Николай ПОДОРОЖНЫЙ
1924 жылғы желтоқсанда Петропавл қаласында дүниеге келген. Соғысқа кірген алғашқы күннен-ақ Николай Подорожныйды барлаушылық баурай берді. Бірақ ол бірден барлаушы болмады. Бұл арманы ысылған жауынгер болғанда ғана жүзеге асты.
Орел, Брянск, Коростень… Подорожныйдың жорық жолдары жеңіл болған жоқ.
Бір топ жауынгерлер 1945 жылғы 22 сәуірде тәулік бойы жаудың шабуылына тойтарыс берумен болды. Подорожныйдың өзі ерлік пен батылдық үлгісін көрсете жүріп, жігіттердің жігерін жани түсті. Пулеметшілер жараланғанда қаруды өзі қолға алды. Жанкешті топқа тың күш келіп қосылғанда олар алға лап беріп, жау бекінісін басып алды.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 15 мамырдағы Жарлығымен Одер өзенінен өту кезінде көрсеткен өжеттігі мен ерлігі үшін Николай Алексеевичке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол соғыс жылдарында 18 мәрте марапатқа ие болды.
Николай Подорожный Жеңісті Эльбада қарсы алды. Соғыстан соң да алғы шепте болды. Өзінің бай тәжірибесін жас шекарашыларға үйретті. Кейін әскерден босанып, Махачкалаға келіп, Дағыстан университетінде оқыды, ұстаздық етті.
Анатолий КОВАЛЕВСКИЙ
1916 жылы Чернигов облысында туған. Ұлты украин. Жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін техникумға түсті. Оның екінші курсында оқып жүргенде 1933 жылы әскер қатарына шақырылып, бронетанк училищесіне жолдама алды. Оны бітіргеннен кейін лейтенант Ковалевский ерекше мақсаттағы жеке дивизияның бірінші мотомеханикаландырылған полкінің взвод командирі болып қызмет етті. 1938 жылы оның әкесі қуғын-сүргінге ұшырады, ал Анатолий әскерден босатылып, облысымыздың Успенка ауылына көшіп келді.
1939 жылы ақ финдермен соғысуға сұранған оның өтінішін Булаев аудандық соғыс комиссариаты қанағаттандырды. Танк взводының командирі 1941 жылдың қысында Мәскеудің түбінде неміс экипажын тұтқынға алып, жаудың жарамды танкін сүйреп әкеледі.
1-ші Украин майданы 60-шы армия 152-ші жеке танк бригадасының командирі Висла-Одер операциясы кезінде көзге түсті. 1945 жылғы 17-19 қаңтарда Краков бағытындағы шабуылды білгірлікпен ұйымдастырды. Оның бригадасы қалаға алғашқылардың бірі болып еніп, жауға үлкен соққы берді. 26 қаңтарда Польша жерінде қолына автоматын алып, танкистерді шабуылға көтерді. Сол шайқаста өзі мерт болды.
Оның бөлімшесі Сталинград түбінде, Курск иінінде, Украинада кескілескен шайқастарға қатысты. Польша мен Чехославакияны азат етушілер қатарында болды.
1945 жылы оған (қаза тапқаннан кейін) Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Үш рет Қызыл Жұлдыз, екінші дәрежелі Кутузов, бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды.
Львов қаласында жерленді.
(“Североказахстанцы: Герои Советского Союза.
Кавалеры ордена Славы. Генералы”
кітабынан алынды).