«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОЛТҮСТІКҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ СҮЙЕКТЕРІ ТАБЫЛДЫ

Мен, Украина елінің азаматы, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгердің ұлымын. Әкем – Оңтүстік майданның пулеметшілер бөлімі, шаңғышылар батальонының аға сержанты Александр Архипович Москаленко Донецк облысының Александровка ауданындағы Варваровка елді мекенін жаудан азат ету шайқасында қаза тапқан. Ол кескілескен ұрыста көрсеткен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. 

Мен көп жылдар бойы әкемнің жерленген жерін іздеумен болдым. Тынымсыз іздеу шараларының арқасында аталмыш елді мекендегі бауырластар зиратынан әкемнің сүйегімен бірге табылған 7 жауынгердің есімдерін анықтадық. Қазірде қалған 145 жауынгердің сүйегі қазып алынғанымен, олардың кім екенін анықтау мүмкін болмай отыр.

Содан бері қан майданда қасық қаны қалғанша жаумен айқасып, Бауырластар зиратында жерленген сарбаздардың есімдерін анықтауды өзіме азаматтық борыш санадым. Сөйтіп, соңғы 7 жылдың ішінде 91 боздақтың есімін анықтадым. Олардың ішінде қазақстандық жауынгерлер де бар.  

Солардың бірі – 317-ші атқыштар дивизиясы, 571 атқыштар полкінің байланыс взводының командирі, кіші лейтенант Николай Трофимович Котляров. Ол Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. 1916 жылы Рузаев ауданының Рузаев ауылында дүниеге келген. Николай Трофимович 1942 жылдың 18 қаңтарында майдан даласында қаза тауып, Варваровка ауылындағы бауырластар зиратында жерленген. Тағы бір солтүстікқазақстандық жауынгер – 15-ші танк бригадасының 2-ші мотоатқыштар-пулеметшілер батальонының бөлім командирі, кіші сержант Зейнолла Мұхамеджанов та сол күні, сол жерде жерленген.

Қазіргі уақытта мен жетекшілік ететін Павлоград қаласының №12 орта мектебінің “Поиск” іздеушілер тобы бауырластар зираттарында жерленген жауынгерлердің туған-туысқандарын іздестіру үстінде.

Сондай-ақ, Александровка ауданы әкімшілігінің шешімімен бұған дейін есімі анықталмай келген жауынгерлердің есімдері Варваровка ауылындағы бауырластар зиратында ашылған мемориалдық тақтаға жазылатын болып шешілді.

Алексей МОСКАЛЕНКО,

Павлоград қаласының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp