«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының Батырлары

Владимир САВВА

1923 жылы қазіргі Тайынша ауданындағы Мироновка ауылында дүниеге келді. Орта мектепті Жамбыл облысындағы Мерке ауылында тамамдады. 1942 жылы Гомель жаяу әскерлер училищесін бітірді.  

1943 жылдың күзінде В.Савва Днепрден өтуге бұйрық алды. Оның батальоны мақсатты жерге жету үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланды. Өзеннен балықшының қайығымен өтуге бел буды. Жауған оққа қарамастан, жауынгерлік тапсырма орындалды. Капитан В.Савва басқарған батальон маңызды шепке ие болып, бүкіл полктің Днепрден өтуіне жол ашты.  

Днепрден өтіп қана қоймай, фашистерді Батысқа қарай шегіндірген олардың ерлігін Отан жоғары бағалады.

240-шы атқыштар дивизиясы 842-ші атқыштар полкінің батальон командирі, капитан В.Савваның сол жолғы ерлігі жоғары бағаланып, оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. ІІ дәрежелі Отан соғысы, екі рет Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталды.

Майор В. Савва 1947 жылы қайтыс болды. Мәскеудегі Новодевичье зиратында жерленді. Жамбыл облысындағы Мерке ауылының Мерке орта мектебіне оның есімі берілді. Мектеп ғимаратының қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды.

Григорий ТИХОНОВ

1912 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Князево ауылында туған. Оңтүстік-Орал темір жолында паровоздың машинисі болып істеді. 1934-1938 жылдары Қызыл Армия қатарында болды. 1940 жылы Кеңес-Фин соғысына қатысты.  

1941 жылдың маусымынан бастап Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты. 62-ші атты әскер полкінің эскадрон командирі кезінде Гомель облысында көзге түсті.

1942 жылдың 16 қыркүйегінде оның атты әскері Десна өзенінен өтіп, Мена қаласына бірінші болып кірді. Эскадрон бірнеше селоларды азат етіп, Чернигов қаласына келіп жетті. Атты әскерлердің екі бүйірден және тылдан соққан екпініне фашистер шыдай алмады. Олар бас сауғалауға мәжбүр болды. “Бірінші май” кеңшарының тұсында немістер қарсы шабуылға шықты. Мұнда да атты әскерлер жеңіске жетті. Чернигов қаласы азат етілді.

Атты әскерлер полкі Днепрге де жетті. Түн ортасында Тихоновтың атты әскерлері Усохи селосына келіп кірді. Мұнда да фашистерді шегіндірді.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Александр Невский, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталды.

1944 жылы 13 ақпанда ұрыс даласында қаза тапты. Мозырь қаласында жерленген. Осы қаладағы Даңқ қорғанына оның есімі жазылған ескерткіш тақта орнатылды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp