Соңғы уақытта Сирия мен Иракта орын алған бірқатар маңызды оқиғалар аймақта сең қозғалып, қалыптасқан жағдайдың түбегейлі өзгере бастағанының нышаны болуы мүмкін. Аймақта террорлық топтарға қарсы біріктірілген күш-жігердің нәтижесінде сағы сынып, қалаларға бекінген содырлар қоршауға алынып, оларға жойқын соққылар берілуде. Террорға қарсы бағытталған шабуылдардың арқасында экстремистік топтардың әрекеттері бытыраңқы сипат алып, өзге аймақтарға ығыстырыла бастады.
Осы ретте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 22 қараша күні беделді «Bloomberg» агенттігіне берген сұхбатында Сирия мен Ирактағы халықаралық коалиция тарапынан ығыстырылуы мүмкін ИШИМ терроршыларының жақын жатқан Ауғанстанға, тіпті, Орталық Азияның оңтүстік өңірлеріне ойысу ықтималдығы бар екеніне баса назар аударып, оңтүстіктегі көрші мемлекеттерге қысым жасалған жағдайда еліміздің де тыныштығына нұқсан келетінін ашық айтты. Мемлекеттердің лаңкестікпен бірлесіп күресуі қажеттігі де осы сұхбат барысында атап көрсетілді.
Расында, алдағы кезеңдерде Алеппо мен Мосулдың лаңкестерден босатылу мүмкіндігін негізге ала отырып, келешекте Раққа және Идлибте де жүргізілуі ықтимал кең ауқымды әскери операциялардың қысымымен содырлар ығысып, көрші елдермен қатар, Орталық Азия аймағы үшін де қауіп төндіруі әбден ықтимал.
Соңғы бір аптада Сирияның ірі экономикалық орталығы – Алеппоның шығысында қоршауға алынған қарулы оппозиция күштеріне Сирия үкімет әскерлері нәтижелі шабуыл жасап, оппозиция иеленген аумақтың кемінде үштен бір бөлігін, тіпті, жартысына жуығын басып алды және «Жәбхат Фатх әш-Шам» (бұрын «Сириядағы әл-Каида», «Нусра» деген аттармен белгілі), «Ахрар әш-Шам» және «Еркін Сирия армиясы» құрамындағы қарулы топтардан қаланың солтүстік-шығысындағы 13-14 ауданды кері қайтарды. БҰҰ берген мәліметтерге сәйкес, 30 мыңға жуық бейбіт тұрғын Асад әскерлері мен күрд жасақтары орналасқан қаланың батысына қарай қашып үлгерген. Әртүрлі дерек көздері қашқан кісілер санының 50-90 мың екенін айтады. Алеппоның шығысында әлі кемінде 150 мыңға жуық бейбіт тұрғын қалуы мүмкін. Оппозициялық күштер қаланың оңтүстік-шығысына қарай ығыстырылып, бірнеше ауданда қоршауда қалды.
Таяу Шығыс институтының сарапшысы, Лион 2 университетінің зерттеулер жөніндегі директоры, Сирия бойынша белгілі маман Фабрис Баланш Шығыс Алеппоға жасалған соңғы шабуыл бетбұрысты кезеңнің, түбегейлі өзгерістердің басы екенін алға тартады. Сарапшы Трамп әкімшілігі ресми түрде билікке келгенге дейін Асад режімі мен Ресейдің Алеппоның барлық аумағын оппозициядан толық босатуға ұмтылып отырғаны туралы жазады.
Шығыс Алепподағы оппозиция өкілдерінің шегінісі мен жартылай жеңілісінің себебі, Сирия үкіметі әскерінің бір уақытта бірнеше нүктеден шабуыл жасауына байланысты оппозицияның қорғанысы бытыраңқы сипат алып, содырлардың күші әлсіреген. Оппозиция өкілдері «Әш-Шарқ әл-Аусат» газетіне берген сұхбатында айтылғандай, қаланың солтүстік-шығысындағы «Еркін Сирия әскерінің» құрамына енетін кейбір жасақтардың белгілі себептермен басқа операцияларға қатысуға байланысты өз шептерін тастап кетуі Алепподағы оппозицияны қатты әлсіретіп жіберген.
Алеппода қоршауға түскен Сирия қарулы оппозициясын нысанаға алған Сирия үкіметі бірнеше ай бойы шабуылдарын үдетіп отыр. Әлбетте, Сирия үкіметінің әскері өз күшімен мұндай ірі әскери жетістікке қол жеткізе алмас еді. Бұған дейін Сирия әскеріне Ресей ғарыш күштерінің, Иран және «Хезболла» жіберген жасақтардың әскери қолдау көрсетіп келгені белгілі. Үкімет әскерлері Алеппоның шығысындағы әуежай және қаланың солтүстігінен шабуылдарды үдете түсуі мүмкін. Қаланың толық азат етілуі Сирия үкіметі әскерінің 2012 жылдан бергі ең ірі жеңісі болатыны сөзсіз.
Алеппо құлаған жағдайда бұл «Еркін Сирия армиясы» деп аталатын оппозициялық топтар коалициясына ауыр соққы болады. Мұндай жағдайда Сириядағы оппозициялық, шетелдік, салафи, жихадшыл және тағы басқа топтар Идлиб маңына ығыстырылады, ал ИШИМ содырлары Раққа жаққа шоғырланып, шешуші соғысқа дайындалуы мүмкін. Аймақта саяси-әскери тепетеңдік күрт өзгереді. Сирия үкіметі үлкен аумақты қадағалауға мүмкіндік алады.
Дегенмен, «Жәбхат ән-Нусра», «Ахрар әш-Шам» сияқты радикалды топтар «Жейш Халаб» (Алеппо армиясы) коалициясына бірігіп, әзірше қаланы босату жөніндегі ұсыныстарды қабылдамай отырғаны туралы ақпарат таралды. Сирия үкіметінің өкілдері де шабуылдың келесі кезеңі ғимараттар мен тұрғындар тығыз орналасқан аудандарда өтетіндіктен, операцияның өте күрделі болатынын біліп отыр. Бұл әскери шабуылдардың қоршаудағы мыңдаған қарапайым сириялықтар үшін гуманитарлық салдарлары өте ауыр болатыны айтпаса да түсінікті.
Жойқын әуе шабуылдарынан бейбіт сириялықтардың да зардап шегіп, кісі өлімі күрт артқанын халықаралық басылымдар жазды. Қазірдің өзінде интернетте таралған бейнематериалдардан көшеде жатқан мәйіттерді көруге болады.
Тіпті, Франция Сирияда гуманитарлық апаттың орын алғанын алға тартып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізуге шақырды. БҰҰ өкілдері жағдайдың «қорқынышты» сипат алғанын мәлімдеп, жедел гуманитарлық жәрдем көрсету мүмкіндіктерін қарастыруда. БҰҰ өкілдері Ресейдің қалада төрт гуманитарлық дәліз ашуды ұсынғанын көлденең тартты. Сирия Араб Республикасында қарсыласушы тараптарды татуластыру жөніндегі Ресей орталығы таратқан ақпаратқа сәйкес, Сирияның мыңнан астам елді мекенімен татуласу туралы келісімге қол қойылған, гуманитарлық көмек көрсету мәселелері де қолға алынуда.
Бұған дейін Алеппоның солтүстігіндегі Кастелло жолы арқылы жүзеге асырылуы тиіс кең ауқымды гуманитарлық операциялар 17 қыркүйекте АҚШ бастаған халықаралық коалицияның Сирияның Дейр әз-Зор қаласындағы Сирия әскеріне қарсы жасаған әуе шабуылынан кейін дереу тоқтатылған еді. Жуырда Пентагон аталған шабуылды ұйымдастыруда қателік кеткенін мәлімдеді.
Осы жылы АҚШ пен Ресей Сириядағы террористік топтармен күресу саласында ынтымақтастық туралы екіжақты келіссөздер өткізгені, алайда, қыркүйек-қазан айларынан бері тараптар дұрыс келісімге келе алмағаны белгілі. Екі держава Сириядағы қарулы оппозиция өкілдері мен террористік топтарды бір-бірінен ажырату керектігін түсінгенімен, өкінішке қарай, қазірге дейін практикалық тұрғыдан нақты нәтижеге қол жеткізілмеді. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Дж.Керри мен Ресейдің сыртқы істер министрі С.Лавров арасында Сириядағы «Жәбхат ән-Нусра» (Сириядағы әл-Каида) мен ДАИШ террористік ұйымдарына қарсы бірлескен әскери операциялар жүргізу және барлау ақпаратымен алмасу жөніндегі келіссөздер аяғына дейін жетпеді.
Осы аптада Аланияда өткен екіжақты кездесулерде де Алеппода соғысты тоқтатудың қажеттілігі баса айтылып, гуманитарлық жәрдем және саяси транзит туралы сөз болғанымен, Ресей жағы Шығыс Алеппода террорға қарсы операциялардың тоқтатылатынын ашық айтпады. Бұл ұстанымды Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі В.Чуркин де растап отыр.
Айта кету керек, Шығыс Алепподағы операциялар АҚШ-та президент сайланып, билікте жаңа ауыс-түйістер болып жақтан кезде жүргізіліп отыр. Келесі жылдың қаңтар айының 20-сы күні инаугурация өткеннен кейін Д.Трамп сыртқы саясатқа, әсіресе, Сирия мәселесіне белсене кірісуі мүмкін.
АҚШ пен Ресей келісімге келе алса, алдағы жылы бұл бағытта шешуші қадамдар жасалуы мүмкін. Сайлауалды кезеңде Д.Трамп Таяу Шығысқа, оның ішінде Сириядағы жағдайға қатысты өз көзқарастарын ашық айтқан. Мәселен, Трамп Вашингтон Сирия соғысына араласудан, Таяу Шығыс елдерінің тұрақтылығына нұқсан келтіретін қадамдардан өзін алыс ұстау керектігін мәлімдеп, ИШИМ-ге қарсы күресте АҚШ-тың Ресеймен бірге жұмыс істеуі керектігін жайып салғантын. Пентагон мен Орталық барлау агенттігінің жекелеген өкілдері Ресейге қысым көрсетуді жалғастыра беру керектігін ұсынуы ықтимал. Алайда, соңғы жағдайлар мұндай шешімдердің Сириядағы ахуалды тым күрделендіріп, БҰҰ бастаған халықаралық қоғамдастықты тығырыққа тірейтіні анық.
Өз кезегінде Ресей Президенті В.Путин де жуырда өткен Федералды жиында сөйлеген сөзінде Мәскеудің халықаралық терроризммен күресу саласында АҚШ-пен күш біріктіруге әзір екенін, сонымен қатар, АҚШ-тың жаңа әкімшілігімен ынтымақтастыққа мүдделі екенін мәлімдеген еді. В.Путин «Ресей мен АҚШ-тың жаһандық және халықаралық мәселелерді шешудегі ынтымақтастығы бүкіл әлемнің мүддесіне сай келеді», – деді. Сондай-ақ, Ресей президенті екі алып елдің халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты, ядролық қаруды таратпау жөніндегі режімді сақтауға жауапты екенін атап көрсетті.
Араб әлеміндегі ең ықпалды басылым «Әш-Шарқ әл-Аусат» газеті «соңғы кездегі бірлескен шабуылдардың нәтижесінде ДАИШ ұйымының Сирия мен Ирактағы ықпалы азайып, оның орнына бірте-бірте «Әл-Каиданың» стратегиялық тұрғыдан қайтадан күшейіп келе жатқаны» туралы жазды. «Өйткені, ИШИМ-ге қарағанда «Әл-Каиданың» идеологиялық мазмұны тереңірек, көшбасшылары да пісіп-жетілген» делінген мақалада. Демек, бұл – халықаралық терроризммен күресудің маңызы әлі де артып отыр деген сөз.
Сирияда соғыстың тоқтатылуы, жалпы, әлемдегі халықаралық жағдайдың тұрақтануы екі ірі державаның ұстанымдары мен жауапкершіліктеріне тікелей байланысты. Сирия мемлекеті тек Асадтың мүдделерінен ғана құрал-майтыны сияқты, Сирияда халықтың бір бөлігіне қатер төндіруі мүмкін өте күрделі мәселелерге, әсіресе, Ресей мен АҚШ үлкен мән бергені аса маңызды. Өйткені, бейбіт тұрғындар зардап шексе, жан жарасы ұлғайып, ірі мемлекеттердің террормен күресу мақсаттарына көлеңке түсіріп, халықаралық қоғамдастықтың сенімсіздігін тудырады. Сонымен қатар, Сирияда соғыс аяқталғаннан кейінгі кезеңде елдегі қандай да бір шешімді АҚШ-тың рөлін есепке алмай жүзеге асыру өте қиын. Сондықтан, ірі державалар ақылды шешімдер қабылдап, келіспеушілік тудырған мәселелерді дипломатиялық жолдармен бірге реттеп, аймақты шарпыған алапат оттың алдын алмайтын болса, бұдан жақын маңда ешкімнің де ұтпайтыны анық.
Сондықтан болар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 30 қараша күні АҚШ президенті Д.Трамппен телефон арқылы сөйлесу барысында Америка көшбасшысына Ресеймен ынтымақтастықты үш бағытта дамытуға болатынын атап айтты. Олардың біріншісі – халықаралық терроризмге қарсы бірлесіп күресу мәселесі. Елбасымыз терең саяси тәжірибесіне сүйеніп, Сириядағы жағдайдың алдын алмаса, бұдан АҚШ пен Ресейдің ұтпайтынын, әсіресе, Еуропа мен Орталық Азия өңіріне қауіп төнетінін жақсы түсініп отыр. Бұл жайтты «Le Monde» газеті де растап, Сирияда соғыстың ұзаққа созылуы Еуропада мигранттар санының артуына және ДАИШ-тың Батыста өз жақтастарын табуына алып келетінін жазды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін БҰҰ, ЮНЕСКО, ШЫҰ және ИЫҰ деңгейінде өткен кездесулері, ірі мемлекет басшыларымен жеке әңгімелесулері кезінде үнемі халықаралық лаңкестік, әсіресе, Сирия мәселесін қозғаумен қатар, терроризмге қарсы бірлесіп әрекет етуге бағытталған нақты шешімдер ұсынып, игі бастамалар көтеріп келеді. Мәселен, БҰҰ жанынан халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы бірегей әлемдік жүйе құрып, бұл жөнінде арнайы құжат қабылдау керектігін тұңғыш рет Елбасы айтты. «Ислам терроризмге қарсы» идеясын көтерген Қазақстан Президенті экстремизмге тек мәдениетаралық және дінаралық үнқатысу арқылы ғана қарсы тұруға болатынын да айтудан еш жалыққан емес.
Қазақстан Республикасының 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланғаны белгілі. Елбасының халықаралық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған терең идеялары мен ұтымды ұсыныстары мемлекетіміздің халықаралық аренадағы беделін арттыра түсетіні сөзсіз.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,
шығыстанушы.