«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының Батырлары

Григорий МИХЕЕВ

1919 жылы Петропавл қаласында туған. 1937 жылы облыстық комсомол комитетінің арнайы шақыруымен авиацияға жіберіледі. 1939 жылы Краснодардың әскери-авиациялық училищесін бітірді. 1941 жылдың маусымында Отан қорғаушылар қатарына қосылды. Батыс майданда жаудың жылжып келе жатқан колонналары мен өткелдерін бомбылауға қатысты. Жау авиациясының басымдығына қарамастан, Михеевтің жауынгерлік тапсырманы орындамаған кезі болған жоқ. 1942 жылғы 1 маусымда Михеев жоғары шеберлікке ие әрі ерік-жігері күшті штурман ретінде 10-шы жеке авиациялық барлау пунктіне жіберіледі.

Волхов, Ржев, Зубцов, Погорелов-Городиш аймағында жүргізілген операциялардың жүзеге асуына Михеевтің түсірген аэро-суреттерінің көмегі көп тиді. 1941 жылғы 22 маусымнан 1943 жылғы 6 наурызға дейін Михеев 114 рет жауынгерлік тапсырмамен ұшып, оның 104-ін ойдағыдай орындап шықты. Соның ішінде бомбылауға – 27 рет, алыс қашықтыққа 87 рет шыққан екен. Осы уақыт ішіндегі әскери іс-қимылдары үшін 1942 жылғы 23 маусымда Михеев Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталып, 1943 жылғы 24 мамырда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

Василий МОСКОВЕНКО

1915 жылы қазіргі Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Гаршино ауылында туған. 1938 жылы Сталинград әскери авиация училищесін бітірді.

2-ші Әуе армиясы 7-ші гвардиялық истребительдік авиция дивизиясы 1-ші авиаполкінің звено командирі, гвардия аға лейтенанты 1945 жылдың мамырына дейін 175 рет әуеге көтеріліп, 14 ұшақты атып түсірді.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 27 маусымдағы Жарлығымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

1951 жылы ұшқыштардың жоғарғы офицерлік мектебін бітірді. Житомир қаласында тұрды. Ленин, екі рет Қызыл Ту, 1-ші және 2-ші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды.

В.И. Московенконың майдандағы жолы Мәскеу түбінен басталып, Берлинге шабуылмен және Праганы азат етумен аяқталды.

Жаудың ұшқыштары мен зенитшілері оның ұшағын үш рет құлатты. 1942 жылдың мамырында әуедегі ұрыс кезінде ол бес рет жараланса да, ұшағын біздің әскерлер тұрған жерге қондыра білді. Дәрігерлер оған бес рет далада ота жасап, қайтадан қатарға қосып отырды.

1954 жылы денсаулығына байланысты отставкаға шығып, Житомир қаласында тұрды.

(“Североказахстанцы: Герои Советского Союза.
Кавалеры ордена Славы. Генералы”
кітабынан алынды).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp