Облыс орталығында соңғы жылдары спорттық кешендер саны әжептәуір көбейді. Алайда, қысы алты айға созылатын өңірде осы мезгілге сай спорт түрлерімен айналысуға арналған нысандар санаулы ғана. Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Петропавл қаласының 20-шы шағынауданында ашылған “Petrogorki” экстремалды саябағы – өңір тұрғындарының тау шаңғысымен шұғылдануына мүмкіндік беретін бірден-бір орын.
Саябақ Есіл өзенінің бойында орналасқан. Кешен директоры Василий Шуньконың айтуынша, нысанды салу жұмыстары екі жылға созылған. Қазір мұнда бір уақытта 50-60 адам демалысын қызықты өткізе алады.
– Шаңғы жолының ұзындығы 300 метрді құрайды. Өз қаражатымызға салынған жобаның құны – 15 миллион теңге. Шаңғышылардың спорттың аталмыш түрімен айналысуы үшін аспалы жол тартылған. Шанамен сырғанау және сноутюбингке арналған жолдың да бар екенін айта кету қажет. Барлық жабдықтар, яғни аспалы жол, сноубордтар, шаңғы және арнайы спорттық аяқкиім Еуропа елдерінен сатып алынды, – дейді кәсіпкер.
Василий Шуньконың өзі қырық жылдан астам уақыттан бері альпинизм және құзға өрмелеу спортымен айналысып келеді. Ол – “Солтүстік Қазақстан облысының альпинизм, құзға өрмелеу және туризм федерациясы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Петропавл қаласындағы №7 орта мектепте құзға өрмелеу үйірмесіне жетекшілік етеді. Өскелең ұрпақты биік шыңдарды бағындырудың сан алуан әдіс-тәсілдеріне, қыр-сырына үйретуде. Тәрбиеленушілері де спорттық бәсекелерде жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Атап айтқанда, нұсқаушының үш шәкірті – спорт шеберлігіне үміткер, тағы екеуі – ел құрамасының мүшелері. Сонымен қатар 2009 жылы өзінің ұлы Андрей Шунько Францияның Валенс және Шотландияның Эдинбург қалаларында өткен әлем біріншіліктеріне қатысқан. Сондай-ақ, Алена Курдюкова есімді шәкірті әуесқой спорттың осы түрінен ұйымдастырылған республикалық чемпионаттың жеңімпазы.
Экстремалды саябаққа келушілер қатары күн санап көбеюде. Нұсқаушылар – Василий Шунько мен Игорь Матюгин келушілерге шаңғы тебудің тәртібін үйретеді.
– Ауа райы жылы және демалыс күндері қысқы кешенге келушілер қатары көбейеді. Жалпы қала тұрғындарының тау шаңғысымен, сноубордпен айналысуға деген қызығушылықтары зор, – дейді кәсіпкер.
Біздің облысымыз – туризм саласын дамытуға қолайлы өңірлердің бірі. Себебі, ақ қайыңдар өлкесінің көрікті жерлері таңдай қақтырады. Бұл орайда жергілікті тау шаңғы кешенінің де болашақта еліміздің басқа қалалары мен алыс және жақын шетелден келетін туристерді тамсандыра алатын нысанға айналатынына сенім мол.
Алдағы уақытта шаңғы тебу, сноуборд және сноутюбингке арналған жолды кеңейту, конькимен сырғанауға арналған мұз айдынын салу, бұл кешенге келетін адамдарға шай ұсынатын автоматты қондырғыларды орнату, қарағай көшеттерін отырғызу және құзға өрмелеуге арналған жабдық орнату ойластырылуда.
Болашақта жеткіншектерге арналған тау шаңғы мектебін ашу да жоспарланған. Әрине, ол жас буынның спорттың бұл түрімен шұғылдануға деген талпынысын оятуға ықпал етуі тиіс. Сондай-ақ, облыстағы мектептердің оқушылары үшін дене шынықтыру пәндерін аталмыш саябақта өткізу бастамасы да бар.
“Petrogorki” экстремалды саябағына алғаш рет келген қалалық классикалық гимназияның 7 “а” сыныбының оқушысы Диас Шынтеміровтің айтуынша, кешенде шаңғы тебу және сноуборд үшін барлық жағдай жасалған. Нұсқаушылар да келушілерге осы спорттың бүге-шігесін үйретуде.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.