Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2014 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан халқына “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында еліміздің алдағы уақыттағы даму бағытын айқындап, халқымыздың жарқын болашағына сенімді қадам жасады. Биыл да еліміздің саяси және тарихи өмірі ерекше оқиғаларға толы. Елбасымыздың сындарлы да кемел саясатының арқасында оның “Мәңгілік Ел” идеясын жүзеге асыруға қол жеткізетін бес институттық реформа жария етілді. Елбасы Президент сайлауы қарсаңында Қазақстан Республикасының әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарына кіруіне мүмкіндік беретін осы аса маңызды бағдарламаны ұсынды. Мемлекет басшысы өзінің стратегиялық ой-жоспарларының жалғасы болып табылатын, Қазақстанның мәртебесін өсіретін бес халықтық реформаны жүзеге асырудың нақты 100 қадамын атап көрсетті. Бағдарламада қоғамда бірлік пен азаматтық біртектілікті қалыптастырудың жолдары мен тетіктері, мемлекеттік басқаруды сапалы өзгерту, экономиканы индустриялық-инновациялық дамыту қадамдары нақты айқындалған.
Облыс орталығының іргесінде орналасқан біздің Қызылжар ауданында аграрлық сектор жақсы дамыған. Елді мекендерде тұратын диқандар мен малсақ жандар ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, қала тұрғындарын сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуда. Сондықтан агро-өнеркәсіптік кешенді өрге бастыру үшін инновациялық даму жолына көшіру – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Оған ауданда қолайлы жағдайлар да, мүмкіндіктер де бар. Қазір ауданның аумағында 304 ауыл шаруашылығы құрылымы, оның ішінде 60 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 238 шаруа және фермер қожалығы жұмыс істейді. Үстіміздегі жылдың бес айында қара мал, жылқы, шошқа, құс басының өсуі байқалды. Бүгіндері үш бордақылау алаңы мен алты асылтұқымды мал репродукторы бар. Жыл басынан бері жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 4,4 миллиард теңге болды, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғандағы өсім – 111,7 пайыз. Биыл “Большемалышенское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі негізінде 300 басқа арналған асылтұқымды тауарлы сүт фермасы ашылмақ.
Ауданымызда егіншілік жақсы дамып келеді. Қазір 349,1 мың гектар ауыл шаруашылығына арналған жер болса, оның 215,4 мың гектары – егістік алқап. Биыл ауа райының қолайсыздығына қарамастан, диқандар көктемгі егіс жұмыстарын агротехникалық қолайлы жағдайда аяқтады. Агроқұрылымдар 202,9 мың гектарға жаздық дәнді дақылдар, оның ішінде 104,5 мың гектарға – бидай, 33,5 мың гектарға – майлы дақылдар, 4,4 мың гектарға – картоп, 600 гектарға – көкөніс, 24,8 мың гектарға – біржылдық шөп, 4,9 мың гектарға сүрлемдік жүгері екті.
“100 нақты қадам” Ұлт жоспарында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің тиімді нарығын қалыптастыру, агроөнеркәсіптік кешенде өңдеу секторын белсенді дамыту көзделген. Бүгіндері ауданымызда 7 диірмен, 24 наубайхана, 2 шұжық цехы, ет-консерві зауыты, жергілікті жартылай дайындалған өнімдер өндіретін – төрт және сүт өңдейтін – екі, күнбағыс тұқымын өңдейтін және жарма шығаратын цехтар жұмыс істеп тұр.
Үстіміздегі жылы ауданымызда индустрияландыру картасы аясында екі ірі ауқымды жоба жүзеге асырылды. “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде металл бұйымдарын, пластикалық құбырлар шығаратын цех іске қосылды. “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі қуаты 2 мегаватт болатын 2 жел-электр генераторын сатып алып, Новоникольское ауылында орнатты. Жуық арада “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігі Бескөл ауылында ағашты өңдеуден қалған қалдықтардан отын брикеттерін шығаратын цехты пайдалануға бермек. Бұл жобаның құны – 75 миллион теңге, онда жаңадан 20 жұмыс орны ашылады.
Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті дамытуға, қолдауға ерекше назар аударылып отыр. Елбасымыз ұсынған Ұлт жоспарында шағын және орта бизнестің іскерлік белсенділігін қолдау жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттігі атап көрсетілген. Біздің ауданда да шағын кәсіпкерлік серпінді дамып келеді. Ауданымызда 328 сауда нысаны, 34 қоғамдық тамақтандыру орны, 1 шағын базар, 10 дәріхана мен малдәрігерлік дәріхана, 11 шаштараз, 4 мейманхана, 1 фотосалон, 6 киім мен аяқкиім тігетін және жөндейтін қосын,19 жанар-жағармай және газ құятын станция, 20 автомобильдерге техникалық қызмет көрсету станциясы мен доңғалақ жөндеу орны, 2 автомобиль жуу орны, 5 такси қызметі, 2 ұялы байланыс салоны тұрғындарға қызмет көрсетеді. Үстіміздегі жылдың 15 маусымы күні “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде “Безуглова М.А.” жеке кәсіпкерлігі Якорь ауылында жобалық жалпы құны 7 миллион теңге болатын шұжық цехын салып, іске қосты. Соның нәтижесінде жұмыссыз жүрген 7 адам еңбекке араласты.
“Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты бойынша екінші деңгейдегі банктердің пайыздық мөлшерлемесіне демеуқаржы беру бөлігінде үстіміздегі жылы 3 жоба жүзеге асырылды. Бұл мақсатқа 127 миллион 600 мың теңге қаржы бөлінді. Осы қаржыға “Атай СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өнімдер өндіру көлемін ұлғайту мүмкіндігіне ие болды. “Амаев К.М.” жеке кәсіпкерлігі Бескөл ауылындағы жанар-жағармай материалдары қоймасына күрделі жөндеу жүргізді. Ал “DostarNew” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс қондырғыларын шығару үшін шикізаттар мен материалдар сатып алды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын, сумен және жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту Мемлекет басшысы алға қойған бірінші кезектегі міндеттердің бірі болып саналады. Бүгіндері аудандағы 43 елді мекен немесе ауыл тұрғындарының 81 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Үстіміздегі жылы ауызсумен жабдықтау жүйесін дамытуға бюджеттен 722,9 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Ауданымыздағы тоғыз ауылдың ауыз-сумен жабдықтау жүйелеріне қайта жарақтандыру жүргізілуде. Есепті кезеңде 105,7 мың теңге игеріліп отыр.
Былтыр Бескөл ауылында магистральды жылумен жабдықтау желісі құрылысының бірінші кезеңі басталды. Үстіміздегі жылы өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының аясында магистральды жылумен жабдықтау желісінің екінші кезегін салуға республикалық бюджеттен 484,1 миллион теңге қаржы бөлінді. Маусым айына дейін 164,1 миллион теңгенің жұмысы атқарылды. Бұл магистральды және бөлу желілерінің құрылысы аяқталған соң болашақта оған Бескөл ауылындағы 55 әлеуметтік-мәдени-тұрмыстық нысан қосылатын болады. Аудан орталығындағы 25 мекеме мен 30 көпқабатты үй бір қазандықтан жылытылмақ.
“100 нақты қадам” Ұлт жоспары бойынша білім беру жүйесінің алдында тұрған өзекті мәселелер саланың сапасын арттыру, мектеп жасына дейінгі мекемелердегі орын тапшылығын жою, үшдеңгейлі білім беру жүйесіне кезең-кезеңмен көшу болып табылады. Бұл міндеттерді ауданымыздағы 25 орта, 13 негізгі және 8 бастауыш мектеп, 5 балабақша, 55 шағын орталық, 7 мектеп жанындағы интернат, “Мерей” өнер мектебі, дене шынықтыру балалар-жасөспірімдер кешені, “Серебряный бор” сауықтыру лагері жүзеге асыруда. Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысында аудандағы жалпы білім беретін мектеп түлектері орташа есеппен 80,7 балл алды, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 2,46 балға жоғары. Біздің аудан түлектері облыс бойынша бесінші көрсеткішке қол жеткізді. Үстіміздегі жылы оқушылардың халықаралық пән олимпиадаларында жүлделі орындар алған 7 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылды. Ауданда мектеп жасына дейінгі мекемелермен бүлдіршіндердің 99,5 пайызы қамтылған. Халықаралық балаларды қорғау күні жаңа “Сабина” балаларды дамыту және шығармашылық орталығы ашылды. Онда 2-6 жастағы бүлдіршіндер мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен қамтылатын болады. Мектеп оқушылары екінші жыл қатарынан жазғы каникул күндері сауықтыру лагерімен қатар, төрт палаталық лагерьде демалады. Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тапсырмасы бойынша биыл тұңғыш рет интернаты бар мектептердің жанынан балалар тынығып, тамақтанатын алаңшалар ұйымдастырылды.
Қазақстандықтардың денсаулығына деген қамқорлық мемлекеттік саясаттың басымды бағыттарының бірі болып саналады. Соңғы жылдары медицина саласына қомақты қаржы бөлінуде. Тұрғындарға 63 емдеу-алдын алу мекемесі, оның ішінде 9 дәрігерлік амбулатория, аудандық емхана мен аурухана, 10 фельдшерлік-акушерлік және 43 медициналық қосын қызмет көрсетеді. Оларда 53 дәрігер мен 237 орта білімді медицина қызметкері еңбек етеді.
Ауданымызда мәдениет саласында да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Бүгіндері аудан аумағында 39 мәдениет мекемесі (оның 4-еуі – жекеменшіктік, қалғандары – мемлекеттік), сондай-ақ, 112 клубтық құрылым, 15 мүдделер клубы, 9 этномәдени орталық жұмыс істеуде.
Қазақстанның әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына енуінің басты көрсеткіштерінің бірі тұрғындардың әлжуаз топтарын қолдайтын осызаманғы мықты әлеуметтік саясат болып саналады. Есепті кезең ішінде ауданымызда 1161 жұмыссыз азаматқа еңбекке араласуға көмек көрсетілді, олардың 923-і тұрақты жұмыс орнына ие болды. Үстіміздегі жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша тіркелген жұмыссыздардың үлесі аудандағы экономикалық белсенді тұрғындардың 0,8 пайызын құрайды. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде биыл 39 адам жұмысқа орналастырылды.
Саламатты өмір салтын насихаттау, тұрғындарды дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға ынталандыру жергілікті билік органдары алдында тұрған міндеттердің бірі болып есептеледі. Бүгіндері ауданымызда 2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, балалар-жасөспірімдер кешені, велосипед спортынан олимпиадалық резервтегі балалар-жасөспірімдер мектебі, әртүрлі клубтар мен үйірмелер бар. Оларда 11 мыңнан астам адам спортпен жүйелі түрде айналысады. Үстіміздегі жылы Бескөл ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. Онда ойын түрлері үшін спорт, бокс және ауыр атлетика залдары болады. “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі өз қаржысының есебінен Новоникольское ауылында жаңа спорт кешенін салып жатыр.
Мемлекет басшысының “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауымен сабақтасып отырған биылғы бес институттық реформаны жүзеге асыруға арналған Ұлт жоспары барлық қазақстандықтардың алдына биік міндеттер қойып отыр. Мұны аудан тұрғындары жақсы түсінеді деп ойлаймын. Олар еліміздің жарқын болашағы жолындағы асқар асуларды бағындырудың бас жоспарында белгіленген 100 қадамды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға жұмылдырылатын болады.
Болат ЖҰМАБЕКОВ,
Қызылжар ауданының әкімі.