
“Серпін-2050” бағдарламасы бойынша білім алған жастарды жұмыспен қамтуға назар ерекше. Осыған дейін оқу бітірген түлектердің көбі келген жағына қайтып кеткендіктен, бүгінде олар тұрақтап қалу үшін бар мүмкіндік жасалуда.
Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында Қызылжар өңірінің өрісін кеңейтіп, жергілікті жердегі кадр тапшылығын азайтады деген серпіндіктерге қандай жағдай жасалғаны баяндалды. «Серпін-2050» бағдарламасы қолға алынғалы бері өңірімізге Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл мен Маңғыстау облыстарынан келген жастар тегін жоғары білім алып, шәкіртақы және жатақханамен қамтылған. М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің академиялық мәселелер жөніндегі проректорының міндетін атқарушы Жанар Таласпаеваның айтуынша, үстіміздегі жылы 23 мамандық бойынша 203 серпіндік оқуын тамамдайды. Ал оларды жұмыспен қамту жергілікті биліктің бақылауында.
– Былтыр түлектердің 80 пайызы, алдыңғы жылы жас мамандардың 85 пайызы жұмысқа орналасты. Қалғандары тұрмысқа шығып, сәбилі болуларына және магистратураға түсуіне байланысты жұмысқа орналасудан босатылған, – деді Жанар Таласпаева.
Серпіндіктердің Қызылжар өңірінде қалмай, қолына диплом тиісімен туған жерлеріне, не болмаса, арман қуып Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалаларға кететіні жиі айтылып жүр. Солтүстік өңірдегі халық санын көбейтіп, кадр тапшылығын жояды деген үміт ақталмайтындай көрілген. Алайда, бағдарламаның ережесіне енгізілген өзгертулерге сәйкес, биылдан бастап серпіндіктер білім алған жерінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттелді. Сондай-ақ, осы жерде еңбек етуі тиіс мамандардың мәртебесі оңтүстіктен қоныс аударушылармен теңестіріліп, түрлі жеңілдіктер қарастырылып отыр. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Назерке Тасқұлованың сөзіне сүйенсек, серпіндіктер «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жасалған мүмкіндікті тиімді пайдалануда. Мәселен, Есіл ауданындағы Ж.Қизатов атындағы жоғары ауылшаруашылығы колледжін тамамдаған түркістандық Буниед Кадиркулов Қызылжар өңірінде қалып, консалтингтік қызмет көрсететін жеке кәсібін ашқан. Бүгінгі таңда ол алты серпіндікті жұмыспен қамтып отыр.