«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Солтүстік- қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары

Алексей ДМИТРИЕВ

1912 жылы Айыртау ауданындағы Карасевка ауылында туған. 1938 жылы әскер қатарына шақырылды. 1941 жылы майданға кірді. Әсіресе, 1943-1944 жылдардағы шайқастарда көзге түсті.

Алексей Дмитриев 1941 жылы Брянск майданында фашистермен шайқасты. Батыс майданда да болды, ал 1944 жылы Белорус майданының құрамында ұрыстарға қатысты. Ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды.

Слизновозно селосы тұсында 214-ші гвардиялық артиллериялық полкінің екінші дивизионының командирі ерекше көзге түсті. Жаудың бір батальон жаяу әскері мен 35 танкі шабуылдап келе жатты. Бақылау пунктінде тұрған капитан А. Дмитриев зеңбірекшілерге бұйрық берді. Қарсыластың бес танкісі бірден отқа оранды. Бірақ қалған танктер бақылау пунктін басып өтіп, дивизионның негізгі зеңбіректері тұрған тұсқа ұмтылды. Олар біздің артиллерияны таптап кетуі мүмкін еді. Осыны ойлаған Алексей Федорович барлаушыларды және байланысшыларды ертіп алып, олардың жолын кесті. Фашистердің үш дүркін шабуылына да тойтарыс берілді. Сөйтіп, олар фашистерді шегінуге мәжбүр етті. Ат төбеліндей зеңбірекшілер біздің жаяу әскерлер келгенше сол жерді ұстап тұрды.  

Жағдайдың қиындығына байланысты команда басшылығы капитан А. Дмитриевке шегінуге рұқсат берді. Бірақ ержүрек командир орнынан қозғалған жоқ. Жалғыз өзі жаудың 15 сарбазын, үш офицерін өлтірді. 1944 жылғы 17 қазанда мерт болды.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 24 мамырдағы Жарлығымен А. Дмитриевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Батыр Литва елінде жерленді. Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылының бір көшесі оның есімімен аталады.

Степан ИЛЬИН

1915 жылы Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылында туған. Майданға алынғаны – 1942 жыл. Ол Орталық майдандағы 99-шы жеке саперлік батальонның бөлімше командирі ретінде көзге түскен сержанттардың бірі. Днепрді кешкенде үш атқыштар взводын оң жағалауға өткізіп, басып алған плацдармды ұстап тұра білді.

С.Ильин соғыс жылдары қаншама ДЗОТ-тар тұрғызды, көпірлер салды, жау миналарын тазартты – бәрін есептеп шығу мүмкін емес. Ол жауынгер ретінде өз ісін адал атқарып, Жеңісті жақындата түсті.

1943 жылғы 15 қазанда ол мінген қайық бірінші болып қарсы жағалауға шықты. Сол кезде басқа қайықтардың бірі бата бастады. Үстіне зеңбірек орнатылған қайықты сым арқанға тіркеген С.Ильин оны жағаға сүйреп шығарды.

Бірде жаудың танкісін жалынға орады. Содан кейінгі қолма-қол ұрыста ол бір фашисті пышақтап өлтірді. Өзінің жараланғанына қарамастан, ұрыс даласын тастаған жоқ.

Міне, осы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

1-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталды.

1993 жылы Ташкент қаласында қайтыс болды. Саумалкөлдегі бір көше оның есімімен аталады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp