Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы ресми сапармен Қытай Халық Республикасына барды. Қазақстанның ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышевтің қолдауымен ұйымдастырылған бұл сапар — Қытайдың жетекші корпорацияларымен экономикалық, ғылыми-техникалық байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам. Бейжің қаласында осы елдің ең ірі мемлекеттік және жеке компанияларымен, сондай-ақ ғылыми-зерттеу орталықтарымен келіссөздер жүргізіліп, жеті стратегиялық меморандумға қол қойылды.
Сапар барысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «CITIC Construction Co., Ltd» компаниясының президенті Ян Цзяньцяньмен кездесу өткізді. Тараптар ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сондай-ақ тау-кен өндірісі саласындағы жаңа бағыттар жайын талқылады. 2026 жылы өңірде «Asyl Shugar» серіктестігі «CITIC Construction» компаниясымен бірлесе отырып, қант зауытының құрылысын бастайды. Екі компания арасында стратегиялық келісім бекітілді.
Сонымен қатар қазақ-қытай бірлескен ғылыми-аграрлық орталығын құру жөнінде келісім жасалды. Бұл – агросектордағы аймақтық мемлекеттік инвестициялық холдинг «Henan Agricul-tural Investment Group Co., Ltd» және М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың бірлескен жобасы. Орталық агротехнологияларды трансферлеу, қолданбалы зерттеулерді дамыту, сондай-ақ ғылым, білім және бизнестің интеграциясын қамтамасыз ететін маңызды алаңға айналады. Жергілікті университет пен «Chinese Academy of Agricultural Sciences» аграрлық технологиялар және ғылыми зерттеулер саласында ынтымақтастықты көздеп отыр. Жоба тәжірибе алмасуды, ауыл шаруашылығына цифрлық шешімдерді енгізуді, бірлескен зерттеу бастамаларын дамытуды, мамандардың біліктілігін арттыруды, сондай-ақ агросектордың тұрақты дамуына бағытталған инновациялық платформалар құруды қамтымақ.
Аспан асты елінде «Радуга» серіктестігі мен «Hubei Jigshan Light Industry Machinery Co» арасында жоғары технологиялық жабдықтарды жеткізу жөніндегі меморандум жасалды. Бұл әріптестік картон шығаратын зауыттың салынуын және өндіріс тиімділігін арттыратын заманауи технологияларды енгізуді қамтамасыз етіп, өңір экономикасының дамуына серпін береді.
Облыс экономикасы үшін тағы бір маңызды жоба – «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы «Ультрадекор» серіктестігінің ағаш өңдеу зауытын салуы. Осы орайда «China Nuclear Engineering & Construction Corp» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қытайлық компания құрылыс жұмыстарының бас мердігері болмақ.
2019 жылдан бері Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда «Kazmeel» серіктестігінің құрамажем өндіру зауыты тиімді жұмыс істеп келеді. Бұл – қытайлық «Beijing Xiyu Zehua» корпорациясымен бірлескен жоба. Ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мақсатында «Kazmeel» мен аудан әкімдігі өзара түсіністік туралы меморандумды бекітті.
Жел энергетикасын ілгерілету бағытында облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен жаңа энергетикалық технологиялар саласындағы жетекші компаниялардың бірі – «Haitai New Energy Group» арасында меморандумға қол қойылды. Бұл құжат – өңірде жел қуатын пайдалану жобаларын іске асырудың маңызды қадамы.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.