«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОЛТҮСТІКТЕ ӨНДІРІЛГЕН СҰЙЫҚ МАЙ

Май – адам ағзасындағы жасушалар мен тіндердің қалыпты құрылымдық құрауышы, көмірсулар мен нәруыздар сияқты тағамның негізгі кұрам бөлігі. Майлы тағамдарға сарымай, мал майы және өсімдік майы жатады. Бұл мақаламызда біз күнбағыс майының пайдасы мен зияны туралы айтатын боламыз.

Ғалымдар күнбағыс дәндерін ежелгі үнді жерінен тапқан. Оларды ұсақталған ұн тәрізді күйінде пайдаланып, косметикалық мақсатта және нан пісіру үшін қолданған.

Ғалымдардың зерттеуінше, күнбағыс майы иммунитетті арттырып, ісік ауруларының даму қаупін, рациондағы холестерин деңгейін азайтады. Күнбағыс майын мөлшерімен тұтынған адамдар ми мен жүрек- қантамыр жүйесі ауруларына аз шалдығады екен.

«Адамға тәулігіне 50-70 грамм май тұтыну қажет. Майсыз тағаммен қоректену жүйке жүйесі қызметінің бұзылуына, иммунитеттің төмендеуіне әкеліп соқтырады. Сұйық майдың биологиялық белсенділігі басқа майлармен салыстырғанда жоғары. Адам организмі қанықпаған май қышқылдарын өздігінен синтездей алмайтын болғандықтан, оларды даяр күйінде тағаммен бірге қабылдау керек. Мысалы, сұйық майдың құрамында Е дәрумені және қан тамырларында холестериннің жиналуына кедергі келтіріп, атеросклерозды болдырмайтын зат – β-ситостерин кездеседі. Тазартылмаған (рафинадталма ған) май құрамында организмге аса қажет фосфолипидтер бар», – дейді тағамтанушы Асқар Молдашев.

Май – ағзаға қуат беретін астың жұғымы. Май ақуыздарды, тұздарды, сондай-ақ майды ерітетін дәрумендерді ағзаның қалыпты сіңіруі үшін аса қажет. Тамақтағы майдың біраз бөлігі адамның денесіндегі май қорын жасауға жұмсалады. Организмнің майды қажетсінуін қанағаттандыру майдың түрі мен сапасына байланысты. Асқар Молдашев мал майы мен өсімдік майының бір-бірін толықтыра түсетінін айтады. «Биологиялық жағынан алғанда тәулігіне аспен бірге қабылданатын майдың 70 пайызы мал, 30 пайызы өсімдік майы болғаны дұрыс. Тамақ рационындағы майдың нормасы кісінің жасына, кәсібіне, ұлттық тамақтану ерекшелігіне, ауа райының жағдайына қарай белгіленеді», – дейді маман.

Облысымызда сұйық май өндіретін бірнеше зауыт бар. Олардың қатарына «Масло- Дел», «Тайынша май», «Жақсы май», «Династия агро», «Аgro Grain SK» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері кіреді.

Отандық май өнімдерін шығаратын ірі компаниялардың бірі – жергілікті «Масло-Дел» компаниясы. «Масло-Дел» ЖШС Қазақстандағы майлы дақылдар мен сүт өнімдерін ең ірі өңдеуші кәсіпорын саналады. 1999 жылы негізі қаланған «Масло-Дел» компаниясы 26 жылдан бері өз тұтынушыларына жоғары сапалы өнім ұсынып келеді.

Компанияда «Жайлау», «Дельное», «OLIVE» сұйық майлары өндіріледі. Тұрғындардың таңдауы көбінесе бағасы қолжетімді «Дельное» күнбағыс майына түседі.

– Біздің ұстанған басты қағидамыз тұтынушыларды жоғары сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету. Дұрыс тамақтануды және саламатты өмір салтын ұстануды көздейтін жандарға өз өнімдеріміз арқылы қамқорлық жасағымыз келеді. Кәсіпорында жылына 150 мың тоннадан астам сұйық май өндіріледі. Біздің өнімдеріміз елімізден бөлек алыс-жақын шетелдерге де жөнелтіледі, – дейді «Масло- Дел» ЖШС-ның директоры Қанат Нұрпейісов.

Рабиға ЕРАЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp