Андрей ХИМЕНКО
1915 жылы Аққайың ауданындағы Елизаветовка ауылында туған. … Висладан өтіп, плацдармды басып алу кезінде рота парторгі, гвардияның қатардағы жауынгері Андрей Хименко төрт жауынгермен бірге суға түсті. Жаудың оқты қарша боратқанына қарамастан, сарбаздар өзеннен өтті. Олардың соңынан Висланың батыс жағалауына ротаның өзге жауынгерлері де шықты.
Парторг Хименко соғыстың жүздеген шақырымдық жолдарын жүріп өтті. 1944 жылы 30 шілдеде неміс басқыншыларымен ұрыстарда көрсеткен ерліктері үшін ол “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды.
1944 жылы 2 тамызда рота командирі ауыр жараланды. Жау қарсылығын үдете түсті. Осындай қиын кезде Хименко ротаны басқарып, сарбаздарын соңынан ертті. Жараланғанына қарамастан, жеке өзі оннан астам фашисті жайратты, біреуін тұтқынға алды. Жүзден астам солдатынан айрылған жау кейін шегінді. Хименконың ерлігінің нәтижесінде жау тобы талқандалып, рота алдына қойылған міндет аз шығынмен орындалды.
Андрей Максимович оған КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасының Жарлығымен Батыр атағы берілген күнге жете алмады. 1944 жылғы 6 қазанда Подосье селосының түбінде болған ұрыста 5-ші рота парторгі Хименко ерлікпен қаза тапты.
Хименко Польшаның Эдуардов селосында жерленді. Оның есімі әскери бөлімнің мәңгілік тізімінде тұр. Петропавл қаласында оның атында көше бар.
Михаил ЯНКО
1922 жылы Айыртау ауданындағы Всеволодовка ауылында туған.
1944 жылы Әскери теңіз авиация училищесін бітіріп, Тынық мұхит флотының авиациясына жіберілді.
Тынық мұхит флоты Әскери-әуе күштері 12-ші шабуылдаушы авиациялық дивизиясы 37-ші авиаполкінің авиация звеносының командирі, кіші лейтенант М.Янко үш рет әуеге көтерілді.
1945 жылдың күзінде Қиыр Шығыста ұрыстар жүріп жатты. Жапондар бірнеше рет қарсы шабуылдарға шықты. Олардың жанкештілері Қызыл Армияның офицерлері мен генералдарын аңдыды.
Ал әуеде кіші сержант Михаил Янко Солтүстік Кореяның Расин айлағының үстінде көзге түсті. 10 тамызда жаудың көлігін байқап қалған ұшқыш дереу шабуылға шықты. Оның бомбасы нысанаға дөп тиді. Жаудың кемесі суға батты. Ұшағына оқ тиіп, бірден жана бастады. Ұшқыш та, атқыш та парашютпен секіріп, аман қалуға болатын еді. Бірақ олар ұшақта бомба барын білетін еді. Оны пайдаланып қалудың амалын жасады. Лапылдап жанып келе жатқан ұшағын әскери айлаққа бағыттады. Жаудың маңызды нысаны аспанға бір-ақ ұшты. Ержүрек экипаж Отан алдындағы тапсырмасын бұлжытпай орындады.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 14 қыркүйектегі Жарлығымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Владивосток қаласы мен Володаровка ауылында батырдың есімімен көшелер аталған. Қиыр Шығыста Теңіз-балық шаруашылығының бір кемесіне Янконың есімі берілген.
(“Солтүстікқазақстандықтар Ұлы Отан соғысы жылдарында” кітабынан алынды).