«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕРГЕКТІК ПЕН СЕРПІН ҚАЖЕТ

“Бүгінгі жастар неге бойкүйездікке салынады?”, “Оларды қандай мәселелер алаңдатады?”, “Ғаламтордың жастарға тигізіп жатқан зиянды және пайдалы әсерлері қандай?”. Осындай сауалдар төңірегінде өрбіген “дөңгелек үстел” отырысы Петропавлдағы “Империя” ойын-сауық орталығында өтті.

Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы облыстық филиалы ұйымдастырған шараға жастар ұйымы және қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, түрлі салада қызмет етіп жүрген жас мамандар, студенттер мен оқушылар қатысты. Аталмыш партияның жанынан құрылған жастар қанатының жетекшісі Қайсар Сәрсенбаевтың айтуынша, шараның негізгі мақсаты – жастардың қоғамдық белсенділігін оятып, олардың мақсаттарына жол ашу. Шараны ҚКХП облыстық комитетінің бірінші хатшысы Сергей Мартемьянов жүргізді. Жиынға қатысушылар бүгінгі жастарды мазалайтын мәселелер төңірегінде өз ойларын ортаға салды. Петропавлдағы М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің студенті Айнагүл Қасымова әлеуметтік желілердің кері әсеріне тоқталып, олардың ықпалымен берік ұстанымы қалыптаспаған жасөспірімдердің бұрыс жолға беттеп, ұлттық құндылыққа қарама-қайшы субмәдениетке жол ашатынын айтты. Әлеуметтік желілерді пайдаланудың нақтыланған тәртібі бір жолға қойылса деген ниетін де жасырмады. Аталмыш колледждің оқытушысы Виктор Сауков ынтымақ, бірлік ұғымдары өрендердің басты мақсатына айналуы керектігін жеткізді.  

Шара барысында “Дипломмен – ауылға!”, “Жастар тәжірибесі” сынды мемлекеттік бағдарламалардың маңыздылығы да сөз болды.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp