«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Серпінді даму жолында

Көпұлтты еліміз үшін биылғы жыл ерекше болып отыр. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы – егемен, жас мемлекетіміздің тарихындағы елеулі оқиға. Осы уақыт аралығында барлық республикадағыдай біздің ауданда да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында ішкі саяси тұрақтылық, азаматтық бейбітшілік және қоғамдық келісім орнады. Қазақстан әлемдік қауымдастықта лайықты орын алды. Біздің ел, шын мәнінде, көшбасшы мемлекетке айналды және барлық елдердің сенімді серіктесі ретінде танылуда. “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында белгіленген шаралардың ойдағыдай жүзеге асырылуы да мемлекетіміздің абыройын арттыра түсуде.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан да қалыптасу және даму жолын елімізбен бірге бастан өткерді, оның тұрғындары Елбасы айқындаған міндеттерді шешуге білек сыбана кіріскен. Ауданымыз 1997 жылы, яғни бұрынғы Көкшетау облысының үш ауданын біріктіру нәтижесінде құрылды. Осындай қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша ауданымыз көш бастап келеді. Жерлестеріміз Қазақстанның түкпір-түкпірінде ел байлығын еселеп, оның гүлденуіне өзіндік үлес қосып, абыройлы еңбек етуде. Бүгінгі таңда біздің ұлттық, идеологиялық, діни және өзге де ерекшеліктерге бөлінбейтін, біртұтас тату отбасына айналғанымыз анық. Осыған дәлел, ауданымыздың 100 жылдық тарихы бар көптеген елді мекендерінде жиырмасыншы ғасырдан бергі тарихи оқиғаларға куә болған түрлі этностар өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Мәселен, Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында мүсіреповтіктер де нағыз ерлік пен қайсарлық танытты. Соғыста қаза тапқан жауынгерлеріміздің рухына тағзым етіп, ардақты ардагерлеріміз бен тыл еңбеккерлерін құрметтеуді бір сәтке естен шығарған емеспіз. ҰОС-ның 65 жылдығына орай ауданда жерлес майдангерлеріміз туралы фотоальбом жарық көрді. Сондай-ақ, Жеңістің 70 жылдығында Новоишимское ауылындағы Жеңіс саябағын абаттандыру бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Ескерткіш қайта жаңартылып, “Мәңгілік Ел” стеласы тұрғызылды.

Өткен 25 жылда біздің аудан әлеуметтік-экономикалық салада, ұлттық мәдениетті қайта өркендетуде мол табыстарға қол жеткізді. Қай уақытта болсын, Ғабит Мүсірепов атындағы аудан астықты өлке ретінде танымал. Бүгінде 600 мың гектар алқапқа егін себіледі. Мемлекет қолдауының нәтижесінде аграрлық салаға жаңа технологиялар енгізіліп, машина-трактор паркі жаңартылуда. Егіс алқаптарына әлемдік өндіруші компаниялардың ауылшаруашылық техникалары жұмылдырылған. Егіс жұмыстарының 80 пайызға жуығы осы техниканың арқасында орындалады.

2012-2016 жылдар аралығында мал шаруашылығы саласы бойынша барлық көрсеткіштердің артқаны байқалады. Мәселен, биылғы жылдың 1 маусымында ірі қара мал басы 15 пайызға артып, 38,9 мыңды құраған. “Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру” жобасын жүзеге асыру нәтижесінде 7 мың сиыр, соның ішінде 3,2 мың бас асылтұқымды ірі қара сатып алынып, ет және сүт өнімділігі артты. “Возвышенка СК”, “Агрофирма “Приишимский”, “Ақселеу”, “Намыс”, “Агро-Есіл”, “Атамекен-Агро-Шұқыркөл” ЖШС-лерінде 6 асылтұқымды репродуктор ашылды. Биылғы жылдың өзінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында 462 млн. теңге қаржы бөлінді. Ауданда “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламалары да іске асуда.

Үстіміздегі жылдың 9 қыркүйегінде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы кооперацияны дамыту міндетін жүктеген еді. Бүгінгі күні ауданымызда 5 өндірістік кооператив құрылды, олардағы мал басының саны – 2600. Тағы бір кооператив сүт сатып алумен айналысады. Жақында олардың қатарына тағы 5 шаруашылық қосылмақ. Асылтұқымды бұқа сатып алуға және селекциялық іс-шараға 40 млн. теңге субсидия бөлініп отыр.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елімізде тұрғындар денсаулығын сақтауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның бір көрінісі ретінде 2011-2015 жылдар ішінде “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы іске асты. Оның нәтижесін біздің тұрғындар да сезінді, аудан дәрігерлері мен медициналық қызметкерлердің жемісті еңбегінің нәтижесінде ана мен бала өлімі тіркелген жоқ. Сол сияқты, білім беру саласының да сапасы артты. Соңғы жылдары “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 3 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді, 3 балабақша мен мектеп жанындағы 30-дан астам шағын орталық қайта жаңартылды. Ал “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында Пески және Буденное ауылдарында 250 және 90 орындық 2 білім ошағы пайдалануға берілді. 1 қыркүйекте аудан орталығында қазақ тілінде білім беретін 400 орынға шақталған мектеп-интернат ашылғанда қуанышымызда шек болмады.

“Қолжетімді тұрғын үй – 2020” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде жалпы ауданы 4182 шаршы метр 50 пәтерлік баспана құрылысы аяқталды.

“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының үшінші бағытын жүзеге асыру аясында 2011-2013 жылдары 60 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, осынша отбасы баспаналы болу бақытына кенелді. Сондай-ақ, 2009-2011 жылдары Новоишимское ауылында екі 12 пәтерлі (коммуналдық, ипотекалық) және бір 18 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.

Тұрғындардың саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлеміз. 2014 жылы аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылған күннен жұртшылық спортқа ерекше ден қоя бастады. Жеке инвестиция есебінен 56,3 млн. теңгеге салынған бассейн де тұрғындардың сүйікті орнына айналды.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру бойынша ауқымды іс атқарылуда. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай саябақ пен саяжол ашылды, аудан орталығындағы орталық саябақтың кіреберіс бөлігі қайта жаңартылды. Жол мәселесін шешу мақсатында арнайы жоспарымыз бар, 260 млн. теңге қаржыға 50 жобаны жүзеге асыру көзделген. Яғни, 30 елді мекенде жолмен бірге балабақша мен спорт алаңдары жөнделеді, көшелер жарықтандырылып, гүлзарлар абаттандырылады.

Бүгінгі күні біздің барлық күшжігеріміз Елбасының Қазақстанды бәсекеге қабілетті отыз мемлекеттің қатарына қосу жөнінде қойған мақсаттарын орындауға бағытталып отыр. Оған біз бір адамдай жұмыла еңбектенсек жетеміз. Қазақстанның гүлденуі әрқайсымызға байланысты.

Владимир ДУДОВ,

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp