Қызылжар ауданындағы Петерфельд ауылында орналасқан “Петерфельд – Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Чехиядан симменталь тұқымды сиырлар сатып әкелді.
Серіктестіктің атқарушы директоры Александр Фомичев асылтұқымды ірі қараны таңдау үшін шетелге арнайы барған. Іссапар сәтті болып, кәсіпкер сиырларды “Сыбаға” бағдарламасы арқылы сатып алды. Бес күннің ішінде елге жеткізілген ірі қаралар қазіргі таңда өңіріміздің климатына бейімделуде.
– Бүгінгі таңда сүт өндірісін дамытуды жоспарлап отырмыз. Сондықтан алдағы уақытта сүтті сиырлардың санын 500-ге жеткізетін боламыз. Қазір серіктестігімізде барлығы үш мыңға жуық ірі қара бар, – дейді Александр Фомичев.
Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Өмірбай Омаровтың айтуынша, үстіміздегі жылы Еуропа елдерінен әкелінген малға елімізде берілетін демеуқаржы 225 мың теңгені құрайды. Ал солтүстікқазақстандықтарға қосымша қаржы алу мүмкіндігі бар, яғни мал басына 337 мың теңге үстемеақы алады.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.