Владимир
ОВСЯННИКОВ
1923 жылы Петропавл қаласында туған. 7 сынып бітірген. Одан кейін Куйбышев қаласында тұрды. 1942 жылдан бері Қызыл Армия қатарында болды. Сол жылы Пенза қаласындағы артиллерия-миномет училищесін бітірді.
Соғысқа 1942 жылдан қатысты. Үш рет жараланды. Воронеж майданындағы 40-шы армияның 1664-ші танкіге қарсы артиллериялық жойғыштар полкінің штаб бастығының көмекшісі, аға лейтенант Владимир Овсянников Красная Лука деревнясындағы (Полтава облысының Годяча ауданы) 2-ші батареяға тікелей басшылық жасады. Екі рет жараланса да, ұрыс даласын тастамай, батареяға басшылық жасай берді. Көптеген қаруластары мерт болып, зеңбіректің оқтаушысы да, көздеушісі де өзі болды.
Снаряд таусылған кезде Овсянников жауынгерлерін жетіп үлгерген жаяу әскермен бірге шабуылға бастап шықты. Қарсы шабуылды тойтарып, жаяу әскердің алға жылжуын қамтамасыз еткен ұрыста ол қаза тапты.
Кеңес Одағының Батыры атағы оған 1943 жылғы 23 қазанда қаза тапқаннан кейін берілді. Ол Полтава облысының Годяча ауданындағы Красная Лука деревнясының батыс жақ шетіне жерленді.
Филипп НИЖУРИН
1913 жылы қазіргі Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Ефремовка ауылында туған. Ташкент облысының Сырдария кентінде еңбек етті.
1941 жылы қан майданға кірді. 214-ші атқыштар дивизиясы 302-ші жеке барлау ротасы атты барлаушылар взводының командирі, гвардиялық аға сержант Одер өзенінен өту кезінде көзге түсті. 1945 жылғы 17 қаңтарда барлаушылар фашистермен шайқасқа түсті. Олар он фашисті тұтқындап, құнды мәліметке қанықты.
Тағы бір жолы аға сержант Нижуриннің взводына жаудың артиллериялық орындарын және жаяу әскерге қарсы кедергілер жүйесін анықтау тапсырылды. Барлаушылар осы бір қиын тапсырманы да орындай білді.
25 қаңтарда Нижуриннің барлаушылары өзенге бірінші болып табандарын тигізді. Өзеннен өту кезінде Нижуриннің взводы 128,2 жотасына бірінші болып бекінді. Олар бораған оқтың астында қалды. Фашистер жотаға он бір рет ұмтылып, ала алмады. Нижуриннің взводы дәлдеп атып, фашистерді шегіндірумен болды.
1945 жылдың 3 наурызында ұрыс кезінде қаза тапты. Польшадағы Оттендорф селосында жерленді.
1945 жылы 10 сәуірде КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
(“Североказахстанцы: Герои Советского Союза.
Кавалеры ордена Славы. Генералы”
кітабы бойынша дайындалды).