Соңғы екі жылда Мамлют ауданының Бостандық ауылына оңтүстіктен он отбасы қоныс аударған. Оның жетеуі – дүнген, үшеуі – қазақ отбасылары. Олардың 15 оқушысы, мектеп жасына дейінгі 18 баласы бар. Мектеп директоры Айгүл Сарбасованың айтуына қарағанда, ауылдағы білім беру мекемесінде 65 оқушы оқып жатыр.
Жақында “Нұр Отан” партиясы, Ауыл шаруашылығы министрлігі және “Qazaqstan zamany” газеті ұйымдастырған “Ауыл” экспедициясы аталмыш елді мекенге барды.
Экспедиция жетекшісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ертай Айғалиұлымен мектепте кездесу өтті. Ол өзінің шығармашылық жолына қысқаша тоқталды. Жазушы сиясы кеуіп үлгермеген, әлі жеке жинақ болып жарыққа шықпаған “Ажал аралының тұтқыны” романын ағылшын тіліне аудартып, Лондонда ұйымдастырылып жатқан дүниежүзілік әдебиет байқауына жібергенін, таяуда жүлделі болғандығы жөнінде хабар келгенін де ортаға салды.
– Мен – Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы сіздер сияқты шалғай ауылдың тумасымын. Мектепте оқып жүріп, газетке мақала, кейін балаларға арнап әңгімелер жаздым. Сөйтіп, шығармашылығымды балалар жазушысы болудан бастадым. Бірнеше кітабым жарық көрді. Бүгінгі күні қызметтен бос уақытымның барлығын көрген-түйгенімді қағазға түсіруге арнаймын, – деді Ертай Айғалиұлы.
– Аға, мен де Жалағаш ауданындағы Еңбек ауылынанмын, – деп қалды жазушының сөзін қалт жібермей тыңдап отырған ұстаздардың бірі. Ол Гүлжайна Пірімбетова есімді жас ұстаз еді. Ауылындағы орта мектепті үздік аяқтап, “Серпін” мемлекеттік бағдарламасы бойынша М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ге қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығына оқуға түскен. Оны биыл аяқтап, жолдамамен осы ауылда еңбек жолын бастаған екен.
– Қызылжар өңірінде жүргеніме бес жылдай уақыт болып қалды. Осы өңірдің табиғатына бауыр басып кеттім. Алғаш рет ыстық жерден келіп, қыстың ұзақтығы мен суықтығына таң қалғаным рас, – дейді адамдармен тез тіл табысып кететіндігін ақжарқын кейпімен танытқан Гүлжайна қарындасымыз.
Университетте Гүлжайна Пірімбетова көптеген байқаулар мен сайыстарға қатысып, көзге түскен. Бостандық орта мектебінде де сол биіктен төмендемеуді мақсат еткен сыңайлы. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ бере жүріп, ғылыми жұмыстармен айналысады, спортпен шұғылданады. Жас ұстаз таяуда республикалық “Үздік педагог” онлайн олимпиадасына қатысып, екінші дәрежелі дипломмен марапатталыпты, Астананың 20 жылдығына арналған ұстаздар арасындағы тоғызқұмалақтан аудандық сайыста үшінші орын алған. Болгарияның София қаласында өткен халықаралық ғылыми конференцияға ұсынған “Үштілді білім беру” атты әдістемелік мақаласы топтама жинаққа енгізіліп, арнайы сертификатқа қол жеткізген. Аудандық жас педагог кубогы да Гүлжайнаның қанжығасына байланыпты. Шәкірттерді шығармашылыққа даярлауға да баса мән беретіндігі көрініп тұр. Аудан мұғалімдеріне алғашқы ашық сабағын көрсетіп те үлгеріпті.
Республикалық пән олимпиадасының аудандық кезеңіне қатысқан екі оқушысы облыстық сайысқа жолдама алған. Бірнеше шәкірті дипломмен марапатталыпты.
Мектеп басшылары да жас маманның алғашқы қадамына дән риза. Олар аз уақыттың ішінде оқушыларымен бірге ондаған диплом мен сертификатқа ие болған жас ұстаздың жеткен жетістігімен тоқтап қалмайтындығына сенімді.
– “Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында”, – деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап айтқандай, менің педагогикалық философиям қарапайым: төменнен жоғарыға жету үшін – аянып қалмау. Қабілетті балалардың қызығушылығын арттыру үшін шығармашылықпен айналысуларына жете көңіл бөлу. Сондықтан балаларды ойлай білуге үйретуді, өздеріне деген сенімін арттырып, жетістікке жетуге көмек көрсетуді ұстаздық парызым деп білемін, – дейді “Серпін” мемлекеттік бағдарламасының түлегі Гүлжайна Пірімбетова.
Нұрсайын ШӘРІП, журналист.
Мамлют ауданы.