Михаил КИРИЧЕНКО
1923 жылы қазіргі Айыртау ауданындағы Лавровка ауылында туған.
1941 жылы Алматы жаяу әскер училищесін бітірді. 1942 жылдың тамызында майданға кірген ол бірінші Белорус майданы, 8-ші гвардиялық армия, 35-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы, 100-ші гвардиялық атқыштар полкінің батальоны сапында ұрыстарға қатысты. Кеңес әскерлері 1944 жылдың 1 тамызында Висла өзенінен өту кезінде жаудың қорғанысын бұзып, Польшадағы Руда-Тарновска мен Вулька-Тарновска елді мекендерін фашистік басқыншылардан босатты. Сол жолғы ерлігі үшін М.Кириченко Үкімет марапатына ұсынылды. Алайда, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығы 1991 жылы ғана шықты. Оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Соғыстан кейін әскер қатарындағы қызметін жалғастырды. 1945 жылы офицерлік құрамды жетілдіру курсын бітірді.
1955 жылдан бастап Мәскеу қаласында тұрды. “Главмосавтотранс” басқармасында аға инженер болып еңбек етті. Кейіннен зейнеткерлікке шықты.
Екі рет Ленин орденімен, екі рет Қызыл Жұлдыз орденімен, медальдармен марапатталды. Харьков облысындағы Изюм қаласының құрметті азаматы.
1994 жылдың 8 мамырында қайтыс болды.
Семен КИРЕЕВ
1916 жылы Алтай өлкесіндегі Косихин ауданының Червовый селосында туған. 1939 жылы үй ішімен Булаев (қазіргі Мағжан Жұмабаев) ауданындағы “Чистов” кеңшарына көшіп келді. Онда есепші болып еңбек етті. 1941 жылдың 17 шілдесінде аудандық әскери комиссариаты армия қатарына шақырды. Ол кіші лейтенанттар курсын тамамдады. 1942 жылы майданға кірді.
1944 жылдың маусым айында 272-ші атқыштар дивизиясындағы 1061-ші атқыштар полкінің взвод командирі, лейтенант С.Киреев әскери қызметте жүрген 7-ші армияның әскерлері Свирь өзенінен өтуге дайындалып жатты.
Осы бір қиын күндері лейтенант С.Киреев қаһармандықтың үлгісін көрсетті. 25 маусымда Питкяранта қаласына шабуыл басталды. Фин әскері көптеген сарбазынан, офицерлерінен және техникасынан айрылғанына қарамастан, қарсылық көрсетуін тоқтатпады. 1944 жылдың 10 шілдесінде жау қорғанысының маңызды торабы – Питкяранта қаласы алынды. Лейтенант С.Киреев оны азат ету кезінде ауыр жараланды, шілденің 17-інде ауыр жарақаттың салдарынан көз жұмды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 21шілдедегі Жарлығымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Лодейное Поле қаласының қақ ортасында Семен Киреевке орнатылған ескерткіш бар. Сол қаладағы бір көше Батырдың есімімен аталады. Мағжан Жұмабаев ауданындағы ол өскен ауылдың мектебі де С.Киреевтің атында.