«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының Батырлары

Гавриил КИРДИЩЕВ

1919 жылы Ақмола облысының Алексеев ауданындағы Приозерное ауылында туған. Содан кейін ата-анасымен бірге Петропавл қаласына көшіп келіп, 7 сыныпты бітірді. Петропавл станциясының депосында еңбек етті. 1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылды.  

1944 жылдың шілдесіндегі кеңес әскерлерінің Белоруссиядағы шабуылдары діттеген жерден шығып жатты. Шілденің 1-інде кіші лейтенант Гавриил Кирдищевтің заставасы Рудница селосында тынығып жатқанды. Майдан алдыңғы жақта, алыста еді. Қалжырағаныңда қиын-ақ, десе де шекара әскерлерінде қызмет істеу Гавриил Федотович пен оның жауынгерлерін сақтыққа, кез келген жағдайда және кез келген жаумен тайсалмай айқаса кетуге дайын тұруды үйреткен болатын. Күзет орындарын аралап өткен застава бастығы селоға қарай келе жатқан немістер тобын байқап қалды. Шамасы, бір ротадан кем емес, ал Кирдищевтің заставасындағылардың саны – 30. Ұбақ-шұбақ болып келе жатқан немістер сәлден кейін тізіліп, қоршай бастады.

– Застава, ұрысқа! – деп Кирдищев бұйрық берді. Тыныштықты автоматтар мен пулеметтердің бытырлаған оқтары бұзды. Фашистер жерге жабыса қалып, мылтықтарына кезек берді. Немістер сан жағынан әлдеқайда басым еді және де өздері аянбай, табан тіресе атысты. Гавриил Федотович шекарашылардың бір шоғырын іріктеп алды да, немістерді айналып өтуге кірісті. Олардың бүйірінен келіп тиген бұлар айқасты өз пайдаларына шешті.  

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылдың 24 наурызындағы Жарлығымен күші басым жауды жеңуді қамтамасыз еткен жеке өжеттігі, қайсарлығы мен ерлігі, әскери шеберлігі үшін кіші лейтенант Гавриил Кирдищевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Александр КАРУШИН

1923 жылы Петропавл қаласында әскери қызметшінің отбасында туған. 1929 жылдан бастап Свердловскіде тұрып, орта мектепті, кейін Троицк ұшқыштар мектебін тамамдаған.

1943 жылдың наурызынан бастап майданға қатысқан. Воронеж, Харьков, Орел-Курск бағытындағы ұрыстарда шайқасып, Корсунь-Шевченко, Яссы-Кишинев операцияларына, Румынияны, Югославияны, Венгрияны азат етуге қатысты.

1943 жылдың 11 шілдесінде оның ұшағына оқ тиді, Александр Федоровичтің өзі ауыр жараланды. Соған қарамастан, ұшағын қондыра білді. 28 тамызда жауынгерлік тапсырма кезінде тағы да оның ұшағына оқ жаудырылып, ұшқыш қолынан жараланды. Бұл жолы да ол тапсырманы орындады.

1943 жылдың қазан-қарашасында ол 38 рет жаудың бекінісінің үстінен ұшып өтті. 3 қарашада Киев қаласының солтүстігінде 5 танкті, 8 автомашинаны, отыз шақты фашисті жойып жіберді.

Ленин, екі рет Қызыл Ту, Александр Невский, I дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, Югославияның II дәрежелі “Партизан жұлдызы” орденімен және көптеген медальдармен марапатталған.

167-ші гвардиялық шабуылдаушы авиациялық полкінің (10-шы гвардиялық авиациялық дивизия, 2-ші әуе армиясы, 1-ші Украин майданы) эскадрилья командирі, гвардия лейтенанты А. Карушинге 1943 жылғы 15 наурыздан бастап, 1944 жылғы 20 шілдеге дейін 104 рет жауынгерлік тапсырмамен көтеріліп, ерлік пен батырлық, тапқырлық танытқаны үшін Кеңес Одағының Батыры деген атақ берілді.

1951 жылы Әскери-әуе академиясын аяқтады. Авиацияның запастағы генерал-майоры 1993 жылы қайтыс болып, Мәскеу қаласында жерленді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp