«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОЛТҮСТІКТІҢ ҚҰШАҒЫ КЕҢ

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Шымкент қаласына барып, шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовпен кездесті. Шымкент қалалық және Түркістан облыстық мәслихаттарының депутаттары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары қатысқан кездесу барысында күнгей өңір тұрғындарын өңірімізге көшіру мәселесі талқыланды.

Сонымен қатар өңір басшысы Шымкент қаласының тұрғындарымен әңгімелесіп, облысымызда баспанамен қамту бағытында атқарылып жатқан игі шаралар және бос жұмыс орындары жайлы мәлімет берді.

– Солтүстік Қазақстан облысының жері құнарлы, шөбі шүйгін. Майлы дақылдарды өндіруде және экспорттауда республика бойынша бірінші орындамыз. Бүгінге дейін облысымызға еліміздің әр түкпірінен 2700-дей адам қоныс аударып келсе, соның жартысы Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары. Демографиялық өсімі жоғары өңірдің екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтарын қабылдауға дайынбыз. Осы мақсатта арнайы штаб құрсақ деген ойымыз бар, – деді Құмар Іргебайұлы.

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Құмар Ақсақаловтың ұсынысына қолдау білдіріп, бірге жұмыс істеуге ықыласты екенін айтты.

Оңтүстікқазақстандық жастарды ауыл шаруашылығы және басқа да саладағы бос жұмыс орындары қызықтырып отыр. Жиын барысында олар мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндіктері туралы сұрап білді. Сондай-ақ, Құмар Іргебайұлы шымкенттік жастарды “Серпін” бағдарламасы аясында теріскейде оқуға шақырды.

– “Серпін” бағдарламасымен жастарды оқытуға дайынбыз. Олар оқуларын тамамдағаннан кейін біздің өңірімізде үш жыл қызмет етуі керек. Ал жастар бұл мерзім өткен соң облысымызда қалып, отбасын құрса, жас шаңыраққа міндетті түрде баспана беріледі, – деді Құмар Іргебайұлы.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp