«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Солтүстік- қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары

Василий ЧЕБОТАРЕВ

1918 жылы қазіргі Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Гавриловка ауылында туған. Ұжымшарда тракторшы, кеніште бұрғылаушы болып істеді.

1941 жылы қыркүйекте майданға аттанды. “Смерш” барлау бөлімінің жедел уәкілі, гвардия лейтенанты В. Чеботарев Бобр өзенінен өту кезінде ерліктің үлгісін көрсетті. Ондаған фашисті жер жастандырып, бір офицерді тұтқындады. 1944 жылғы 27 маусымдағы сұрапыл шайқастардың бірінде оғы таусылған ол қоян-қолтық ұрысқа шығып, ішінен де, көкірегінен де қан саулап, бес жерден жарақат алды. Оған ызаланған фашистер қансырап жатқан батырды қинап өлтірді.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 29 маусымдағы Жарлығымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Қызыл Ту орденімен марапатталған.

Гавриловка ауылындағы мектеп және көшелерінің біріне Чеботаревтің есімі берілді. Минскідегі Батыр атындағы көшеде ескерткіш тақта орнатылған.

Иван МАРИНЫЧ

1915 жылы қазіргі Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Раисовка ауылында туған. Соғысқа дейін Алматы облысының Сарқант қаласында еңбек етті.

1943 жылы майданға шақырылды. 1-ші Украин майданы 5-ші гвардиялық армия 97-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы 289-шы гвардиялық атқыштар полкінің қару-жарақ командирі, аға сержант Мариныч 1945 жылдың қаңтарында ерекше көзге түсті. Одердің сол жақ жағалауында Польшадағы Бриг қаласының түбінде жаудың қарсы шабуылын тойтару кезінде өздігінен жүретін артиллериялық қондырғыны, екі пулеметті жойып, 18 фашисті жер жастандырады. Оның үстіне екі гитлершіні тұтқынға алды.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 27 маусымдағы Жарлығымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Ол соғыстан кейін қазіргі Бішкек қаласында тұрды.

Бірінші және екінші дәрежелі Отан соғысы, екінші және үшінші дәрежелі “Даңқ” ордендерімен марапатталды.

 

(“Североказахстанцы:
Герои Советского Союза.
Кавалеры ордена Славы.
Генералы” кітабы бойынша
дайындалды).
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp