Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі ғимаратында кәсіптік бағдар беру мақсатында “Сенің таңдауың – сенің болашағың” атты “Ашық есік күні” өткізілді. Шараға облыс орталығының үш мектебінен тоғызыншы сынып оқушылары шақырылды. “Ашық есік күнінде” оқушылар колледждің өндірістік оқу кабинеттерін аралап, теориялық білім мен өндірістік оқыту орнындағы іс-тәжірибелерімен танысты.
Көрнекі құралдары ілінген, қажетті жабдықтар мен үлгілер орналасқан өндірістік оқыту бөлмелері оқушылардың қызығушылығын тудырды. Экскурсиядан кейін колледждің мәжіліс залында оқу орнының үздік студенттерінің, бүгінде белгілі бір жетістіктерге қол жеткізген түлектері мен әртүрлі мамандық иелерінің қатысуымен жиын өтті. Жиында колледж өмірі туралы бейнекөрсетілім ұсынылып, студенттер пікірі тыңдалды. Әңгімеден аға буын өкілдері де шет қалған жоқ. Олар мамандық таңдауға қатысты ақыл-кеңестерін ортаға салды. Болашақ мектеп түлектерін колледжге оқуға шақырған директордың орынбасары Жанна Бережная мамандық таңдауда қателеспеу қажеттігін баса айтты.
– Біздің оқу орнымыз облыс бойынша мемлекеттік колледждердің алдыңғы қатарында тұр. Мемлекеттік тапсырыспен 11 мамандық бойынша оқытады. Оның алтауы тоғыз сынып, қалған бес мамандық орта білім негізінде оқытылып, үздік оқығандарға шәкіртақы төленеді. Өзіміздің жатақханамыз бар және онда білім алуға барлық жағдай жасалған, – деді Жанна Бережная.
Жанаргүл МЕЙРАМ,
“Солтүстік Қазақстан”.