«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЕРІК ХАМЗАҰЛЫ СҰЛТАНОВТЫҢ ОБЛЫСТЫҢ 2015 ЖЫЛДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫЖЫЛДЫҒЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ ТУРАЛЫ ЕСЕБІ

Үстіміздегі жыл бүкіл еліміз үшін маңызды мерейтойлық оқиғаларымен айшықты.

Бұл жылы біз Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын салтанатты түрде атап өтудеміз. Осы орасан зор мерекелердің барлығының да республикамыз үшін тарихи және тағдыршешті маңызы бар.

Биылғы жыл мемлекетіміздің инфрақұрылымының ауқымды дамуының негізі қаланған “Нұрлы Жол” Жаңа Экономикалық Саясатын жүзеге асыру жылына айналып отыр. Бағдарлама экономикалық өсім, әрбір қазақстандықтың әл-ауқатының артуы үшін мол мүмкіндік ашып отыр.

Елбасы мемлекеттілікті одан әрі нығайту мақсатында мемлекеттік институттарды, экономиканы және қоғамды кең көлемде жаңғыртуға арналған Бес институттық реформаны, “100 нақты қадамды” ұсынды.

2015 жылдың алты айында өңірімізде көп жұмыс атқарылды. Бірінші жартыжылдықтың нәтижелері бойынша облыс әлеуметтік-экономикалық дамуда сенімді серпін танытуда.

Жалпы өңірлік өнімнің көлемі 143,3 млрд. теңгені құрады. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша облыстағы ЖӨӨ-нің нақты өсімін экономиканың барлық салаларында, ең алдымен ауыл шаруашылығында өндіріс көлемін арттыру есебінен 103,4 пайыз деңгейіне жеткізу жоспарлануда. Есепті кезеңде инфляция деңгейі 101,5 пайызды құрады. Жарты жыл ішіндегі негізгі капиталға инвестиция көлемі 54 млрд. теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі көрсеткішпен салыстырғанда 152,7 пайыз.

Инвестицияның негізгі көзі – кәсіпорындардың, ұйымдар мен тұрғындардың жеке қаржысы (жалпы көлемнің 72,5 пайызы), бюджет қаражаты (16,9 пайыз), басқа да қарыз қаражаттары (5,4 пайыз), банк кредиті (5,2 пайыз).

Агроөнеркәсіп кешені

Агроөнеркәсіп кешені дәстүрлі түрде облыстың негізгі экономикасын құрап, ЖӨӨ-нің үштен бірі болып отыр.

2015 жылдың бірінші жартыжылдығында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 5,6 пайыз өсіммен 36,3 млрд. теңгені құрады.

Ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет қуатты қолдау көрсетуде. Оған демеуқаржы беру үшін 2015 жылы бюджеттен 17,3 млрд. теңге бөлінді, бұл өткен жылғыдан 800 млн. теңгеге артық.

Бірінші жартыжылдықта ауыл шаруашылығына 16,1 млрд. теңге инвестиция салынды. Бұл барлық инвестицияның 29,8 пайызы.

Егіншілікте бәсекеге қабілетті және экспортқа бағдарланған дақылдарды өсіруге қайта бағдарлау жұмысы жүргізілді. Осыған байланысты егіс танаптары 4366,4 мың гектарға дейін ұлғайтылды, бұл 2014 жылғыдан 19,6 мың гектар көп. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар танаптары 3210 мың гектарды құрады, жемшөптік дақылдар – 653,6 мың гектарға (өсім 47,5 пайыз), майлы дақылдар 469,7 мың гектарға (21,3 пайызға азайған) орналастырылды.

Облысымыз жыл сайын 2 млн. тоннаға дейін астықты, 250 мың тоннадай ұнды, 200 мың тоннадан астам майлы дақылдардың тұқымын таяу және алыс шетелдерге экспортқа шығарады. Жыл сайынғы экспорт көлемі 450 млн. АҚШ долларынан астам.

Жыл басынан бері Қызылжар ауданындағы “Шағала Агро” ЖШС сыйымдылығы 14 мың тонна астық қоймасын пайдалануға берді. Бұған қоса, астық тазартуға, кептіруге және сақтауға арналған заманауи жабдықтармен жарақтандырылған жалпы сыйымдылығы 177 мың тонналық 8 астық қабылдау кәсіпорны ашылатын болады.

Агроқұрылымдарда машина-трактор паркін жаңғырту жөніндегі жұмыс жалғасын табуда. Жыл басынан бері 5,4 млрд. теңгеге 502 заманауи техника, соның ішінде агролизинг бойынша 1,8 млрд. теңгеге 82 техника сатып алынды.

Биылғы жылы жаңа кәсіпорын – “ҚазТехМаш” ашылды, онда құрастырылған алғашқы солтүстікқазақстандық комбайндар телекөпір барысында Мемлекет басшысына таныстырылды. 2016 жылдың қаңтарында оның жинақтаушы бұйымдарын жаппай шығару жоспарланып отыр, комбайндарды құрастырудағы үлесіміз 60 пайызға жеткізіледі. Зауыт қазірдің өзінде шөп шабатын машина және шөп нығарлап жинайтын құрылғы шығара бастады. Олар егіс танаптарында сынақтан ойдағыдай өтті.

Бүгінгі таңда облыста мал шаруашылығын дамыту жөнінде зор міндет қойылып отыр.

Жыл басынан бері 988 басқа шақталған 4 асылтұқымды репродуктор, 1900 бас малға 5 бордақылау алаңы салынды.

“Сыбаға” бағдарламасы бойынша 1416 бас ірі қара, “Құлан” бағдарламасы бойынша 838 бас жылқы, “Алтын асық” бағдарламасы бойынша 3071 бас қой сатып алынды.

Облыстағы ірі агроқұрылымдардың басшылары 2015-2017 жылдары мал шаруашылығын дамыту туралы келісімге қол қойып, онда мал сатып алу, мал шаруашылығы кешендері мен фермаларын салу, жемшөп базасын дамыту, өндірілетін өнім көлемін ұлғайту, жұмыс орындарын құру мәселелері көрініс тапты.

Тұтастай алғанда тындырылған жұмыс ірі қара санын ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында – 8,4, фермерлік шаруашылықтарда 42,4 пайыз ұлғайтуға мүмкіндік берді, қой мен ешкі басының – 7, жылқының – 4,5, құстың 6,7 пайыз өсімі қамтамасыз етілді.

Нәтижесінде ет өндіру 1 пайызға (32,2 мың тонна), сүт 6,8 пайызға (228,3 мың тонна), жұмыртқа 18,2 пайызға (292,7 млн. дана) ұлғайтылды.

Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ұқсату саласының маңызы зор. Ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсату облыс өнеркәсіп өндірісі көлемінің 44,5 пайызын, өңдеу өнеркәсібінің 65,3 пайызын құрайды.

Өткен алты айда азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 33,7 млрд. теңге болды. Биыл жарма – 32 пайыз (595 тонна), ет консервілері 7 есе (323 тонна) артық өндірілді.

Облыста ұқсату өнеркәсібін дамыту үшін 2015-2019 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін және азық-түлік өнеркәсібін ұқсатуды дамыту жөнінде бағдарлама жасалып, оның шеңберінде сомасы 51 млрд. теңгенің үстінде 28 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Биыл сомасы 1,7 млрд. теңгенің 14 инвестициялық жобасы жүзеге асырылады.

Жыл басынан бері М.Жұмабаев ауданындағы “ЖНВ” ЖШС-інде ет өңдеу цехы іске қосылды, Тимирязев ауданының “КЭСС” ЖШС және Қызылжар ауданының “Ертегі” ЖШС диірмендері жаңғыртылды.

Өнеркәсіп

2015 жылы Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы басталды. Облыста сомасы 90 млрд. теңгеден асатын 60-тай жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

Қазіргі уақытта Индустрияландыру картасына инвестицияның жалпы көлемі 27,4 млрд. теңге болатын 39 жоба енгізілген. Үстіміздегі жылы 600-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу арқылы 20 жобаны жүзеге асыру белгіленген. Бірінші жартыжылдықта 6 жоба пайдалануға беріліп, 340 жаңа жұмыс орны ашылды.

Облыста алғаш рет отындық түйіршіктер, сол сияқты, жем-шөп дайындайтын және тасымалдайтын техника шығаратын өндіріс іске қосылды.

Тұтастай алғанда, Индустрияландыру картасының жобалары бойынша шығарылатын өнімдер көлемі жыл сайын өсе түсуде. Егер бірінші бесжылдықта олар 65,9 млрд. теңгенің тауарын шығарса, тек осы жылдың бірінші жартыжылдығында ғана өнім көлемі 10,4 млрд. теңгеден асты.

Индустрияландыру картасының жобалары бойынша өндірілген өнімдер бүгінгі таңда республика аумағына ғана емес, шетелдерге де белсенділікпен сатылуда. Мысалы, “КЭСС” ЖШС-нің ұн үгу комбинатының өнімі – Ауғанстанға, “Ростан” ЖШС-нің май зауытының өнімі Ресей Федерациясының Омбы қаласына және Алтай өлкесіне экспортталады.

Ресейлік инвестормен бірге Әулие кен орнынан алтын шығаруға арналған тау-кен-металлургия кешені іске қосылып, алтынның Доре қорытпасын өндіру басталды. Тау-кен орнын барлауға және игеруге 2 млрд. теңгеден астам инвестиция салынды.

2015 жылдың 6 айында өңірдің өнеркәсібі сомасы 75,6 млрд. теңгенің өнімін шығарды, оның 51,6 млрд. теңгесі ұқсату кәсіпорындарына тиесілі.

Машина жасауда “ЗИКСТО” зауыты үстіміздегі жылы өндірісті 2,5 есе өсірді. “Қазтеміртранс” АҚ-мен 3,8 млрд. теңгеге 300 вагон шығаруға шарт жасалды. Қазірдің өзінде 50 жүк вагоны шығарылды.

Ет пен қосалқы өнімдер өндіру – 4,3 пайыз, құс еті – 24,5 пайыз, кондитерлік бұйымдар 30,2 пайызға өсті.

Кәсіпкерлік

Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 34 мың, 2015 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша оларда жұмыс істейтіндердің саны 0,7 пайызға өсіп, 91,5 мың адам болды.

“Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы бұрынғысынша кәсіпкерлікті қолдаудың басты тетігі болып табылады.

Өңірлік үйлестіру кеңесі үстіміздегі жылдың 6 айында бағдарлама аясында бизнес субъектілерінің бюджеттік көмек көрсетуге арналған 86 өтінімін мақұлдады.

Пайыздық ставканы демеуқаржыландыруға арналған 48 кредит мақұлданды, 12 кредитке кепілдік берілді, 2 өндірістік инфрақұрылымды дамытуға арналған 2 өтінімге ЖСҚ мақұлданды және 410 млн. теңгеге мемлекеттік сараптама беру шартымен, шағын және орта бизнестің топ-менеджментіне оқытуға 24 өтінімге қолдау көрсетілді.

Демеуқаржыландыру және кепілдік беру, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, сервистік қызмет көрсету және 2015 жылы оқудан өту түрінде кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін барлығы 2,3 млрд. теңге бөлінді, ол өткен жылға қарағанда 2,2 есе көп.

Облыста туризм саласын дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Осы мақсатта үстіміздегі жылдың наурыз айында Солтүстік Қазақстан облысының туризмін дамытудың шеберлік жоспары және оны жүзеге асырудың шаралар жоспары бекітілді.

Шеберлік жоспары инвестициялық тартымдылық, жаңа туристік өнімдер құру, туризмнің беделін көтеру, туризм саласында жұмыс істеп тұрған нысандарды қайта жабдықтау және жаңа инфрақұрылымдар салу, халықаралық брендтерді тарту сияқты 5 жүйелі бағытты қарастырады.

Осы бағытта бірқатар жұмыс қазірдің өзінде атқарылды. Үстіміздегі жылдың маусым айында Айыртау ауданында бұғының мүйізімен емдеу орны мен марал фермасы ашылды. Табиғи биологиялық өнімді пайдалану мақсатында фермаға 40 марал әкелінді, тағы да 10 марал әкелу жоспарланып отыр.

Бүгінгі күні “100 нақты қадам“ Ұлт жоспары аясында Айыртау ауданындағы Шалқар және Имантау көлдерінде жағажай, сауықтыру туризмін дамыту мәселесі қаралуда. Осы нысандар бойынша тиісті ұсыныс Қазақстан Республикасының Инвестиция және даму жөніндегі министрлігіне жіберілді.

Қонақүй саласында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасына сәйкес “Қызылжар” қонақүйін қайта жаңарту басталды.

Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің басшыларының қатысуымен өтетін өңіраралық ынтымақтастық форумына әзірлік аясында үстіміздегі жылы Петропавл қаласында инвесторлардың қаражаты есебінен жоспарланған 4 қонақүйдің 2-еуінің құрылысы басталды.

Сыртқы тауар айналымы

Солтүстік Қазақстан облысы әлемнің 70-тен астам елімен байланыс жасайды.

Үстіміздегі жылдың 5 айында облыстың сыртқы тауар айналымы 77,6 млн. АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт – 40,4 млн. АҚШ доллары, импорт – 37,2 млн. АҚШ доллары.

Облыстың негізгі экспорттық тауары бидай мен ұн, ол жалпы экспорттың 78,2 пайызын құрайды. Негізінен, машиналар мен құрал-жабдықтар, көліктер, сондай-ақ, машина жасау саласының дайын өнімдерін өндіру үшін жинақтайтын бұйымдар импортталады.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда айналымының көлемі 5 айда 174,7 млн. АҚШ доллары болды.

Сөз жоқ, Ресей Федерациясы облыстың басты сауда-экономикалық серіктесі болып қала береді. Шекаралас Омбы, Қорған және Түмен облыстарымен сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және басқа салаларда ынтымақтастық туралы меморандумдар мен келісімдер жасалды. Қол қойылған құжаттар аясында кәсіпорындар арасында өзара тиімді тауарлар жеткізіп беруге және қызметтер көрсетуге шарттар жасалып, жүзеге асырылуда. Ресми делегациялар алмасу практикасы жалғасуда.

Тұрғын үй құрылысы

Үстіміздегі жылы тұрғын үй құрылысына, оларды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдармен қамтамасыз етуді, сондай-ақ, аумақты абаттандыруды қоса есептегенде 6,13 млрд. теңге қарастырылған.

Бөлінген қаражат пен тұрғындар қаражаты есебінен 124,5 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда, оның 41,6 мың шаршы метрі – республикалық және облыстық бюджеттердің қаражатына, 82,9 мың шаршы метрі – тұрғындар мен кәсіпорындардың қаражатына.

Жыл соңына дейін:

– жалпы алаңы 12,93 мың шаршы метр кредиттік тұрғын үйді (90 және 55 пәтерлік 2 тұрғын үй);

– жалпы алаңы 17,43 мың шаршы метр жас отбасыларына арналған жалгерлік тұрғын үйді (93, 75, 27 және 13 пәтерлік 4 тұрғын үй) пайдалануға беру қарастырылған.

“Нұрлы Жол” бағдарламасы аясында “Қазақстан ипотекалық компаниясы” АҚ жалпы алаңы 13,85 мың шаршы метр болатын 2 тұрғын үй салуға кірісті (126 және 72 пәтерлі). Бұдан басқа, ипотекалық компанияға Петропавл қаласында тағы екі 75 пәтерлі тұрғын үй салуға жобалық-сметалық құжат берілді.

Үстіміздегі жылғы 6 айда барлығы 31,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, ол өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 104,3 пайызды құрайды.

Сумен жабдықтау

Сумен жабдықтау нысандарының құрылысын жүргізуге және қайта жаңартуға 5,3 миллиард теңге қаржы жұмсалмақ.

Петропавл қаласының сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғыртуға Ұлттық қордан 0,5 миллиард теңге бөлінген.

Бұл қаржыға 236 км. су құбырын салу және қайта жаңарту, 7 ауылға су жеткізу, 44 елді мекеннің сумен жабдықталуын жақсарту жоспарланған. Өңіріміздегі елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтау 54,1 пайыздан 55,1 пайызға дейін өседі.

Автомобиль жолдары, көлік

“Нұрлы Жол” бағдарламасы шеңберінде облысымыздың автомобиль жолдарының желісін дамыту және жақсарту жөнінде зор міндет қойылып отыр.

Ұзындығы 143 шақырым Астана – Петропавл автомобиль жолын қайта жаңарту жобасы жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылы оның 106 шақырымында жол-құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, ұзындығы 68 шақырым Петропавлдан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жолға жобалау жұмыстары жүргізілуде, ол 2016 жылы жүзеге асырылмақ.

Үстіміздегі жылы жергілікті мақсаттағы автомобиль жолдарына сомасы 5,2 миллиард теңге болатын жөндеу жұмыстарын атқару жоспарланған.

Есепті кезең ішінде облыстық және аудандық мақсаттағы жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарында сомасы 2,5 миллиард теңге болатын жұмыс орындалды:

– қайта жаңарту бойынша – 466 миллион теңге;

– күрделі жөндеу бойынша – 242 миллион теңге;

– орташа жөндеу бойынша – 923 миллион теңге;

– автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу мен күтіп ұстауға 845 миллион теңге жұмсалды;

– ұзындығы 17 шақырым, жалпы ауданы 81 мың шаршы метр жолға қиыршықтас төсеуге 131 миллион теңге бөлінді.

Петропавл қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңартуға Қазақстан Республикасының Үкіметі резервінен 4 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Облыс аумағында 216 автобус, оның ішінде 5 халықаралық, 27 облысаралық, 86 облысішілік, қалааралық, 61 ауданішілк, 12 қаламаңылық және 25 қалалық бағыттар жұмыс істейді.

Облыстың елді мекендерін автобус қатынасымен қамту 92,9 пайызды құрайды, 2014 жылы бұл көрсеткіш 76,1 пайыз болған еді, 117 елді мекенге қосымша автобус қатынасы ашылды.

Жұмыспен қамту

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында облыста “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Оларды орындауға – 2,3 миллиард теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Үстіміздегі жылдың алты айында бағдарламаға 2392 адам тартылды, оның 2104-і шаралармен қамтылды.

Петропавл қаласында 2 жастар жатақханасы салынып жатыр, олар биылғы қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жыл басынан бері бағдарлама бойынша салынған үйлерге 31 адамнан тұратын 11 отбасы көшірілді.

Мемлекеттік органдардың тұрғындарды жұмыспен қамту жөніндегі жұмыстары шеңберінде бірінші жартыжылдықта 14195 адам еңбекке орналастырылды. Қоғамдық ақылы жұмыстарға 3064 жұмыссыз жіберілді, 6524 жұмыс орны ашылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде еңбек рыногында тұрақты жағдай сақталуда, облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында – 4,9 пайыз, ол өткен жылдың көрсеткішінен 0,1 пайыз төмен.

Білім беру

Білімнің қолжетімділігі және сапасы – әрқашан облысымыздың әлеуметтік саласын дамытудың басым бағыттарының қатарында.

Үстіміздегі жылы саланы дамытуға 39 миллиард теңге қаржы бөлінді.

Білім беру саласында шешуді талап ететін маңызды мәселе балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету болып қалуда. Бүгіндері облыста балаларды мектепке дейінгі оқытумен қамту 95,1 пайызды құрайды. Петропавл қаласында балабақшаға бару кезегінде 3-6 жастағы 4236 балдырған тұр, қамту – 86 пайыз.

Жыл басынан бері 233 орын ашылды, 320 орындық бала-бақшаның, 800 орынға арналған 3 жекеменшік балабақшаның құрылыстары басталды. Сондай-ақ, концессиялық жобалар шеңберінде 3 балабақша салу жоспарланған.

Биылғы жылдың соңына дейін жаңа орындар ашу, жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі мекемелерді кеңейту, бала-бақшалар салу есебінен облысымызда мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 96,8 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Үш ауысымдық мектептер проблемасын шешу үшін Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимка ауылында және Тайынша ауданының Тайынша қаласында екі жаңа мектептің құрылысы басталды.

Апатты мектептердің орнына жаңа оқу жылында Мамлютка қаласында – 300 орындық және Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Буденное ауылында 90 орындық жаңа білім ошақтары ашылмақ.

Үстіміздегі жылы Петропавл қаласында химиялық-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ашылуы облысымыз үшін айтулы оқиға болды.

Биыл облыс мектептерін 3733 түлек тамамдады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 2356 түлек қатысты. ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 77,88 балл болды. 37 түлек мектептің жоғары наградасы – “Алтын белгінің” иегері атанды, 22 солтүстікқазақстандық түлек үздік үлгідегі аттестат алды.

2014-2015 оқу жылында халықаралық конкурстар мен олимпиадаларға 71 оқушы қатысты, олар 16 жүлделі орынға ие болды, 55-і грамоталармен марапатталды. Зияткерлік турнирлердің қорытындысы бойынша 8 солтүстікқазақстандық мектеп оқушысы еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында оқуға гранттар жеңіп алды.

Денсаулық сақтау

2015 жылы салаға 21 миллиард теңгеден астам қаржы көзделген.

Ауылдық медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту шеңберінде сомасы 168,5 миллион теңге болатын 88 жабдық пен санитарлық көлік сатып алынды, сондай-ақ, 5 жоба бойынша күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 125,4 миллион теңге бөлінді.

Жалпы өлім-жітімнің 3,6 пайыз азайғаны байқалады, аналар өлімінің бірде-бір оқиғасы тіркелген жоқ. Туберкулезден қайтыс болу көрсеткіші 23,8 пайызға кеміді, осы аурудан балалар арасында қайтыс болу оқиғасы тіркелген жоқ, онкологиялық аурудан қайтыс болу 0,3 пайызға азайды. Алайда, сәбилердің шетінеу көрсеткіші 17,2 пайызға өсіп кетті.

2015 жылдың алты айында 79 қолқақан тамырын жалғау отасы, 239 стенділеу, 650 коронарография, 37 ангиография жасалды. Кардиохирургиялық бағытта медициналық оңалтудан 141 науқас өтті.

Мәдениет

Қазіргі уақытта облыста 564 мәдениет және мұрағат ұйымдары жұмыс істейді. 2015 жылы саланы дамытуға бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.

Биылғы алғашқы жартыжылдықта 5 ауылдық демалыс орталығы ашылды. Облыстық филармонияның ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары басталды, бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 200 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, облыстық орыс драма театрының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 100 миллион теңге қарастырылды.

Дене шынықтыру және спорт

Облыста 153 мыңнан астам адам дене шынықтырумен және спортпен шұғылданады, бұл өңір тұрғындарының жалпы санының 26,8 пайызын құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда 8,9 мың адамға өскендігі байқалады.

Алдағы уақытта осы көрсеткішті жақсарту үшін өңірімізде жаңа спорт нысандары салынуда.

Тимирязев ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылып, 100 хоккей корты, 9 көпфункционалды спорт, 213 футбол және шағын футбол алаңдары іске қосылды.

Қазіргі таңда Петропавл қаласында Спорт сарайының, сондай-ақ, Қызылжар ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде.

Жалпы облыс бойынша 505 спорт шарасы өткізілді, соның ішінде “Север” қысқы спорт мерекесі, облыстық “Ақбидай” спартакиадасы, Денсаулық күні, қазақ күресі бойынша “Қызылжар барысы”, “Золотая шайба” шайбалы хоккей турнирі, 91 мыңнан астам адам қатысқан олимпиадалық жүгіру күні бар.

Бүгінгі таңда 279 солтүстікқазақстандық спорттың бірнеше түрлері бойынша Қазақстанның ұлттық құрамасының құрамына кіріп отыр.

Есепті кезеңде республикалық және халықаралық жарыстарда жерлестеріміз 211 медаль иеленді. Оның 119-ы – олимпиадалық, 92-сі олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша.

Республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсеткен спортшыларға ай сайын 75 стипендия төленеді.

Жастар саясаты

Жастарды қолдау бойынша облыста мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жөніндегі кеңестер жұмысын жалғастыруда.

Мемлекеттің көп күш-жігері жастарды жұмысқа орналастыру мәселелерін шешуге бағытталған. Жастар бастамалары орталығының көмегімен – 247 адам, “Жасыл ел” бағдарламасы аясында 225 адам жұмысқа орналастырылып, 161 адам “Жастар тәжірибесіне” жіберілді.

“Дипломмен – ауылға!” жобасы аясында 2015 жылдың 6 айында 113 маман әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылып, үй алуға немесе салуға жалпы сомасы 114,3 млн. теңгенің несиесі берілді, 15,7 млн. теңге көтермеақы төленді.

Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде жастар жұмыссыздығының деңгейі өңірімізде 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында 3,4 пайызды құрады, мұның өзі өткен жылдың сәйкес мерзіміндегіден 1,4 пайыз төмен.

Солтүстік Қазақстан облысының үстіміздегі жылдың 6 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы өкілетті және атқарушы билік органдарының өзара тиімді іс-қимылының нәтижесі болып табылады.

Бізді алдымызда Елбасының тапсырмаларын орындау, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, солтүстікқазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды өңірлік мәселелерді шешу бойынша бірлесе атқаратын үлкен жұмыс күтіп тұрғаны күмәнсіз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp