Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында “Қазақстан – 2050” жалпыұлттық қозғалысының ұйымдастыруымен “Өңірдің дамуы туралы айтамыз” форумы өтті. Аталмыш форумда солтүстік аймақтың келешегі қандай болмақ, өңірдің келбеті ондаған жылдан соң қалай өзгермек деген сауалдар төңірегінде әңгіме өрбіп, зияткерлік әлеуеті қаншалықты дамыған және оны дамыту жолында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар, жергілікті жердегі шағын және орта бизнестің ахуалы сөз болды.
– Спикер ретінде өңірдің дамуына тікелей қатысы бар, өз өмірін Солтүстік Қазақстан облысының келбетін қалыптастыруға арнаған адамдарды шақырып отырмыз. Олар: сәулетшілер, экономистер, саясаттанушылар, үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары, кәсіпкерлер мен өзге де белсенді Петропавл тұрғындары. Олардың әрқайсысының алдында көрерменге қызықты тәсіл арқылы Қызылжар өңірінде сапалы өмір сүрудің стратегиясы туралы жеке тәжірибесімен бөлісу міндеті тұр, – деді “Қазақстан – 2050” жалпыұлттық қозғалысының медиа-директоры Қанат Әуесбай.
Шақырылған спикерлер ортаға шығып, жеке пікірлерін, көзқарастарын білдірді. Өздері өкіл болып келіп отырған ұйымдардың жұмыстарымен таныстырып, өңірдің дамуына қандай үлестерін қосып жатқандығын тілге тиек етті. Мәселен, жуырда ашылған Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының ғылыми-әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Мария Липчанская өңірдің зияткерлік әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстары жайлы әңгімеледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәл осындай шара Атырау және Астана қалаларында да өткен.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.