«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының Батырлары

Павел КОВАЛЕНКО

1917 жылы Есіл ауданының Чириковка ауылында дүниеге келді. Бастауыш сыныпты бітірген соң Ворошиловград облысының Сватово қаласына отбасымен көшіп кетеді. Жүргізуші, моторшы болып жұмыс істеді. 1941 жылғы маусымда майданға аттанды. Сол жылдың күзі мен қысында Коваленко Мәскеуді қорғауға қатысты.

Хастенюк-Юрьев селосы маңындағы шабуыл кезінде де Коваленко өзін батыл да ержүрек командир ретінде көрсете білді. Дивизия басшылығы Коваленконың тапқырлығын, әскери шеберлігін ескеріп, оны Қызыл Ту орденімен марапаттады. Могилев жеріндегі шайқастан соң омырауына ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені тағылды.  

Одан кейін Коваленко Александр Невский және І дәрежелі Отан соғысы ордендерін алды.

1944 жылдың 28 маусымында Коваленко Могилев қаласының шетіне бірінші болып кірді. Ол қолма-қол шайқасқа түсіп, жаудың бір офицерін, бес солдатын өлтіріп, екі минометке ие болды. Жауынгердің бұл ерлігі фашистерді дүрліктірді. Ал шабуылдап келе жатқан полк сенімді түрде алға ұмтылды. Осы ұрыста Коваленко жаудың автомашинасын, жеті радиостанциясын қолға түсірді.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығымен Коваленко Кеңес Одағының Батыры атанды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ол Сватово қаласында тұрды. Онда гараж меңгерушісі болып жұмыс істеді.

1949 жылы 24 тамызда дүниеден озды. Осы қаладағы және Есіл ауданындағы Чириковка ауылының көшелерінің бірі оның есімімен аталады.

Василий НЕКРАСОВ

1924 жылы 21 қыркүйекте туған. Оның кіндік қаны тамған жер – қазіргі Айыртау ауданының Карловка ауылы. 6-сыныпты бітірді. Еңбек жолын Приморье өлкесіндегі цемент зауытынан бастады. Майданға 1943 жылы алынды.

Некрасов 13-ші армия 74-ші атқыштар дивизиясы 360-шы атқыштар полкінің автоматшысы болды. Фашистермен кескілескен ұрысқа 1943 жылдың қыркүйегінде кірісті. Немістер қаншама лап қойғанымен, біздің сарбаздар еш сескенбей, ажал оғын жаудырды. Әсіресе, Некрасов мүлт кетпеді. Жаулар жата қалғанда орнынан атып тұрып, атойлаған да сол болды. Кескілескен ұрыста ол 12 фашисті жайратты.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1943 жылғы 16 қазандағы Жарлығымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сонымен қатар Некрасов Александр Невский, I дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін офицерлер құрамын жетілдіру және “Атыс” курстарында оқыды.

1972 жылы запасқа шығарылды. Ол өмірінің соңына дейін Краснодар қаласында тұрды.

(“Солтүстікқазақстандықтар

Ұлы Отан соғысы жылдарында”

кітабынан алынды).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp