«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының Батырлары

Иван КУРЕНКОВ

1919 жылы Нижегород облысындағы Крутой-Майдан селосында туған. Кузбастың шахтасында жұмыс істеді.

Майданға Екінші дүниежүзілік соғыстың екінші жылында шақырылды. 132-ші атқыштар дивизиясы 605-ші полкінің взвод командирі, кіші лейтенант И.Куренков 1943 жылдың 5 қыркүйегінде Сейм өзенінен өткенде 30 фашистің көзін жойды. 18 қыркүйекте оған ротаны басқару міндеті жүктелді. Ол бастаған сарбаздар 50 немісті жер жастандырды.

Днепр өзенінен өту кезінде ол асқан ерлік көрсетті. Ол өзеннің жау әскерлері орналасқан арғы жағасына алғашқылардың бірі болып жүзіп өтті. Жаудың 20-ға жуық сарбазын құртты. Қару-жарақтарын да қолға түсірді. Нәтижесінде оның ротасы дивизияның өзеннен өтуіне жол ашты.

Майданда көрсеткен ерлігі үшін Иван Куренковқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1943 жылғы 17 қазандағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

1955 жылға дейін Ленинск-Кузнецк қаласында тұрды. Тың игеру жылдарында Қызылжар ауданында еңбек етті.

1970 жылы қайтыс болды.

Вениамин КОШУКОВ

1922 жылы Түмен облысының Ильинка селосында туған. 1928 жылы оның отбасы облысымызға көшіп келді. 8-сыныптан кейін химия-технология техникумын, одан соң Орынбор әскери әуе мектебін бітірді.

Жас лейтенант Кошуков 1942 жылдың қыркүйегінде 190-шы бомбалаушы әуе полкі жауынгерлерінің қатарын толықтырады.

Таулы жердегі күрделі жағдайда он төрт рет ұшуды ойдағыдай орындағаны үшін лейтенант 1943 жылдың 17 ақпанында Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды. Сол жолы 41 автомашинаны, жүгі бар 8 керуенді, 2 зенит артиллериясын, 80 фашисті жойды.

1943 жылдың 6 қарашасында тағы да Қырымның аспанына көтеріліп, жаудың қарсы шабуылын тойтарды. Сонымен бірге жаудың жаяу әскері мен танктері тұрған жерді көріп келді де, екінші рет әуеге көтерілгенде үш танкті, үш автомашинаны істен шығарды.

Жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындағаны үшін Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Ол барлығы 87 автомашинаны, баржаны, паровозды, 10 танкті, 17 артиллериялық қаруды, миномет батареясын, дзотты жойып жіберді. 6 дотты талқандады.

Қан майданда көрсеткен өжеттігі мен қаһармандығы үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 13 сәуірдегі Жарлығымен Вениамин Кошуковқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

1944 жылдың мамырында аға лейтенант Кошуков 4-ші Әуе армиясы 214-ші Қызыл тулы бомбалаушы әуе дивизиясының 622-ші Севастополь полкі әуе эскадрилиясының командирі болып тағайындалды.

Қаһарман ұшқыш 1944 жылғы 19 шілдеде ұрыс кезінде қаза тапты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp