Сухорабовка ауылының тұрғыны Владимир Қожаев – үшінші топтағы мүгедектігіне қарамастан, жеке өз кәсібін құрған еңбекке белсенді азаматтардың бірі. Оның “Жансая” жеке кәсіпкерлігі бес жылдан бері “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның облыстық филиалымен қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Одан ол алдымен 2009 жылы екіжылдық мерзімге берілген 130 мың теңгенің кредитіне 4 бұқашық сатып алды. Сосын 2011 жылы үшжылдық мерзімге 400 мың теңгенің қредитіне қол жеткізіп, сол қаржыға алған екі биені байлап, олардың қымызын күнкөріс көзіне айналдырды. Жеке мал басын көбейтіп, қымыз өндіруді ұлғайтуды көздеген кәсіпкер биыл тағы осы қордан кредит алуға ұйғарған. Бірақ олардан сұрағаны бір миллион теңге болғанымен, кредитті қамтамасыз ету кепілдігінің жетімсіздігі себепті төрт жарым жылдық мерзімге 600 мың теңге ғана несие ала алды.
– “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы арқылы 6 пайыз жылдық сыйақымен берілетін қор кредиті менің көңілімнен шығады. Оның үстіне кредит қайтарымын бір жыл кейіндетіп төлеу жеңілдігі де бар. Биылғы кредит қаржысына тағы екі бие сатып алдым. Енді аманшылық болса, төрт бие байлап, күніне 40-50 литр қымыз өндіру мүмкіндігім бар. Осылайша, қордың көмегі арқылы кәсібімнің өрге басып отырғаны мені қуантады. Алайда, менің көңіліме көлеңке келтірген бір жай, соңғы рет қор қаржысын алу үшін көп жүгірінді болып, оған қыруар қаражат жұмсадым. Шамамен 60 мың теңгедей ақша шығардым. Алғашқы екі кредит үшін бұлай жүгірген жоқпын. Қор талап еткен құжаттарды жинауға үш ай жүрдім. Шыны керек, аудандық жұмыспен қамту орталығының тарапынан кедергі болған жоқ. Кепілге қойылған үйіміз анамның атында болғандықтан, барлық жүгіріндіге салған қиындық содан туындады. Оны бағалайтын тәуелсіз комиссияға 18 мың теңге ақшам кетті. Бәрінен бұрын мені қалжыратқаны “Ардақты ана” атағы бар денсаулығы жоқ кәрі анамды сүйегін салдырлатып, нотариусқа жеті рет апарғаным болды. Сондай-ақ, анамның куәландырылған келісім-өтінішін Халыққа қызмет көрсету орталығынан өткізуім де арзанға түскен жоқ. Оны тездету үшін артық ақша төлеуіме тура келді, – дейді Владимир Аманжолұлы.
Біз кәсіпкердің шағымы бойынша қордың облыстық филиалына хабарласып, осы мәселеге қатысты ондағылардың пікірін білдік. Қор филиалы директорының міндетін атқарушы Айдар Тулеевтің айтуынша, қаржы мекемесінің қызметкерлері Сергеевка қаласында бірнеше рет болып, ықтимал қор қаржысынан кредит алушыларға жан-жақты түсінік беру жұмыстарын жүргізген. Оның нақты Қожаевқа қатысты айтары: кәсіпкердің шешесін нотариусқа жеті рет апаруы қисынға келмейді. Өйткені, қор одан шешесінің келісім-өтінішін өздеріне өткізетін құжаттарының ең соңында ғана талап етеді. Оған бірнеше рет барып, келісім-өтінішін қайта-қайта жаңартудың еш қажеті жоқ. Оның, сондай-ақ, бұл құжатты ХҚКО арқылы тездетіп өткізу үшін 5 АЕК көлемінде төлем жасауы да бекершілік болған. Оны ХҚКО бар болғаны бес күннің ішінде небары 400 теңгеге жасап береді. Сөйтіп, сайып келгенде, қор маманының ойынша кәсіпкердің өзі қордың кредит алушыға қоятын талаптарын, қажетті құжаттарды қандай тәртіпте рәсімдеуді түсінбеген болып шығып отыр.
Сондай-ақ, бұл жерде кәсіпкердің мүгедек немесе арнайы есепке алынған науқас жандарға тегін босатылатын дәрі-дәрмектерге дұрыс қолы жетпей отырғаны туралы шағымын да айтпай кетуге болмас. Ол өзінің полиартрит және ревматоид сияқты буын ауруларымен науқастанатынын айтады. Дәрігерлер оған тегін босатылатын үш түрлі дәріге рецептік қағаз берген, бірақ ол биыл тек бір рет “Методжек” дәрісін алыпты. Өйткені, дәріханада рецепт қағазы бойынша босатылатын тегін дәрілер үнемі бола бермейді, дейді. Кәсіпкер дәрігерлердің дәріханада жоқ дәрі-дәрмектерге неге рецепт жазатынына таңғалады. Бірақ оған дәрігерлерді кінәлауға да болмайды ғой, науқастар тегін дәрі рецептін алған соң ендігі дәрімен жабдықтау міндеті денсаулық сақтау саласының дәріхана қызметінікі емес пе? Сірә, тегін дәрімен жабдықтау жүйесіндегі олқылық осы салада болса керек? Мүгедек кәсіпкердің ренішіне облыстық денсаулық саласындағылар не дер екен?
Осындай тіршілік түйткілдеріне мойынсынбай, өзінің жеке кәсібін дамытып отырған Владимир Аманжолұлының тәуекелшілдігіне сүйсінесің. Ол жоғарыда аталған “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасынан басқа “ҚазМИД” бағдарламасына да қосылып, “Қазагрофинанс” АҚ-ның демеуқаржылық көмегімен 2 бас бұқа сатып алып, оларды ауылдың жеке шаруа мал табынына қосты. Мал төлін асылдандыруды көздейтін бұл бағдарламаның тиімділігі сол, бұқа сатып алушы оның 30 пайыз ғана құнын төлейді, қалған 70 пайызын қаржылық мекеме демеуқаржылық көмек ретінде өз мойнына алады. Сөйтіп, сухорабовкалық кәсіпкерге 600 мың теңгенің екі бұқашығы 180 мың теңгеге ғана түсті.
Кәсіпкер туралы айтарымызды оның осындай жақсы ісімен түйіндей отырып, жоғарыда сөз етілген келеңсіз жайларға тиісті орындардың назарын аударамыз. Мүгедек жанға алаңсыз еңбек ету мүмкіндігін жасау – баршамызға ортақ міндет.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Шал ақын ауданы.