«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕРІНІҢ АУЫЛЫН САҚТАП ҚАЛАЙЫҚ

Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан “Рухани жаңғыру” бағдарламасының қазақ халқының көне тарихын қайта жаңғыртуға, ұлы мұраларымызды насихаттауға ықпалы зор. Өткен тарихқа тағзым жасау арқылы біз келешекке жоспар құрамыз, ертеңгі күнді бағамдаймыз. Бүгінгі күні еліміздің барлық аймақтарында осы бағытта тындырымды істер атқарылып жатыр. Бірақ әлі де шешімін күткен мәселелердің бар екенін де жасыруға болмайды.

Бабалар мұрасы сақталған қасиетті жер – Айыртау ауданында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ көп істердің басы қайырылды. Азаттықтың ақ таңы үшін ат үстінде күн кешкен Ағынтай мен Қарасай батырлардың жерленген жеріне арнайы мемориалдық кешен қойылды. Бүгінгі күні бұл жер туристер үшін тартымды орынға айналып отыр.

1993 жылы тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы қиындықтарға қарамастан, әнші, ақын, сазгер Ақан сері Қорамсаұлының 150 жылдық мерейтойы ел деңгейінде аталып өтілді. Алаштың аяулы перзентіне халқының құрметі зор екені белгілі. Осы мерейтойға орай барлық инфрақұрылымдары тартылған заманауи үлгідегі 70 жеке тұрғын үйі бар Ақан сері атындағы ауыл бой көтерген болатын. Бұл ауылдың әрбір үйіне су, жарық, жылу беріліп, өмір сүруге қолайлы жағдай жасалды. Мектеп, Мәдениет үйі салынды. Аудан орталығына дейінгі жол ғана емес, ауыл іші де асфальтталды. Ауыл төріне Ақан серінің ескерткіші қойылды. Ал бұл ескерткіштің авторы – елімізге әрі шетел жұртшылығына есімі белгілі мүсінші Төлеген Досмағамбетов еді.

Ақын ауылына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан және Қырғызстан президенттерімен бірге арнайы келген болатын. Мемлекет басшысы өз сапарында болашақта еліміздің барлық ауылдары дәл осылай көркейіп, гүлденуі қажет екенін айтқан. Өкінішке қарай, бүгінгі күні сәулеті мен дәулеті келіскен ауылдың тоз-тозы шығып отыр. Бұл жерде бар болғаны 15 отбасы өмір сүріп жатыр. Екі қолға бір күрек таба алмаған жұртшылық жұмыс іздеп жан-жаққа көшіп кетті. Осы жылдар ішінде Ақан сері секілді халқымыздың аяулы перзенті дүниеге келген ауданды жеті әкім басқарды. Олардың ешқайсысы да бұл ауылға өз деңгейінде көңіл бөліп, жұмыссыздық мәселесін шешуді ойлаған жоқ.

Үстіміздегі жылғы қараша айында Ақан серінің туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың асыл перзентінің мерейтойын лайықты түрде атап өту ойластырылмай отыр. Биыл ауданның 90 жылдық торқалы тойына орай ұйымдастырылған шаралар барысында Ақан серінің есімі аталып жатты. Бірақ ауыл жұртшылығы өмірі мен өнері аңызға айналған белгілі тұлғаның есімін ардақтап, лайықты құрмет көрсету қажет деп ойлайды. Ақан сері кімнен кем, ол кейінгі ұрпақ ұлықтауға әбден лайық тұлға. Өз заманында өнеріне ел-жұрты сүйсінген ардақты ұлды ұмыт қалдыру жерлестеріне ғана емес, жалпы қазақ халқына үлкен сын. Сондықтан мерейтойы да өз биігінде аталып өтілуі тиіс.

Ақан сері ескерткіші еліміздің тарихи нысандар тізіміне еніп, республика меншігіне берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінгі күні Айыртау ауданындағы Шоқан Уәлиханов пен оның әжесі Айғанымның қонысына мектеп оқушыларының саяхаты ұйымдастырылып жатыр. Әрине, бұл игі шараның өскелең ұрпақтың ұлттық құндылықтардан ажырамауына ықпалы зор екені сөзсіз. Ендеше, киелі орындар тізіміне Ақан серінің ауылы да кіргізілсе, саяхатшылар ақын ескерткішіне тәу етсе, барымыз бүтінделіп, жоғымыз түгенделе түспей ме?!

Тұрғын СЫЗДЫҚОВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp