«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының Батырлары

Алексей РОЙ

1922 жылы қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Гаршино ауылында туған.

6-шы гвардиялық механикаландырылған бригаданың барлау ротасының взвод командирінің көмекшісі, гвардиялық старшина. Венгриядағы Дьер қаласының іргесіндегі ұрыстарда көзге түсті. Ол басқарған барлаушылар тобы 20 фашисті тұтқындады.

Оның жауынгерлік жолы қиындықтарға толы болды. Азов арқылы Кубаньға шегінді де, одан кейін Будапешт пен Венаға жетті. Бірге туған бауыры Отан үшін мерт болды. Жүздеген жолдастары жан тапсырды.

Соғыстың соңы көріне бастаған кез. 1945 жылдың 14 сәуірінде барлаушылар тобына Венадан Корнейбург қаласына апаратын жолдағы көпірді алуға бұйрық берілді. Барлаушылар түн жамылып, ондағы сақшыны қапыда қалдырды. Блиндажда жатқан фашистерді де бір демде қырып салды.

Рой фашистерді көпірден өткізбеді. Танктерді де тоқтатты. Отқа оранған олар көпірді істен шығарды. 3 танк, 11 бронетранспортер қиратылды. Жүз шақты фашист оққа ұшып, 12-сі тұтқынға алынды.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1946 жылғы 15 мамырдағы Жарлығымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Екі рет І дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталды. Соғыстан кейін Ростов облысында тұрды.

Михаил МАЛИЕВ

1923 жылы Пермь облысының Кунгур қаласында туған. Соғыстың алдында туысқандарымен Петропавл қаласына көшіп келген. 1941 жылы Малиевті Петропавлдың әскери комиссариаты Қызыл Армия қатарына шақырды. 1942 жылы әскери-инженерлік училищені бітіреді.

Майданға 1943 жылы кірді. Шабуыл операциялары кезінде су шептерінен ойдағыдай өту көбіне-көп инженерлік әскер жеке құрамаларының іскерлігі мен батылдығына байланысты. 127-ші жеке понтонды-көпір батальонының (Дала майданының 1-ші понтонды көпір бригадасы) взвод командирі, лейтенант Малиев ерекше батылдығымен көзге түсті. 1943 жылғы 16 қарашада Переволочна селосы маңында (қазіргі Полтава облысының Кобелянск ауданының Светлогор селосы) Днепрден өту кезінде қарсыластар өткелді оқ астына алса да, понтонды-көпір бригадасының саперлері ерекше ұстамдылық пен іскерлік көрсетіп, судан тоқтаусыз өтуді қамтамасыз етті.

Бұршақтай бораған оқтың астында киімдерін шешіп тастап, водолаз костюмінсіз паромның тартпа тросының болттарын босату үшін ол тереңдігі алты метр суға үш рет сүңгіді. Негізгі жұмысы бітіп, паромның жалпақ табаны су бетіне көрінуге шақ қалған еді. Бірақ лейтенантқа көмектесіп жүрген саперлер өз командирін су бетінен көре алмады. Алға қойған міндетін орындағанымен, өзі қаза тапты. Оған Кеңес Одағының Батыры атағы 1944 жылы 22 ақпанда берілді.

(“Североказахстанцы: Герои Советского Союза.

Кавалеры ордена Славы. Генералы”

кітабынан алынды).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp