«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОЛТҮСТІКҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов Петропавл қаласында “Мұнаймаш” акционерлік қоғамының жұмысшыларымен кездесу өткізді. Кездесуге, сондай-ақ, Т.Сыздықовтың Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аймақтық сайлауалды штабының өкілдері қатысты.

Тұрғын Сыздықов кездесуге қатысушыларды өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі қағидаларымен таныстырды. Сонымен қатар, ол ХІХ ғасырдағы ғылыми коммунизмнің негізін қалаушылар – Карл Маркс пен Фридрих Энгельс тарихи тәжірибеге сүйене отырып, қоғамдық дамудың объективті заңдарын жасай келе, адами қоғамды жаңа коммунистік формацияға көшіру қажеттігін теориялық негізде дәлелдеп бергенін атап өтті.

“Біз ғылыми коммунизм идеясын жалғастыруға қарай үлкен қадам жасадық. Дамудың көпкезеңді жолдарынан өттік. Партияда партиялық бұқараны бақылау, оны бюрократияландыруға жол бермеу, даму үрдістерін болжау, өзгерістерді дер кезінде ескерудің тұрақты тетіктері жұмыс істейді. Мұның бәрі өмірдің тұрмыстық қажеттіліктерінен туындап, бұқараның шынайы шығармашылығына негізделеді”, – деп көрсетілген Т. Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасында.

Сонымен қатар кандидаттың сайлауалды бағдарламасында Батыс мәдениеті мен құндылықтарының көлеңкелі әсері жайында мәселе көтерілген.

“Жаһандық компьютерлендіру мен батыстың электрондық БАҚ-тары қоғамның сана-сезімін улап, адамдардың арасына іріткі салу үшін индивидуализм принципін насихаттауда, бұл өз кезегінде ғаламшардың мәдени тұтастығының құлдырауына алып келуі мүмкін.

Еуропалық елдерде тұтынушылық қоғам құрылымдарының қалыптасуынан туындаған Батыс мәдениетінің дағдарысы батыстық өркениеттің әмбебап құндылықтар мен әлеуметтік тұрмыс-тіршілік нормаларына деген наразылықтарына қарама-қайшы келуде.

Батыстың кемшіліктері, әсіресе, мәдениет саласында анық байқалады. Себебі, тұтыну, әлеуметтік құбылыс ретінде, көп жағдайда материалдық қажеттілікті қанағаттандыруды өмірдің мәні деп қарастыратын құндылықтар мен идеялар жүйесіне негізделген”, – деді Тұрғын Сыздықов.

Кездесу соңында кандидаттың Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аймақтық сайлауалды штабының жетекшісі Сергей Мартемьянов жиынға қатысушыларға жүргізіліп жатқан насихат жұмыстары жайында айтып берді.

“Штабымызда сенімді өкілдер анықталды. Олар барлық ақпараттық жұмыстарды жүргізетін болады. Нақтыланған жұмыс жоспарымыз бар. Бірқатар кездесулер мен іс-шаралар өткізу көзделген, – деді С.Мартемьянов.

* * *

Қазақстан коммунистік халықтық партиясынан ұсынылған Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында кандидат Т. Сыздықов өзінің сайлауалды тұғырнамасының басты екі бағыты – коммунистік партия қызметінің негізгі қағидаттары және батыстық мәдениет пен батыстық өмір сүру салтының теріс әсері туралы әңгімелеп берді.

Одан бөлек, кандидат Т.Сыздықов аграршылардың жұмысының, сонымен қатар дұрыс тамақтанудың маңыздылығын атап өтіп, батыстық фаст-фудтың зияны мен сапасыздығына кеңінен тоқталды.

“Мұндай тағамды тұрақты тұтынудан туындайтын зиян ішімдіктің немесе шылым шегудің салдарынан кем түспейді. Алайда, фаст-фуд салынған пакеттің сыртында денсаулыққа келтіретін зияны туралы ешқандай ескерту жоқ.

Дұрыс тамақтану мәселесі әр кез өзекті болып қала бермек, ол – денсаулық негізі. Батыс елдерде халықтың фаст-фудқа деген қызығушылығы семіздікке шалдыққан адамдардың санын еселеп жатыр. Сондықтан да Батыста жүрек-қантамыр аурулары адам өлімінің басты себебіне айналды”, – деді Т.Сыздықов.

Өз кезегінде ҚКХП облыстық комитетінің жетекшісі С.Мартемьянов жиналған жұртты аймақтық сайлауалды штабтың жұмыс жоспарымен таныстырды.

Қорытындылай келе, Тұрғын Сыздықов кездесу қатысушыларына алғысын білдіріп, оларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге жағымды ауа райы мен егістік науқанында сәттілік тіледі.

(Ресми ақпарат).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp