«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕРГЕЛДЕҢГЕ САЛҒАН СЕРИАЛДАР-АЙ!..

Бүгінде “көк жәшікті” қосып қалсақ, көретініміз – шетелдің сериалдары. Ұшы-қиыры жоқ, бітпейтін ұзын-сонар әңгімеге, бір отбасының дау-жанжалы мен ұрыс-керісіне, өсек-аяңы мен былапыт сөзіне толы сериалдарға үйдің үлкендері түгіл, балдырғандары мен жеткіншектері де телміріп отырады. Отырмай қайтсін? “Он екі жасқа толған балаларға ата-аналарымен көруге рұқсат етіледі” деп айдар тағып қойса?! Таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп, қас қарайғанда үйге келетін қалалық ата-аналардың аталмыш фильмдерді көруге уақыты да, шамасы да жоқ екені белгілі. Ал ұлттық құндылығымыздың темірқазығына айналып, тәлім-тәрбиенің тал бесігі болған ауыл тұрғындары ше? Үй шаруашылығын түгендеп, жұмыс істейтіндер жөнеліп, қалған кәрісі бар, жасы бар көк жәшіктің алдына жайғасып, сериал көреміз. Ондағы кейіпкерлермен бірге жылап, бірге күліп, ашуы алқымына тығылса, бірге ашуланамыз. Көңілі жабырқаса, бірге қиналамыз. Сүйікті кейіпкерлеріміздің басынан өткерген бақытсыз оқиғасына күні бойы алаңдап, көрсетілетін келесі сағатын тағатсыздана күтетініміз де жасырын емес. Еліміздегі балаларға арналған қазақтілді жалғыз “Балапан” телеарнасынан берілетін “Алақай, балақаймен” бірге былдырлап, ән айтып, би билеп жүрген баламыздың тілегін шорт кесіп, басқа арнаға бұра саламыз. Бауыр етіміздің қызығушылығына ата-ана болып қызықпаймыз да. Олардың кіршіксіз бір биікке ұмтылған көңілдерінен бізге 31-ші арнадан көрсетіліп жүрген үнді сериалындағы “Ичяның құрсағындағы белгісіз біреудің сәбиі”, “Валия мырзаның Баниге деген сезімі” артық. Ащы болса да, шындығы сол. Аталмыш фильмдер онсыз да өзегіне су жетпеген өсімдіктей жайқалмай жатқан бүгінгі бала тәрбиесі мен ұрпақ тәліміне жығылғанның үстіне жұдырық болып тиюде.

Ал “алыс-алыс жерлерден жылдам хабар алғызған” ғаламтордың жайын, компьютер тетігін баса қалсаң, экранның қапталынан өзіне менмұндалап шақыратын шетелдік фильмдердің жарнамаларын, оны көріп, алтынға тең қайран уақыттарын сарп еткен бірқатар жастарды айту – бөлек әңгіме.  

Былтырғы жылы отандық арналарымызбен қатар, жергілікті телеарналарымызды да Кореяның телехикаялары жаулап еді. Корей халқының түп тарихынан сыр шертетін фильмдерді ес бiлген баладан бастап, еңкейген қартқа дейiн жiбермей көрдi сонда. Көркем хикаяның көрермен көкейіне берік орныққаны соншалық, елдің хандарын жеті атасындай жатқа айтып отырған бүлдіршіндердің қызығушылығы қайран қалдырды. Жумонг ханзада ерлігі елiктегiш келетiн мектеп жасындағы балалардың жүрегiне жол тауып, кәріс батырының көзсiз қайсарлығы бала танымында берік орнықты. Ойындарының негiзгi өзегi де осы бiр елдің теңдессiз батырының ерлiгiмен тiкелей байланыстырылды. Бастары қосыла қалса, бiрi – Жумонг ханзада, екіншісі – Тэ Со болып “қылыштаса” жөнеледi. Ал биыл үнді жұртының фильмдері араға сағат салмай, бірінен соң бірі беріліп жүр. Көптің, әсіресе, ауыл тұрғындарының көңілінен шыққан сериалдар арқылы еліміздегі телеарналар өз рейтингтерін жоғарылатып, сапа биігін бағындыруда. Соған қарағанда, отандық арналар ұлттың тағдыры, баланың тәрбиесі, елдің болашағы, халықтың мүддесі деген мәселелерге бас қатырып, алаңдамайды-ау, сірә. “Қара бастың қамы артықтың” шекпенін киіп, бір-бірінен қалыспай жұмыс жасап жатыр. Ойыма терең бойласам, оларды да түсінуге болатындай. Біраз жылдар бойы өзімізде түсірілген “Тоғысқан тағдырларды” (орысша атауы – “Перекресток”) үзбей беріп шаршаған арналар енді не істейді? Ерлігі Жумонгтың ерлігінен асып түсетін батырлар да, атағы алты алашқа жеткен айбынды азаматтар да, қарапайым сөзден қаймақ жасаған ақындар да бар бізде. Тек олар туралы фильмдер жоқтың қасы.

Жақында шоу-бизнестің өкілі, көпшілікке қоңыр үнімен танылып үлгерген әнші Қайрат Нұртас өзі жайында “Өкініш” атты фильм түсіріпті. Ал желтоқсанда оққа ұшып, Тәуелсіздік үшін жанын құрбан еткен Қайрат Рысқұлбеков туралы бірде-бір фильм жоқ.

Ойланғанға өкініштің сорақысы осы емес пе?

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp