«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕН КЕЛДІҢ ДЕ ЖЕРДІҢ ЖҮЗІН ЖАЙНАТТЫҢ!

Табиғат жаңарып, күннің шуағы айналаны нұрға бөлеп, жер бусанып жатқан шақта дүйім қазақ Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін атап өтеді. Мыңдаған жылдық тарихы бар ұлық мереке көшпенділер үшін жаңа жылдың басы саналған. Егемендік алған тұста қайта жанданған Наурыз мерекесі өзінің халықтық сипатын енді тауып келе жатқандай. Осымен екінші жыл қатарынан жұртшылық Наурызнама аясында он күн бойы ұлттық болмысымызды айшықтайтын іс-шараларға қатысып, игі бастамалардың басы-қасынан табылып жүр.

14 наурыздан басталған мереке Қызылжарда ерекше аталып өтілді. Көрісу, қайырымдылық, мәдениет және ұлттық салт-дәстүр, шаңырақ, ұлттық киім, жаңару, ұлттық спорт күндерінен кейін солтүстікқазақстандықтар Петропавлдың Орталық алаңында бас қосты.

Ақшаңқан киіз үйлердің ішінде С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана мамандары құрған шаңырақ сән-салтанатымен ерекше көзге түсті. Киіз үй ішінде ұйымдастырылған көрме сөресіне биыл 125 жылдығы аталып өтіп жатқан академик-жазушы Сәбит Мұқановтың өмірінен сыр шертетін құнды материалдар қойылыпты. Айтулы күнге орай қаламгердің немересі Найля Мұқанова Қызылжарға арнайы келген екен. Асылдың сынығымен суретке түсіп, көрген-білгенімен бөліскен тұрғындар шоғыры аз болмады.

– Қазақ әдебиетінің қоржынын небір сүйекті туындыларымен байытқан қаламгер мерейтойы – Қызылжар жұртшылығы үшін ерекше оқиға. Руханият ордасының құрылысына жазушының оң ықпал еткені көпке мәлім. Бүгінгі көрмеге жазушының кітаптары, құнды құжаттар мен өмірінен сыр шертетін жәдігерлер қойылған, – дейді кітапхана қызметкері Қайыржан Мәлікова.

Орталық алаң сахнасындағы негізгі шара түске таман басталып, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері жаңа жылдың келуін бейнелейтін көрініс қойды. Ел алдына шыққан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жиналғандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

– Наурыз – жаңару мен бақыттың, бірлік пен ынтымақтың мерекесі. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында ұлтты ұйыстыру жолында Наурыз мейрамының орны бөлек екенін атап өтті. Соңғы жылдары Наурыз елімізде кең көлемде және жаңа форматта тойланып келеді. 10 күнге созылған наурызнама аясында облыста 700-ден астам шара өтті. Бүгінгі мейрам – халқымыздың терең тарихы мен бай дәстүрінің көрінісі. Бұл – табиғат жаңғырып, адамзат жаңаратын кезең. Әз-Наурызда ата-бабаларымыз бір-бірімен қуаныса қауышып, бұрынғы реніштерін кешіріп, тал егіп, шаруасын жинақтап, жаңа жылға игі тілектерін арнаған, – деді облыс әкімі.

Наурыздың халықтық сипат алғанын қала аулаларында өткен шаралардан да аңғаруға болады. Көпқабатты үйлердің тұрғындары ұйымшылдығын көрсетіп, мерекелік шарада бас қосты. Бұл күні Қазақстан Конституциясы көшесі, 76 мекенжайындағы үйдің ауласы бір сәтке қазақы ауылға айналып кеткендей әсерге бөледі. Жиналғандар қуана қауышып, мол дастарқан басында жылы лебіздерін айтты. Білекті жігіттер жілік сындырудан сайысып, өзара мықтыны анықтады. Наурыз мерекесімен тұрғындарды қала әкімі Серік Мұхамедиев құттықтады. Мұндай мерекелік шара қаланың өзге шағынаудандарында да ұйымдастырылды.

Бұл күні қала орталығында ел намысын байрақты бәсекелерде абыроймен қорғаған спортшыларға құрмет көрсетілді. Ғауез Торсанұлы жоғары нәтижеге жеткен жандарға сый-сияпат табыс етті. Өңір басшысы параатлет Ербол Хамитовке көлік кілтін табыстаса, қазақ күресінен әлем чемпионы Мейіржан Берекетов жаңа баспананың иесі атанды. Парабиатлоннан әлем кубогының күміс жүлдегері Александр Герлиц, бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері Наталья Богданова, конькимен сырғанаудан Азия ойындарының қола жүлдегері Надежда Морозова ақшалай сертификат иеленді.

– Спорттық мансабымда осындай жетістіктерге қол жеткізгеніме қуаныштымын. Көк Туымыз биікте желбірегенде кеудені мақтаныш кернейді. Мен ел тарихында алғаш болып «Хрусталь глобус» иелендім. Ұзындығы 12,5 километр болатын әлемдік парабиатлон жарысында мәре сызығын бірінші болып кестім. Маған қолдау көрсеткен жақындарыма, жерлестеріме алғыс айтамын. Мұнымен тоқтап қалмаймын. Әлі де бағындырар белесім алда деп ойлаймын, – дейді Ербол Хамитов.

Ұлық мерекені аудандар да ерекше ықыласпен тойлады. Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылының тұрғындары Ұлыстың ұлы күнін ауызбіршілікпен атап өтті. Бірінші күні ауылдың оңтүстік-шығыс ауданында мерекелік іс-шара өтсе, ертеңіне халық орталыққа жиналды. Онда келгендер ән мен жырға сусындап, ұлттық ойындарды тамашалап, салт-дәстүрімізді таныды. Мамлют, Жамбыл ауданының тұрғындары Қыдыр атаның ақ батасын алып, жаңа форматта әзірленген концертті тамашалады.

Наурызнамаға сай мерекенің соңғы күні Тазару күні деп белгіленген. Оған сай тұрғындар үй-жайларының маңын абаттандырып, қоқыстан тазартады. Тазару күні өңірдің белсенді жастары саябақтарда қалған қар мен қоқыс қалдықтарын шығарып, жалғызілікті қарт адамдардың ауласын ретке келтіруге көмектесті. Осылайша көрісумен басталған Наурызнаманың ең соңғы күні игі істермен түйінделді.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суреттерді түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp