құлатпай ұстау үшін жаттығатын жердің болмауы қынжылтатын. Депутаттық мандат қолына тиген Дәурен аудан тұрғындарының осы көкейкесті проблемасын шешу үшін облыс әкімі алдында сөз сөйлеп, бұл істің алға басуына себепші болды. Бүгінде аудан орталығында спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.

Келесі қолға алған ісі – Бидайық ауылында оқушылар мен жасөспірімдер үшін күрес үйірмесін ашқызуы. Бұл мәселені аудандық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Кәдіров пен аудандық білім бөлімінің басшысы Айтқазы Әубәкіров қолдап, еркін күрестен білікті жаттықтырушы табылып, үйірме жұмысын бастады. Сонымен бірге, Бидайық, Мырзағұл ауылдары жастарының демалыс орталықтарына күрделі жөндеу жүргізілуіне және олардың ашылуына жәрдемдесті. Ал өз сайлау округіндегі жолдардың жөнделуі мен қыстыгүнгі тазартылуы және күтіп ұсталуы – әрқашан жас депутаттың назарындағы өзекті мәселелердің бірі.

Дәурен Серікұлы үшін әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға жәрдемдесу қашанда бірінші орында. Мәселен, былтыр 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай аудандық жастар бастамалары орталығы басшысымен бірігіп, он төрт мүгедек балаға жүз мың теңге көлемінде сыйлық табыстады. Сонымен қатар жыл сайынғы республикалық “Мектепке жол” акциясы барысында, қарттар және мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау айлығы аясында қайырымдылық көмек жасауды дәстүрге айналдырған. Дәурен Серікұлы – аудан бойынша ұйымдастырылатын барлық іс-шаралардың белсенді қатысушысы.

Күн санап еңсесін тіктеп келе жатқан егемен еліміздің жас буыны да бүгінде өзгерістер лебін сезінді, қанатын қатайтты, жігерін шыңдады. Мемлекет басшысының: “Жастарға айтарым – сендер халықаралық кеңістіктегі бәсекелестік күрестен сырт қалмауға ұмтылыңдар. Ол үшін тиянақты білім керек. Әйтпесе, ғаламдық деңгейдегі Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі әншейін бос сөз болып қалады”, – деген тағылымды сөзі Дәурен секілді жігерлі жастардың санасында мықтап бекіген.

Шырынгүл МУСИНА,

Уәлиханов аудандық мәслихаты аппаратының басшысы.

СУРЕТТЕ: Д.Искаков көшет егуде.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp