Құдай берген көркіне көңілі толмай, пластикалық ота жасатуды арман ететін жастар аз емес. Әсіресе, 25-35 жас арасындағы қыз-келіншектердің көбі осындай “сырқатқа” шалдығып жатады. Әрине, бүгінгі медицинаның дамыған заманында қалтасы қалыңдарға бұл айтарлықтай өзекті мәселе емес. Бірақ сұлулықты сатып алуға бола ма? Бүгінгі сауалнамамыз осы төңіректе өрбитін болады.
Альбина, 22 жаста:
– Маған өз кескін-келбетім ұнайды. Табиғатымнан осындай болып жаратылған екенмін, неге оны өзгертуім керек. Адамның жан дүниесі сұлу болса, бет-әлпеті де әдемі болады. Бастысы, дұрыс тамақтанып, таза ауада көп жүру керек. Сонда денсаулық та мықты болып, өзіңізді сұлулардың сұлуындай сезінесіз. Ал “мұрным пұшық, аяғым қисық, құлағым қалқан” дегендей сөздерді желеу етіп, ота жасату, меніңше дұрыс қадам емес.
Жанар, 27 жаста:
– Қыздар әрдайым әдемі болып жүруі керек. Сыртқы кескін-келбет адамның қасындағылармен қарым-қатынасына, жұмыс барысына көп әсер етеді. Сондықтан да, мүмкіндік болып тұрса, неге пластикалық ота жасатып, жас көрініп жүрмеске? Қазір медицина саласы күн санап алға басуда. Мұрынды ұзартып, аяқты түзетіп, ерінді үлкейтіп алуға мен қарсы емеспін. Қайта көпшіліктің назарын өзіңе қаратып, әрдайым сұлу болып жүресің. Басқалар саған қызыға да, қызғана да қарайтын болады. Оның несі жаман. Тек алдын ала бәрін ойластырып, білікті маманның көмегіне жүгіну керек.
Сауалнаманы жүргізген
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.