«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Серпіндіктер қатары толығуда

Білікті мамандарды даярлау – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. “Қазақстан – 2050” Стратегиясында айқындалған басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралардың қатарына “Мәңгілік ел жастары – индустрияға!” – “Серпін – 2050” әлеуметтік жобасы да жатады. Аталмыш әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға облысымыздың білім беру ұйымдары да өз үлестерін қосуда.

Осыдан екі жыл бұрын оңтүстік өңірлердің 50 өрені білім алу мақсатында Қызылжар топырағына қадам басқан болатын. Ал 2015-2016 оқу жылында облысымыздың төрт колледжіне жеті мамандық бойынша 175 студент қабылданды. Қазіргі таңда өңірімізде “Серпін – 2050” бағдарламасы бойынша 237 жас білім алуда. “Облыстың төрт колледжі жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік тапсырыс бойынша тағы 185 өренді қабылдайды. Олардың қатарында Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі (50), Ж.Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжі (60), М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж (50) және Айыртау аудандық агротехникалық колледжі (25) бар”, – дейді білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері Алма Құсайынова.

Алма Мұхамедқалиқызының айтуынша, аталмыш бағдарлама аясында мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитындар тегін білім алады. Жоғарыда аталған колледждерде мемлекеттік білім беру стандартының талаптарына сәйкес барлық жағдай жасалып, оқу-материалдық база жабдықталған. Білім беру ұйымдарында сапалы инженерлік-педагогикалық құрам жасақталған. Кітапхана қоры жеткілікті. Олардың барлығында білім берудің дуалдық технологиясы енгізілуде.

Серпіндіктерге Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен “Білім беру ұйымдарының жекелеген санаттарында оқитындарға мемлекеттік шәкіртақы төлеу ережелеріне” сәйкес 16759 теңге шәкіртақы төленеді. Сондай-ақ, жатақханада тұрып оқуға мүмкіндік қарастырылған. Студенттердің жүріп-тұруларына – 10, киімдеріне 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтемақы беріледі.

Аталмыш бағдарлама бойынша оқып бітірген түлектерге Петропавл қаласы мен облыс аудандарында жұмысқа тұруға жағдай қарастырылады. Осы мақсатта оқушылардың өндірістік тәжірибеден өтуі және кейін жұмысқа орналасуы үшін әлеуметтік әріптестермен келісім жасалуда.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp