«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының Батырлары

Филипп ЧИЖИКОВ

1923 жылы Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Қызылжар ауданындағы Березовка ауылында туған. Филипп ата-анасынан жастай айрылды. Ол Архангелка балалар үйінде тәрбиеленді.

Кіші командирлер курсын бітірген соң 1942 жылдың шілдесінен бастап майданға алынып, Оңтүстік-Батыс майданы 6-шы армиясының 25-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында болды.

1943 жылғы қазанда Днепрдің оң жағалауына (Солонян ауданы, Войсковое селосы) өтіп, 25-ші атқыштар дивизиясы плацдармды кеңейту үшін шабуылды бастады. Бөлімнің ұрысқа кіріскен алғы легінде болған гвардия сержанты Филипп Чижиков өз пулеметімен 30-дан аса гитлершіні жер жастандырды.

Днепрден өту кезіндегі ұрыста Чижиков ауыр жараланды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен жерлес жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Жарасынан сауыққан соң кіші лейтенанттар курсын аяқтаған Чижиков 3-ші Украин майданының 69-шы атқыштар дивизиясына дивизион барлау взводының командирі болып жіберілді. Австрияны, Венгрияны азат етуге қатысты.

1945 жылғы қарашада әскер қатарынан босатылған Филипп Васильевич Түмен облысының Ишим қаласында тұрып, қоғамдық тәртіп күзеті басқармасында қызмет істеді. Одан кейін Воронеж облысының ішкі істер басқармасында қызметін жалғастырды.

Ол бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталды.

Борис УЩЕВ

1915 жылы Петропавл қаласында туған. Омбы қаласында оқыды. Одан кейін Амур облысының Свободный қаласында тұрды. 1935 жылы Ленинград темір жол көлігі инженерлерінің институтына түсті. 1937 жылы жоғары әскери-теңіз училищесінің курсанты болып қабылданды. Оны 1939 жылы бітіріп, Балтық флотында торпедо катерінің командирі болды.

Жас лейтенант Ущев соғысты Таллин қаласында бастады. Балтық флотының кемелері осында еді. Соғыстың алғашқы айында немістің “Солтүстік” тобы 8-ші армияның қорғанысын бұзып, Фин шығанағына қарай өтіп кетті. Эстонияда соғысып жатқан кеңес әскерлері Ленинградқа қарай соғыса отырып, шегініп бара жатқан негізгі күштерінен бөлініп қалды. Осындай жағдайда Кеңестің Жоғары бас командованиесі Балтық флотына Таллинді қайткен күнде де қорғауға бұйрық берді. Өйткені, бұл бөлініп қалған әскерлерді жабдықтаудың және оларды бері көшіріп алудың жалғыз мүмкіндігі болатын.

1941 жылғы 28-29 тамызда біздің теңізшілердің Таллиннен Кронштадқа жорығы кезінде Ущев “Максим Горький” крейсерін сәтті қорғай алды. Өзіне тапсырылған кемелерді бастап барған Б.Ущевтің катерлері Моонзунд аралдарына оралды. Осы жерде олар жаудың теңіз жолдарын бұзып, соғыс кемелерін, десант баржаларын суға батырды.

1942-1944 жылдары Ущев жаудың теңіз жолдары мен базаларын миналауда 51 операция өткізді. 1500-ден аса мина қойылды. Қойылған миналарға тегі анықталмаған кемелердің жарылғаны байқалды. Операция кезінде өзі екі рет жараланды.

Аса қиын қоршау жағдайындағы белсенді соғыс қимылдары, шайқастардағы табандылық пен ерлік үшін торпедолы катерлердің бірінші дивизионына гвардиялық атақ беріліп, осы дивизионның екінші отрядының командирі Б.Ущевке екі Қызыл Ту ордені, 1-ші дәрежелі Отан соғысы ордені, “Ленинградты қорғағаны үшін” медалі тапсырылып, ол 3-ші дәрежелі капитан атағын алды.

Неміс-фашист басқыншыларына қарсы шайқастарда көрсеткен өжеттігі мен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 22 шілдедегі Жарлығымен Борис Петрович Ущевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Ол соғыстың соңғы күніне дейін шайқастарға қатысты. Соғыс біткен соң әскери-теңіз академиясы жанындағы курсты тамамдап, 16 жыл бойы Балтық флотында қызмет етті.

Жерлес майдангер 1997 жылы қайтыс болып, Петербург қаласында жерленді. Соғыстың алғашқы жылдарында Батыр қызмет еткен катер Балтық теңізшілерінің ерлігінің ескерткіші ретінде тұғырға қойылды. Петропавл көшелерінің біріне оның есімі берілді.

(“Солтүстікқазақстандықтар
Ұлы Отан соғысы жылдарында”
кітабынан алынды).
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp