«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЕРІК ХАМЗАҰЛЫ СҰЛТАНОВТЫҢ ТҰРҒЫНДАР АЛДЫНДАҒЫ ЕСЕБІ

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы “Орталық атқарушы органдардың басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының тұрғындармен есеп беру кездесулерін өткізу туралы” №190 Жарлығына сәйкес 2016 жылғы 24 ақпан күні сағат 15-те Петропавл қаласындағы Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Хамзаұлы Сұлтановтың тұрғындармен есепті кездесуі өткізіледі.

Құрметті солтүстікқазақстандықтар!

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы бойынша жыл сайын еліміздің бүкіл өңірлерінде барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен есепті кездесулері өткізіледі.

Есепті кездесулер тұрғындармен тиімді пікір алмасуға, жергілікті жерлерде туындаған проблемаларды анықтауға және оларды шешу жолдарын табуға көмектеседі.

2015 жылы атқарушы органдар қызметінде Мемлекет басшысының “Қазақстан – 2050” ұзақмерзімді Стратегиясында, “Нұрлы Жол” бағдарламасында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға басымдық берілді. Өткен жыл “Бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам” Ұлт жоспарының орындалуын бастаумен ерекшеленді.

Тұтастай алғанда өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасында оң үрдіс байқалды, макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді.

Жалпы өңірлік өнімнің нақты өсімі 2015 жылы 102,8 пайыз (856 млрд. теңге) деңгейінде болады деп күтілуде.

Бюджет. 2015 жылдың қорытындысында 32 млрд. теңге өзіндік кіріс жиналды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп.

Бюджеттің шығыстар бойынша көлемінің 1,2 есе өскені байқалды. Егер 2013 жылы бұл көрсеткіш 114,6 млрд. теңге болса, 2015 жылы ол 133,5 млрд. теңгеге жетті. Шығыстар бойынша бюджет 99,4 пайыз орындалды.

Бюджет тиімділігін арттыру үшін 2015 жылы жалпы сомасы 3,5 млрд. теңге шығыстар оңтайландырылды, ол әлеуметтік сала нысандарының, тұрғын үйлердің және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдардың құрылысын аяқтауға жұмсалды.

Негізгі капиталға инвестиция 2015 жылы 2014 жылмен салыстырғанда 28,4 пайызға өсіп, 154 млрд. теңгеден асты.

Инвестицияның ең көп көлемі экономиканың жетекші салалары – көлік пен қоймалауға (39 пайыз), ауыл шаруашылығына (28,6 пайыз) және өнеркәсіпке (17,7 пайыз) тиесілі болды.

Солтүстік Қазақстан облысы өткен жылы инвестиция өсімінің қарқыны бойынша республика өңірлері арасында бірінші орынға көтерілді.

2015 жылы біздің облысқа алыс және жақын шетелдердің 25-тен астам делегациясы (Ресей, Украина, Қытай, БАЭ, Сауд Арабиясы, Италия, Испания, Финляндия, Дания, Швеция, Франция, Беларусь, Корея, Австралия және т.б.) келді.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айында 9 елдің өкілдерінің қатысуымен Солтүстік Қазақстан облысы инвесторларының бірінші кеңесі өтті, оның нәтижесінде 6 меморандумға қол қойылды.

Биылғы 5 ақпан күні Қазақстан Республикасында тіркелген 33 дипломатиялық миссия жетекшілерімен кездесу өтті. Дипломаттар өңіріміздің инвестициялық әлеуеті, Солтүстік Қазақстан облысының аумағында басталған ірі инвестициялық жобалар хақында толық ақпарат алды.

Өңірге тартылған шетел инвестициясының жалпы көлемі 2 млрд. теңгедей болды.

Агроөнеркәсіптік кешен

Облысымызда агроөнеркәсіптік кешен негізгі сала болып саналады. Өңіріміз жыл сайын республика үшін жоғары сапалы астықтың үштен бірін өндіреді.

Жалпы өңірлік өнім құрылымында ауыл шаруашылығына 23 пайыздан астам үлес тиесілі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 7,5 пайызға өсіп, 311,1 млрд. теңгені құрады. Ауыл шаруашылығындағы өсім қарқыны бойынша өңіріміз республикамызда 3-орында.

Бұл салада 137 мың адам немесе облыстың экономикалық белсенді тұрғындарының 40 пайызы еңбек етеді. 2015 жылдың 9 айында еңбек өнімділігі 14 пайызға өсіп, 1,1 млн. теңге болды.

Егін орағы науқаны табысты өткізілді. Гектар берекелігі орташа есеппен 17,1 центнерден айналып, 5,5 млн. тоннадан астам астық жиналды.

Машина-трактор паркі сомасы 14 млрд. теңге болатын жаңа жоғары өнімді 1127 техникамен толықты, оның ішінде 6,2 млрд. теңгенің 263 техникасы лизингке сатып алынды.

Мемлекет басшысының егін алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде 2015 жылы 4,4 млн. гектар алқапқа (өсім 20 мың гектар) – егін, оның ішінде 3,2 млн. гектардан астам жерге – дәнді дақылдар, 469,7 мың гектарға майлы дақылдар егілді. 2015 жылы жемазықтық дақылдардың көлемі 210,4 мың гектарға (653,6 мың гектар) ұлғайтылды.

Үстіміздегі жылы агрөнеркәсіптік кешен алдына зор міндеттер қойылып отыр. Ауыл шаруашылығы дақылдарын кемінде 4,4 млн. гектар алқапқа, оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдарды – 3,2 млн. гектарға, майлы дақылдарды – 469,7 мың гектарға, жемазықтық дақылдарды 653,6 гектарға егу, картоп пен көкөністі тиісінше 27,9 мың және 5,2 мың гектар жерге отырғызу жоспарланған.

2016 жылдың көктемгі егісіне 490 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдары құйылып алынды.

2015 жылдың желтоқсан айында ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымдарын уақтылы ауыстыру және жаңарту мақсатында Ресей Федерациясы ғалымдарының қатысуымен семинар-кеңес өткізілді. Оған қатысушылар орташа ерте және орташа пісу тобындағы тұқым сұрыптарын (Түмен облысының “Агро Альянс” ғылыми-өндірістік кешені, Омбы облысының “Боевое” кәсіпорны, Қорған облысының “Кургансемена” ғылыми-өндірістік кешені) пайдалануды ұсынды.

Бүгіндері облысымыздың ауыл шаруашылығы құрылымдары тұқым әкелумен айналысуда. Үстіміздегі жылдың 10 ақпанына дейін 2 мың тоннадан астам тұқым жеткізілді, ол алдағы уақытта тұқым жаңартудың жоспарлық көрсеткіштерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта өңірімізде жиналған астықты сақтау үшін барлық жағдай жасалған. 2015 жылы жалпы сыйымдылығы 138 мың тонна 7 астық қабылдау пункті пайдалануға берілді және жаңғыртылды, бұл сыйымдылық көлемін 6,6 млн. тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

2016 жылы жалпы сыйымдылығы 177 мың тонна болатын 9 элеватор салу жоспарланған.

Тұтастай алғанда, облысымыз жыл сайын 1,5 млн. тонна астықты, 150 мың тонна ұнды, 200 мың тоннадан астам майлы дақылдарды жақын және алыс шетелдерге (Әзірбайжан, Ауғанстан, Бельгия, Иран, Қырғызстан, Қытай, Польша, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия, Италия, Латвия және т.б.) экспортқа шығарады.

Мал шаруашылығы

Мал шаруашылығы жыл сайын облыс тұрғындарын (57 пайызы ауылдықтар) тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.

“ІҚМ етінің экспорттық әлеуетін дамыту” жобасы шеңберінде 2015 жылы 3,1 мың мал бордақылау орны бар бордақылау алаңдары, 1,8 мың басқа арналған асылтұқымды мал репродукторлары ашылды. Былтыр 969,2 тонна ет экспортқа шығарылды.

Мал шаруашылығын дамыту шеңберінде 2015 жылы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 3794 бас ірі қара (немесе тапсырманың 108,4 пайызы), “Құлан” бағдарламасы бойынша 1595 жылқы (159,5 пайыз), “Алтын асық” бағдарламасы бойынша 5475 қой (109,5 пайыз) сатып алынды.

Мұның барлығы агроқұрылымдардағы ірі қара санының 14,7 пайызға өсуін қамтамасыз етті. Тұтастай алғанда сүт өндіру – 6,5 пайызға және жұмыртқа 7,5 пайызға ұлғайды.

Үстіміздегі жылы мал басын көбейту және мал өнімін өндіру көлемін ұлғайту жөніндегі жұмыс одан әрі жалғасады. Ет өндіруді – 93 мың тоннаға дейін, сүтті – 510 мың тоннаға дейін, жұмыртқаны 601 млн. данаға дейін жеткізу немесе 3 пайызға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

21341 бас мал сатып алу жоспарланып отыр. Мемлекеттік бағдарламаларды орындау жөніндегі жұмыс жалғасын тауып, “Сыбаға” бойынша – 4487 бас, “Алтын асық” бойынша – 7305 бас, “Құлан” бойынша 2079 бас мал сатып алынады.

Агроқұрылымдардан ірі қара жинап, бордақылап, экспортқа шығару үшін Тайынша ауданындағы “Вишневское” ЖШС мен “Тайынша Астық” ЖШС-інде әрқайсысы 3000 бас малға шақталған бордақылау алаңдарының құрылысы аяқталуы тиіс.

Құрылған асылтұқымды репродукторлар негізінде агроқұрылымдарды асылтұқымды өнімді көп беретін аналық малмен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғастырылмақ.

 

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу

2015 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс артты:

– Қызылжар ауданындағы “Тортуманов және К” ЖШС-інде қалбырдағы етті өндіру 5,3 есе өсіп, 1750 тоннаға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзіміндегіден 1418 тонна көп;

– ірімшік пен сүзбе 14 пайызға өсіп, 1274 тоннаны құрады, соның ішінде Аққайың ауданындағы “Ростан” ЖШС-інде – 17 тонна (43%), Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Пальчик” ЖК-де – 6 тонна (3%), “Тайынша сүт” ЖШС-інде – 122 тонна (42%);

– құрғақ сүт бойынша 6%, яғни 1397 тоннаны құрады, соның ішінде Петропавл қаласындағы “Масло Дел” ЖШС-інде – 130 тонна (14%) және “Сергеевка сүт өнімдері” ЖШС – 1 тонна (1%);

– қышқыл сүт өнімдері 60 пайызға көбейіп, 11913 тоннаны құрады, соның ішінде Петропавл қаласындағы “Молпродукт” ЖШС – 4459 тонна (77%) және Айыртау ауданындағы “Гормолзавод” ЖШС филиалы – 40 тонна (4,3 есе).

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындай отырып, облыс 2020 жылға дейін арналған жеке жоспарын жүзеге асыруда.

2015 жылы 1 млрд. теңгеден астам инвестиция салынған 5 жоба жүзеге асырылып, 100-ден астам жұмыс орны ашылды:

– “ЖНВ” ЖШС-нің етті қайта өңдеу цехы, қуаттылығы 60 тонна, құны 50 млн. теңге, 16 жұмыс орны ашылды.

– Мағжан Жұмабаев ауданындағы “Әбілмәжінов” ЖК-нің шұжық өнімдерін өндіру жөніндегі цехы, қуаттылығы 80 тонна, құны 8 млн. теңге, 10 жұмыс орны ашылды;

– Тимирязев ауданындағы “КЭСС” ЖШС-нің қуаттылығы 46 мың тонна, құны 546 млн. теңге диірмені жаңғыртылды, 60 жұмыс орны ашылды және Қызылжар ауданындағы “Ертегі” ЖШС-нің қуаттылығы 10 мың тонна, құны 45 млн. теңге диірмені жаңғыртылып, 18 жұмыс орны ашылды.

– Аққайың ауданындағы “Икеа ТАСС ГРУПП” ЖШС-інде қуаттылығы – 29,5 мың тонна, құны 500 млн. теңге диірмен кешені іске қосылып, 20 жұмыс орны ашылды.

Жоспар аясында 138 млрд. теңгеден астам инвестиция сомасына 60 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Олардың басым бөлігі сүтті, етті қайта өңдеу, ұн мен макарон өнімдерін өндіруге бағытталады.

Ас тұзы, балық, қант өндіру, жүн және тері өңдеу жөніндегі кәсіпорындар құру өңір үшін мүлдем жаңа бағыт болып табылады.

Майлы дақылдарды қайта өңдеу жөніндегі екі ірі серпінді жоба жоспарланып отыр:

– “ЭФКО” компаниялар тобы Тайынша ауданында қуаттылығы жылына 330 мың тонна (құны 23 млрд. теңге) майлы дақылдарды қайта өңдейтін зауыт құрылысы жобасын жүзеге асырмақ;

– “МЭЗ-СКО” ЖШС Петропавл қаласында жылдық қуаттылығы 500 мың тонна (құны 29 млрд. теңге) майлы дақылдарды қайта өңдейтін өсімдік майын өндіретін зауыттың құрылысын жүргізбек.

Бұған қоса, “Жаннұр Астана” КТ Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда астықты терең өңдеп, ұн, крахмал, глютен және құрама жемазық өндіретін жылдық қуаттылығы 250 мың тонна зауыт құрылысын қолға алмақ.

Биыл 31,3 млрд. теңге сомасына 1127 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 30 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Бұдан басқа, Қазақстанның инвестициялық қоры биологиялық этанол өндіретін “Биохим” өндірістік кешенінің жұмысын (“BIO OPERATIONS” ЖШС) қайта қалпына келтіруде. Өндірістің бірінші кезеңінің қанатқақты іске қосылуы үстіміздегі жылдың желтоқсан айына жоспарланған.

Тұтастай алғанда, аграрлық сектордағы оң нәтижелер мемлекеттің қуатты қолдауының арқасында қамтамасыз етілді. 2015 жылы салаға көрсетілген мемлекеттік қолдаудың көлемі 40,3 млрд. теңгені құрады.

Баға өсімін тежеу

Күн сайын азық-түліктің 33 түрінің бағасына мониторинг жүргізіледі. Сауда желілеріне жергілікті азық-түліктің делдалдарсыз тікелей жеткізілуі қамтамасыз етілуде. Сауда кәсіпорындарымен әлеуметтік маңызға ие азық-түліктерді өткізу жөнінде меморандумдарға қол қойылған.

Апта сайын базардағыдан 20 пайызға дейін төмен бағамен азық-түлік сататын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп келеді.

Өңірлік тауарөндірушілердің фирмалық дүкендерінің (бөлімдерінің) желісі кеңейтілуде. Үстіміздегі жылы “Береке” шағынауданында “Зенченко және К” КС-нің фирмалық дүкені ашылмақ, онда сүт өнімдері өндіруші бағасымен сатылатын болады.

Сондай-ақ, нарықты ішкі өндірістің азық-түлігімен байыту үшін өңірде қант зауытының құрылысы жүргізілуде (“Транс-агроинвест” ЖШС). Кәсіпорынды іске қосу облыстың қантқа сұранысының жартысынан көбін жабуға мүмкіндік беріп, осы арқылы бұл өнімнің бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз етпек.

Бұған қоса, 2016-2017 жылдары өсімдік майын өндіру жөніндегі 4 кәсіпорынды, оның екеуі Петропавл қаласында, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Өнеркәсіп

Өнеркәсіп жалпы өңірлік өнімді қалыптастыратын негізгі салалардың бірі болып табылады. 2015 жылдың қорытындысы бойынша саланың үлесі жалпы өңірлік өнімде 11,2%-ға дейін ұлғайды, 168,5 млрд. теңге сомасында өнім шығарылды (ФКИ-101,1%).

Солтүстік Қазақстан облысы өнеркәсіп саласының өсу қарқыны бойынша республикада – 6-орында. Жалпы өнеркәсіп өндірісі көлемінің 18 пайызын құрайтын машина жасау саласы өңір өнеркәсібінің жетекші салаларының бірі болып табылады.

Есеп беру кезеңінде машина жасау өндірісінің көлемі 18,4 пайызға өсті.

Петропавл ауыр машина жасау зауыты “Теңізшевройл” сияқты ірі компанияның тапсырысын орындады, ал үстіміздегі жылы жапондық “Марубени корпорейшн” компаниясымен 509,2 млн. теңгеге және ресейлік “Уралмаш Холдинг” кәсіпорнымен 51 млн. теңгеге шарт жасалды. “ЗИКСТО” АҚ-да өндіріс көлемінің 4 есеге артқандығы байқалды.

Үкіметтің қолдауы арқасында үстіміздегі жылы Ұлттық компаниялардың жергілікті тауарөндірушілермен 81 млрд. теңге сомасында ұзақмерзімді шарттар жасауы жөніндегі жұмыс жалғастырылуда. Бұл кәсіпорындардың өндірістік қуаттылығының 80 пайызын құрайды.

Қазірдің өзінде машина жасау кәсіпорындарының тапсырыс портфелі 23 млрд. теңгені құрады. Өнім мұнай-газ, темір жол және энергетикалық кешендердің қажеттілігіне бағдарланған.

“ПЗТМ” АҚ, “ЗИКСТО” АҚ, “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ, “Мұнаймаш” АҚ шамамен 21 млрд. теңгенің өнімін шығаруды көздеп отыр.

Индустрияландыру картасы

2015 жылы Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы басталды. Оның аясында өңірімізде жалпы көлемі 100 млрд. теңгеден асатын 60-тан астам жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның 15-і 2015 жылы пайдалануға берілді.

Сондай жобалардың бірі “Радуга” тез дайындалатын тағамдар фабрикасы болып табылады. Бірегей кәсіпорын Елбасының қатысуымен өткен телекөпір барысында іске қосылды. Фабрика құрғақ таңғы астың 25 түрін шығарады. Бұрын бұл өнім, негізінен, Ресей Федерациясынан импортталса, қазір облыс өзін толық қамтамасыз ете алады. Өнімнің бір бөлігі экспортқа шығарылады.

“КАЗТЕХМАШ” машина жасау зауытының ашылуы облыс үшін үлкен оқиға болды. Кәсіпорын 59 жемшөп дайындау техникасын, 46 “SAMPO ASIA” маркалы комбайнын шығарды. Ол комбайндардың 22-сі өткен жылғы орақ науқанына қатысты. Бүгінгі күні зауыт жергілікті өндірушілерді тарта отырып, өндірісті жергіліктілендіру бағдарламасын жасады.

Үстіміздегі жылдың басында облыста ТМД аумағында тұңғыш рет “BARTEC Kazakhstan” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өздігінен реттелетін жылыту кабельдерін шығаратын зауытты іске қосты. Өндіріс тікелей шетел инвестициялары есебінен салынды. Кәсіпорынды жабдықтауда Германия, Швеция және Франциядан әкелінген технологиялар трансферті қолданылды. Зауыт ай сайын 250 мың метр өнім өндіре алады. Кәсіпорын Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығындағы 16-шы және 2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысында іске қосылған бірінші инвесторлық жоба болып табылады.

Жалпы Индустрияландыру картасы аясында 2016 жылы 4,4 млрд. теңгенің тағы 12 жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл 500-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Олардың арасында: “Қозықұйрық өсіру және қайта өңдеу зауытының құрылысы” (“Грибной мир” ЖШС); “Тез дайындалатын кеспе, ботқа, сорпа, картоп езбесін өндіретін цех салу” (“РИМ Каз Агро” ЖШС); “Дәнді дақылдарды тереңдете қайта өңдейтін диірмен цехының құрылысы” (“Торговый дом Богатырский продукт Север” ЖШС) бар.

Тоқтап тұрған кәсіпорындар

2015 жылы тоқтап тұрған кәсіпорындардың қызметін қайта қалпына келтіру жұмыстары аясында өңіріміздегі жұмыс істемей тұрған өнеркәсіп өндірісі түгенделіп, “Солтүстік Қазақстан облысында 2015-2016 жылдары бос қалған және тоқтап тұрған кәсіпорындарды қайта қалпына келтіру бойынша Жол картасы” жасалды.

Жол картасына облыстың 6 ауданы мен Петропавл қаласында жұмыс істемей тұрған 13 кәсіпорын енгізілді. Оның ішінде бір кәсіпорын – “Аделиада” ЖШС 2015 жылдың желтоқсан айында сұйық май шығара бастады. Үстіміздегі жылы жұмыс істемей тұрған 12 кәсіпорынды қалпына келтіру жұмыстары жалғасатын болады.

Жер қойнауын пайдалану

 

Облыстың минералды-шикізат кешені зор әлеуетке ие. Пайдалы қазбалардың 286 кен орны зерттелді. Қазақстанда өндірілетін шикізат өнімдерінің ішінде қалайының – 65, цирконийдің 37 пайызы біздің өңірде шоғырланған.

2015 жылдың қорытындысы бойынша құрылыс және құмды-қиыршықтастардың қоспасын шығаруды 18 пайызға (904,6 мың текше метр) арттыру есебінен қазба байлықтарын өндіру көлемі 19,5 пайызға көбейді.

Облыста көп кездесетін пайдалы қазбалар бойынша 50 және қатты қазбалар бойынша 7 келісімшарт тіркелген.

2015 жылдан бері “Костанайская поисковосъемочная экспедиция” ЖШС Үлкен-Қараой аумағындағы (Ақжар, Уәлиханов аудандары және Тайынша ауданының бір бөлігі) ресурсты болжап бағалау бойынша тереңдетілген геологиялық карталау жұмысын жүргізуде.

Австралиялық “Iiuka Resourses LTD” компаниясы үстіміздегі жылы минералдық құмдарды өңдеу бойынша зауыт салуға мүмкіндік беретін титанды-цирконий кен орындары бар жерлерге геологиялық зерттеу жүргізу жұмыстарына кірісуді жоспарлап отыр.

Кәсіпкерлікті дамыту

Облыста 34 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар, оларда 110 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Бұл облыстың еңбекке қабілетті әр үшінші адамы жұмыспен қамтылып отырғанын білдіреді.

Шағын және орта бизнестің жалпы өңір өніміндегі үлесі 25,2 пайызды құрайды, облыс бұл көрсеткіш бойынша республикада бесінші орында.

Жұмыс істеп тұрған және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау тетіктерін белсенді пайдалануда. Облыс “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 2015 жылы 2,5 млрд. теңгені игерді. Сонымен бірге 251 кәсіпкерлік субъектісінің өтінімі мақұлданды. Бұл 2014 жылғы деңгейден 13 пайызға (222 өтінімге) артық:

– 145 несиенің сыйақы мөлшерін субсидиялауға – 6,8 млрд. теңге;

– 847 млн. теңге сомасындағы 65 несиені кепілдендіруге;

– 4 нысан бойынша 0,7 млрд. теңге сомасына өндірістік инфрақұрылымды дамытуға;

– ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің 10,01 млн. теңге сомасындағы 6 жобасын гранттық қаржыландыруға;

– “Назарбаев Университеті” АБҰ бизнес-мектеп базасында шағын және орта бизнес топ-менеджментін оқытуға 31 өтінім қабылданды.

Аталмыш бағдарламаны тиімді жүзеге асырудың арқасында 2015 жылы кәсіпкерлердің қатысуымен 5 мыңнан астам қолданыстағы жұмыс орны сақталып қалды және 1 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Бағдарламаға қатысушылардың жалпы санына қатынасы бойынша мемлекеттік қолдау алған ауыл кәсіпкерлерінің салыстырмалы үлесі 53 пайызға дейін артып, 115 жобаны құрады (2014 жылы – 32,8 пайыз немесе 64 жоба).

Облыста экономиканың басқа да салалары үшін жақсы өндірістік сұраныс тудыратын кәсіпорындар ашылуда. Олар: қаңқа-панельдік үй құрылысына арналған темір-бетондық құрама элементтерін өндіретін “Единство” ЖШС, керамикалық кірпіш шығаратын “Алаугаз” ЖШС зауыты. Бұл кәсіпорын өңірімізге қажетті аталмыш құрылыс материалы көлемінің үштен бірін қамтамасыз етіп отыр.

2016 жылы өңір экономикасының басым салаларындағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды одан әрі ынталандыру бойынша жұмыс жалғасатын болады.

Үстіміздегі жылы:

– жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санын 36 мың бірлікке дейін;

– өнім өндіру көлемін 370 млрд. теңгеге дейін;

– жыл қорытындысында жұмыс істейтіндер санын 115 мың адамға дейін немесе 4,5 пайызға;

– жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнес кәсіпкерлігінің үлесін 27 пайызға дейін жеткізу көзделуде.

Туризмді дамыту

2015 жылы туризм саласын дамытуға 876 млн. теңге инвестиция бағытталды. “Жемчужина Имантау”, “Арлан”, “Ардагер” демалыс аймақтары ашылды, “Салтанат” және “Сокол” балалар лагерьлеріне күрделі жөндеу жүргізілді. “Солнечный ВИП” демалыс аймағында пантамен емдеу қолданысқа енгізілді және марал фермасы ашылды.

Петропавл қаласында осызаманға сай “Green Park” демалыс аймағы және “Европа” қонақүй-мейрамхана кешені пайдалануға берілді.

Өңіріміздегі туристік саланы дамыту мақсатында оның беделін арттырып, бет-бейнесін қалыптастыратын жұмыстар жүргізілуде. “СТВ” телеарнасының “Неизведанный Казахстан” бағдарламасы аясында Айыртау ауданы туралы хабарлар көрсетілді.

“ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесіне дайындық аясында Ресей Федерациясының шекараға жақын (Омбы, Қорған, Түмен) өңірлері тұрғындары үшін Петропавл қаласы, Айыртау ауданы арқылы “ЭКСПО – 2017” көрмесіне баратын туристік маршрут жасалды.

2015 жылдың 9 айында солтүстікқазақстандық туристік нысандарда 53,5 мың адам (ішкі туризм – 50,8 мың, сырттан келушілер – 2,7 мың адам) болған. Оларға 421,8 млн. теңгенің қызметі көрсетілген.

Үстіміздегі жылы Айыртау ауданында 3 (“Махметов” ЖК, “Эдельвейс” ЖШС, “Пірманов” ЖК) және Қызылжар ауданында 1 (“Таза Аспан” ЖШС) демалыс аймағының құрылысы жоспарланып отыр.

Петропавл қаласында 4 қонақүйдің (Hampton by Hilton, “Егоровские склады” ЖШС, “Rektoration” ЖШС, “Арнау Құрылыс” ЖШС) құрылысы жалғасуда. Облыс орталығындағы “Қызыл Жар” қонақүйін күрделі жөндеу жұмысы аяқталуға жақын.

Үстіміздегі жылдың мамыр айында туризм апталығын өткізу жоспарланған, оның аясында алғаш рет “Солтүстік Қазақстан облысының туристік әлеуеті” көрмесі өткізіледі.

Энергетика

“СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ Петропавлдың 2-ші жылу тарату орталығында (ЖТО) қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

2015 жылы қайта жаңартылғаннан кейін 2-ші жылу тарату орталығында құны 5,6 млрд. теңгенің №1 турбоагрегаты іске қосылды. Аталмыш турбинаны енгізу электр күшін 63 МВт-ға арттыруға, сондай-ақ, турбоагрегаттардың тозуын 14 пайызға азайтуға мүмкіндік берді.

“СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ 2016 жылы №2 ЖЭО-ның №12 жылыту қазандығы агрегаты мен №5 турбиналық агрегатында қайта жаңарту жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отыр. Қос жобаның құны сәйкесінше 3,1 және 6,5 млрд. теңге. Бұл шараларды жүзеге асыру 2016 жылдың соңына қарай қуаттылықты 541 МВт-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

2015 жылы бюджет қаржысы есебінен Петропавл қаласында құны 3,4 млрд. теңге болатын 4,6 км. жылу желісінің құрылысы жүргізілді. “Нұрлы Жол” бағдарламасы аясында 1,48 млрд. теңгеге 1,3 км. жылу желісі мен сорғы станциясы салынды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту

Облыста 1710 көпқабатты тұрғын үй бар, олардың 1046-сы – Петропавл қаласында.

2011-2015 жылдары “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасына 158 үй қатысып, 2,4 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржыға 120 үйдің шатырына жөндеу жүргізілді, 49-ның қасбеті, 36-сының кіреберісі жөнделсе, 56 үйдің инженерлік желілері жаңартылды, 39 лифт жөнделіп, ауыстырылды.

2015 жылы республикалық бюджеттен бөлінген 136,5 млн. теңгеге Петропавл қаласындағы 6 үйге жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар, қайтарылатын қаржыға тағы 3 үй (2 үй – Петропавл қаласында, 1 үй – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда) жөнделді.

2016 жылы бағдарлама аясында қайтарылатын 70 млн. теңгеге Петропавл қаласындағы 4 үйге жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.

Тұрғын үй құрылысы

2015 жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 140,4 мың шаршы метр тұрғын үй (1086 пәтер) пайдалануға берілді, бұл алдыңғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 116,9 пайызды құрады. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын (қолжетімді баспана салу) жүзеге асыру бойынша жалпы ауданы 23,7 мың шаршы метр 5 үй (280 пәтер) пайдалануға берілді. Оның ішінде жас отбасыларға арналған 3 жалдамалы баспана (135 пәтер) және тұрғын үй-жинақ жүйесінің қатысушылары үшін салынған жалпы ауданы 12,9 мың шаршы метр 2 үй (145 пәтер) бар.

Тұрғындар мен кәсіпорындардың қаржысына жалпы ауданы 105,4 мың шаршы метр тұрғын үй (606 пәтер) қолданысқа берілді.

“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында жалпы ауданы 11,3 мың шаршы метр екі жатақхана (әрқайсысы 100 пәтерден) іске қосылды.

2016 жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 185 мың шаршы метр немесе 2015 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 131,7 пайызға артық тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

Тұрғын үй-жинақ жүйесі арқылы жалпы ауданы 27,7 мың шаршы метр 4 үй (300 пәтер) салынады.

“Бәйтерек Девелопмент” АҚ жүйесі арқылы үстіміздегі жылдың мамыр айында Петропавл қаласының Юбилейный-Семашко көшелерінде жалпы ауданы 13,85 мың шаршы метр 2 тұрғын үйді (198 пәтер) пайдалануға беру жоспарланған.

“Бәйтерек” Ұлттық басқарушы холдингі” АҚ мен “Единство” ЖШС бірігіп жалпы ауданы 10 мың шаршы метр 2 іріпанельді үйдің (156 пәтер) құрылысын бастады.

“Қазақстан ипотекалық компаниясы” АҚ желісі арқылы жалпы ауданы 11,4 мың шаршы метр болатын 2 тұрғын үй (212 пәтер) салу жоспарланған.

Юбилейный көшесінің бойындағы жалпы ауданы 7,04 мың шаршы метр болатын 126 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтау көзделуде.

“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының үшінші бағыты бойынша үстіміздегі жылы Аққайың ауданының Смирново ауылында жалпы ауданы 385 шаршы метр болатын 5 бірпәтерлік тұрғын үй салынады.

Үстіміздегі жылдың наурыз айында жас отбасыларға жалпы ауданы 6,7 мың шаршы метр болатын 75 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Жалпы “Нұрлы Жол” және өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламалары аясында 2016 жылы облыс орталығында 11 тұрғын үйді (1011 пәтер) пайдалануға беру жоспарланған.

Автомобиль жолдары және көлік

Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысының автомобиль жолдары желісінің ұзындығы 7530 километрді құрап, ұзындығы жөнінен республика өңірлері арасында үшінші орынды иеленді (ШҚО – 8422 км. және Қостанай облысы – 8106 км.).

Өткен жылы облыста жол жөндеу кезінде ресурсты үнемдеу технологиясы – суық ресайклирлеу және топырақты тұрақтандыру әдісі (тұрақтандырғыш және тұтқыр материалдарды пайдалану арқылы бұрынғы жамылғыларды қалпына келтіру) қолданылды. Бұл әдістерді қолдану арқылы кететін шығынды 3 есеге дейін азайтып, нәтижесінде жөнделген жолдардың ұзындығын көбейттік.

2015 жылы жолдарды қайта қалпына келтіру, жөндеу және оны ұстау жұмыстарына 5,2 млрд. теңге бөлінді.

Тайынша ауданындағы Лавровка – Келлеровка – Тайынша – Чкалово автожолының 5,2 километрі қайта жаңартылды, 160 км. жолға күрделі және орташа жөндеу, сондай-ақ, автожолдарға ағымдағы жөндеу және ұстау жұмыстары жүргізілді. Бұл 150 мыңнан артық тұрғыны бар 210-нан астам елді мекенді байланыстыратын жолдардың жағдайын едәуір жақсартты.

2016 жылы бұл жұмыс жалғасын табады. 360 км. жолды жөндеу жоспарланған. Бұл мақсатқа 5,6 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр. Бөлінген қаржыға мына жұмыстар атқарылады:

– 11,7 км. жолды қайта жаңарту;

– Тайынша ауданындағы Лавровка – Келлеровка – Тайынша – Чкалово автожолындағы көпірді күрделі жөндеу;

– дәстүрлі әдіспен 47 километр жолды орташа жөндеу;

– 46 километр жолды жаңа технологияларды қолдану арқылы орташа жөндеу;

– 255 километр жолға ағымдағы жөндеу және басқа да жұмыстар жүргізу.

Үстіміздегі жылы қашықтығы 143 км. болатын Астана – Петропавл автомобиль жолын қайта жаңарту жобасы аяқталады.

Облыста 229 автобус бағыты бар, оның 5-еуі – халықаралық, 27-сі – облысаралық, 84-і – қалааралық және облысішілік, 10-ы – қаламаңы, 61-і – ауданішілік және 16-сы – ауыларалық, 25-і – қалаішілік бағыттар. Облыста 17 автостанция, Петропавл қаласында 1 автовокзал жұмыс істейді.

Барлық 678 елді мекеннің 630-ы қоғамдық автобус қатынасымен қамтылған, қамтылу көрсеткіші 92,9 пайыз (2014 жылы 91,6 пайыз болған, яғни 681 елді мекеннің 624-і).

2016 жылы облыстың елді мекендерін тұрақты автобус қатынасымен қамтуды ұлғайту жөніндегі жұмыс жалғасады.

2015 жылы Үкіметтің қорынан бөлінген қаржыға (4 млрд. теңге) мердігер компания “К-Дорстрой” АҚ Петропавл қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қолданыстағы параметрлерге сай жаңартты.

Қазіргі таңда әуежайдан Петропавл – Алматы – Петропавл, Петропавл – Астана – Петропавл авиабағыттары бойынша субсидияланатын республикаішілік жолаушылар тасымалы жүзеге асырылуда.

2016 жылы Үкіметтің қорынан бөлінетін 1,9 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған (жасанды ұшу-қону жолағын кеңейту және ұзарту, жарықпен ескерту беру құрылғысын орнату), сонымен қатар 1,4 млрд. теңгеге әуежайдың жолаушылар терминалы жаңартылады.

Жөндеу жұмыстары аяқталған соң әуежай барлық үлгідегі жолаушылар және жүк тасымалдайтын ұшақтарды қабылдайтын болады, бұл тұрақты түрде жолаушылар авиатасымалының санын көбейтуге, транзиттік авиабағыттарға қызмет көрсету мүмкіндігін арттыруға, жүк авиатасымалдары үшін тұрақты бағыттарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Сумен жабдықтау

2015 жылы облыстың елді мекендерін сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге 4,4 млрд. теңге бағытталды (оның 4,2 млрд. теңгесі – республикалық, 0,2 млрд. теңгесі – облыстық бюджеттен). 215,8 километр су құбырын қайта жаңарту және салу жұмыстары жүргізілді.

Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында 2015 жылы сумен жабдықтау бойынша 34 жоба, соның ішінде 33 жоба ауылдарда жүзеге асырылды. Ақжар ауданының 4 ауылында (Дәуіт, Казанское, Үлгілі, Қызылту), Аққайың ауданының 7 ауылында (Ивановка, Ленинское, Черкасское, Рублевка, Аралағаш, Трудовое, Астраханка), Мағжан Жұмабаев ауданының 3 ауылында (Бәйтерек, Медвежка, Лебяжье), Қызылжар ауданының 9 ауылында (Асаново, Знаменское, Новоникольское, Бугровое, Рассвет, Подгорное, Красная горка, Приишимка, Водопроводное), Тайынша ауданының 2 ауылында (Чермошнянка, Тихоокеанское) сумен жабдықтау нысандарында құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары, Уәлиханов ауданында су құбырын салу аяқталды.

2015 жылдың қорытындысы бойынша 2,2 мың адам тұратын 3 елді мекенге (Есіл ауданының Горное ауылы, Тайынша ауданының Чермошнянка ауылы, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Разгульное ауылында “Приишимье Агро” ЖШС-нің қаржысы есебінен) су берілді. Тұрғындар саны 35,8 мың адамды құрайтын 41 елді мекенде сумен жабдықтау жақсартылды. Ал 2016 жылы Тайынша қаласында су тарату желілері құрылысын аяқтау жоспарланып отыр, аталмыш жобаға 403 миллион теңге бөлінді.

“Нұрлы Жол” бағдарламасы аясында облыс орталығындағы сумен жабдықтау және суды бұру тораптарының қайта жаңарту жұмыстарына 3,5 миллиард теңге бағытталмақ. Кәріздік тазарту құрылыстарын қайта жаңарту жұмыстары жалғасын табатын болады. Еуропа қайта құру және даму банкінен алынған қаржыға “Қызылжар су” ЖШС нысандарын жаңғырту жөніндегі жобаны жүзеге асыру көзделуде. Жоба құны 3 миллиард 850 миллион теңге (жүзеге асырылу кезеңі 2016-2018 жылдар).

Су ресурстары жөніндегі комитет Соколов топтық су торабының қайта жаңарту жұмыстарын аяқтайды. Бұл жұмыстың нәтижесінде 10 ауылда сумен жабдықтау жақсартылып, 3 ауыл орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілетін болады.

“Нұрлы Жол” бағдарламасы

Облыста “Нұрлы Жол” бағдарламасы аясында 13 жоба жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа 2015 жылы Ұлттық қордан 3,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға жаңа әлеуметтік нысандар, мектептер, 320 орынға арналған балабақша салынып, тұрғын үй-коммуналдық, көлік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 2015 жылға жоспарланған қаржы толық көлемінде игерілді.

Әлеуметтік қорғау

2015 жылы 27 мыңнан астам солтүстікқазақстандық, оның ішінде 15,2 мың адам жұмыспен қамту органдары арқылы жұмысқа орналастырылды. 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, оның 72,1 пайызы – ауылдық жерлерде. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 2015 жылы облыс 2,4 миллиард теңге игеріп, 5 мың-нан астам адам бағдарлама шараларымен қамтылды. Қолданылған шаралар жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайызға дейін (2014 жылы 5,0 пайыз), табысы ең төменгі күнкөріс кірісінен төмен тұрғындардың үлесін 3,7 пайызға дейін (2014 жылы 4,2 пайыз) төмендетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

2015 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында облыс бойынша орташа еңбекақы 4,1 пайызға өсіп, 83,0 мың теңгені құрады.

2015 жылы жұмыспен қамту органдары 556 мүмкіндігі шектеулі адамды жұмысқа орналастыруға ықпал жасады. Мүгедектерді оңалту, олар үшін нысандардың, көліктің, ақпарат пен қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қолданылуда. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың әлеуметтік нысандар мен қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік және жекеменшік сектордағы 151 нысан қайта жабдықталды.

2015 жылы барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 349,8 миллион теңгеге техникалық құралдар, протездік-ортопедиялық көмек, сондай-ақ, гигиеналық құрал-жабдықтар алынып, жеке көмекшілер қызметімен және ым тілі мамандарымен қамтамасыз етілді. Оңалту құрылғыларымен барлығы 4375 адам қамтамасыз етілді.

Білім беру

2015 жылы облыстағы балабақшаларда 1148 жаңа орын пайдалануға берілді. Олардың барлығы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ашылды. Мысалға, өңірдегі екі ірі компания өз қаражаттарына 600 орындық екі жаңа балабақша салды. Нәтижесінде жылдың қорытындысы бойынша мектепке дейінгі балаларды тәрбиемен және оқытумен қамту 3,9 пайызға артып, 97 пайызды құрады.

2016 жылы жаңа мектепке дейінгі мекемелерде 1263 орын ашу жоспарлануда. Оның 288-і – облыс аудандарында, 975-і – Петропавл қаласында. “Петрострой-Люкс” ЖШС 200 орындық жекеменшік балабақшаның құрылысын аяқтауға жақын. Сондай-ақ, ағымдағы жылы “Нұрлы Жол” бағдарламасы бойынша құрылысы жүргізіліп жатқан 320 орындық балабақша пайдалануға беріледі. Концессиялық жоба аясында 370 орындық 3 балабақшаның құрылысы басталады.

2015 жылдың қорытындысы туу көрсеткішінің бірте-бірте көтеріліп келе жатқанына көз жеткізіп отыр. 2013 жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда үстіміздегі оқу жылында бірінші сыныпқа барған балалардың саны 782 оқушыға өсті (2013 жылы – 7231 адам, 2014 жылы – 7551 адам, 2015 жылы – 8013 адам).

Өткен жылы облыстағы ең елеулі оқиғалардың бірі Петропавл қаласында химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ашылуы болды. Облыста бұл мектеп білім берудің жаңартылған мазмұнын енгізуде базалық оқу орны болып табылады.

2015 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Буденное ауылында 90 орындық және Мамлют ауданының Мамлютка қаласында 300 орындық мектептердің құрылысы аяқталды. Бұл облыстағы апаттық мектептердің мәселесін толықтай шешуге мүмкіндік берді. Ал үш ауысымдық оқытуды жою мақсатында Ұлттық қордан бөлінген қаржының есебінен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимское ауылында 400 орындық мектеп-интернаттың және Тайынша ауданының Тайынша қаласында 300 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Барлық нысандар биыл пайдалануға берілмек.

Өткен жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша білім берумен айналысатын 24 мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылы 10 білім беру мекемесінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделуде. 46 мектепте жылыту қазандықтары қайта жаңартылды. Үстіміздегі оқу жылының басында оқулықтар мен оқу-әдістемелік әдебиеттерді сатып алуға бюджеттен 444,9 миллион теңге бөлінді. Бұл мақсатқа алдағы оқу жылында 250 миллион теңге қарастырылған. Мемлекет басшысы 2017 жылды “Баршаға арналған тегін кәсібитехникалық білім” жаңа жобасы мәре алатын жыл деп жариялады. Біздің облысымызда кәсіптік және техникалық білім алуға жақсы негіз қаланған. Облыста техникалық және кәсіптік білім беретін 27 ұйым жұмыс істейді. Оларда 12 мыңнан астам студент, соның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 8 мыңнан астам адам (немесе 65 пайызы) білім алуда. Кадрларды даярлау 75 мамандық пен 107 біліктілік бойынша жүзеге асырылуда. Үстіміздегі оқу жылында 80 кәсіпорынмен бірлесе отырып 12 колледжде 24 мамандық бойынша дуалды оқытуды енгізу жүзеге асырылуда. Жыл сайын 7 мыңнан аса студент өндіріс алаңында кәсіптік тәжірибеден өтеді, олардың үштен бір бөлігі еңбекақы төлейтін жұмыс орындарымен қамтылған. Дуалды оқыту шеңберінде 3 кәсіпорында (“Петропавл ауыр машина жасау зауыты” мен “Мұнаймаш” АҚ-ы, “Қазтелерадио” АҚ филиалы) оқу кабинеттері ашылды. “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ кадрларды сапалы даярлау мақсатында Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі базасында электр энергиясымен жабдықтау мамандығы үшін 5 миллион теңгенің оқу полигонын орнатты.

Ж.Қизатов атындағы Есіл ауылшаруашылық колледжінде 30 бас мал ұсталатын оқу фермасы жабдықталып, арнайы пәндер бойынша 3 кабинет жасақталды. Өңдеу саласы үшін “Ет және ет өнімдері өндірісі” атты жаңа мамандық ашылды.

“Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту” жобасы шеңберінде 2015 жылы Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі “Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану” мамандығы бойынша 41 миллион теңгенің грантын жеңіп алды. Бұл қаржы колледжді нығайту мен дамытуға жұмсалады. Колледж негізінде құрылыс саласы бойынша мамандар даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыруды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімше – ресурстық орталық ашылды.

2015 жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 10 мамандық бойынша 129 адам 7 колледжде білім алып (2012 және 2014 жылдары қабылданған), жұмыс берушілер өтінімдерімен жұмысқа орналастырылды. Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжде жұмыспен қамту орталықтарының бағыттауымен 21 адам “Әлеуметтік жұмыс” мамандығы бойынша 3 айлық қайта даярлау курсынан өтті.

2015 жылы “Мәңгілік ел жастары – индустрияға” жобасы аясында 5 колледжде 9 мамандық бойынша 249 студент пен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде 415 жас артық жұмыс күші бар өңірлерден келіп білім алуда.

Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау саласындағы жұмыс тұрғындардың өлімі мен мүгедектігіне себеп болатын жайлардың алдын алуға бағытталған.

2015 жылы облыс пен қаладағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін жергілікті бюджеттен 463 миллион теңге қаржы бөлінді. 55 бірлік санитарлық көлік сатып алынды, облыстық перинаталдық орталықтың және облыстық балалар ауруханасының сурдология кабинетінің жабдықтары жаңартылды, әр аудандық ауруханаға жаңа туған нәрестелердің есту қабілетін тексеретін аудиометрлер берілді.

Облыс тұрғындарына мемлекеттік ұйымдарда 1413 дәрігер, 4904 орта буын маман медициналық көмек көрсетеді. 2015 жылы денсаулық сақтау саласы 68 жас маманмен толықты, олардың 24-і ауылдарда жұмыс істейді. Мемлекеттің жәрдемақысы 51 маманға берілді, 35 жас маман үшін жалгерлік тұрғын үй төлемі төленеді.

Онкоскринингтің 6 түрі енгізілген Ұлттық скрининг бағдарламасы тиімді жұмыс істеп, онкологиялық ауруларды ерте анықтауды 57 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Онкологиялық ауруға шалдыққандардың одан кейін бес жылға дейін өмір сүруі соңғы жылдары 54,3 пайызға өсті.

Өткен жылы денсаулық саласының негізгі көрсеткіштері облыс медицина қызметкерлерінің кәсіби жұмысына байланысты нәтижелі болды. Есепті кезеңде ана өлімі мен балалардың туберкулез ауруынан қайтыс болуы тіркелген жоқ. Нәресте өлімі – 13,8 пайызға, туберкулез ауруына шалдығу 6,7 пайызға қысқарып, туберкулезден өлу 1,3 есеге азайды.

2015 жылы облыстың төрт ұйымында (облыстық ауруханада, перинаталдық орталықта, кардиологиялық орталықта, №3 қалалық ауруханада) тұрғындарға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді. Жыл бойы осындай қызметті 1227 адам пайдаланды.

Облыстық кардиологиялық орталықта қолқақантамырын шунттеу бойынша 166 ота және 488 стенттеу, 1380 коронография және 63 ангиография жасалды.

2016 жылы жергілікті бюджеттен денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 9 жоба бойынша күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 308,5 миллион теңге бөлінді. Ол қаржының жартысынан астамы жүкті әйелдерге және балаларға көмек көрсететін ұйымдарды жөндеуге, облыстық перинаталдық орталыққа, №3 қалалық аурухананың балалардың инфекциялық аурулары бөлімшесіне, Жамбыл аудандық орталық ауруханасының балалар бөлімшесіне бөлінді.

“Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 6 жоба бойынша медициналық мекемелерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 120491 мың теңге (оның ішінде 108440 мың теңге – республикалық бюджеттен, 12051 мың теңге – жергілікті бюджеттен) қарастырылған. Бұл қаржыға екі аудандық ауруханаға (Тимирязев пен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар), балаларға көмек көрсететін екі ұйымға (№1 қалалық емхананың балалар бөлімшесі мен облыстық балалар ауруханасына) жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

2016 жылы медициналық құрал-жабдықтар мен санитарлық көлік сатып алуға жергілікті бюджеттен 407,8 миллион теңге жоспарланды. Ол қаржыға 8 бірлік санитарлық көлік, 35 бірлік медициналық техника сатып алу және ауылдық елді мекендердегі төрт медицина ұйымының жылыту жабдықтарын ауыстыру жоспарланып отыр.

Тұтастай алғанда, алдағы жылдары саланың алдында денсаулық сақтау саласының тиімді жүйесін қалыптастыру, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Облыс тұрғындарының алғашқы медициналық-санитарлық, сол сияқты, стационарлық көмек тұрғысынан көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасына риза болуына айрықша назар аударылады.

Мәдениет

Облыстағы 590 мәдениет және мұрағат нысандары, оның ішінде 240 клуб, 317 кітапхана, 12 мұражай, 15 мұрағат, 3 театр, филармония, кинобейнеқорды сақтау мен пайдалану орталығы жұмыс істейді. Бұл салада 2615 адам жұмыспен қамтылған.

2015 жылы 18 мәдениет нысаны ашылды. Оның ішінде 12 демалыс орталығы Мағжан Жұмабаев ауданында (Надежка а.), Тайынша ауданында (Қарағаш, Заречный а.), Мамлют ауданында (Дубровное а.), Шал ақын ауданында (Ақанбарақ және Балуан а.), Аққайың ауданында (Рублевка, Добровольское а.), Қызылжар ауданында (Красноярка және Бугровое а.), Есіл ауданында (Қарағай а.), Айыртау ауданында (Жақсы-Жалғызтау а.), 6 кітапхана Мағжан Жұмабаев ауданында (Бастомар а.), Тайынша ауданында (Новогречанка а.), Уәлиханов ауданында (Қарашілік, Көбенсай а.), Айыртау ауданында (Елецкое, Қаратал а.) ашылды.

“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша екі ауылдық клубқа және Аққайың, Ақжар, Мамлют аудандарының Мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыстық бюджеттен бөлінген 300 миллион теңгеге облыс орталығында күрделі жөндеу жүргізіліп, Жастар үйі ашылды, (200 млн. теңге), Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының материалдық-техникалық базасы нығайтылды (100 млн. теңге).

2015 жылы төрт ірі мерейтойлық дата: Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтілді.

Астана қаласында өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Солтүстік Қазақстан облысының Мәдениет күндері салтанатты шарасына өңіріміздің үздік шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары, қолөнер шеберлері қатысты.

Қазақстан Конституциясының 20 жылдығын мерекелеу шеңберінде Шәмші Қалдаяқов пен Кәкімбек Салықовтың әндерін орындаушылардың байқауы ұйымдастырылды. Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылып мұражайлардағы жәдігерлер жаңартылды, облыс театрларында Қожаберген жырау туралы және “Бейбарыс сұлтан”, “Қарт Қорқыттың ертегілері” атты қойылымдар көрсетіліп, “Көшпенділердің мұралары” атты көрме өткізілді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылында облыстық бейнелеу және мүсін өнерлері мұражай қорынан көрмелер ұйымдастырылып, Астана қаласындағы Тұңғыш Президент мұражайында “Бірлік бесігі” этнографиялық көрмесі, мұражайлар арасындағы ынтымақтастық шеңберінде тарихи-өлкетану мұражайында “Қазақстан: бейбітшілік, руханият және келісім аумағы” атты көрме өткізілді.

Өңірлер ынтымақтастығы негізінде облыстың қуыршақ театры Ресейдің Омбы қаласында өткен қуыршақ театрларының халықаралық фестиваліне қатысты. Кейін омбылық “Арлекин” қуыршақ және маска театры Петропавлға келіп, өнер көрсетті. Ресей мен Қазақстан халықтарының мәдени мұрасын сақтау және дамыту мақсатында Омбы қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына толық жабдықталған киіз үй сыйға тартылды.

Театрлар ұжымы 5 халықаралық және республикалық фестиваль мен байқауға қатысып, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей елдерінің жоғары марапаттарына ие болды. Облыстық филармония ұжымы Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өнер көрсетіп, қазақ елінің жетістіктерін паш етті.

Облыстық ғылыми кітапхана АҚШ елшілігінің 11 мың долларды құрайтын 18-ші грантына ие болды және “ХХІ ғасырдағы Қазақстанның үздік кітапханасы” аталымы бойынша жеңіске жетіп, 1 миллион теңгенің сертификатын алды.

Облыста 1,5 миллион құжат сақталған 15 мұрағат мекемесі жұмыс істейді. Оның ішіндегі 32939-ы аса құнды құжаттар, шіркеу мен мешіттердің 1855 жылдан бергі метркелік кітаптары, Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Орынбор қаласындағы мұрағаттардан алдырылған Абылай ханның өмірі мен қызметі туралы мұрағат құжаттарының көшірмелері бар.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында “Солтүстікқазақстандық Кеңес Одағының Батырлары”, “Қызылжар ауданынан шыққан Кеңес Одағының Батырлары” өмірбаяндық анықтамалық кітаптар жарық көрді. Өңірдің және республиканың айтулы және мерейтойлық күндеріне арналған 2016 жылдың күнтізбесі, “Мағжан Жұмабаев ауданы мұрағат қорының пайда болуы” атты ақпарат анықтамалығы дайындалды.

Облыста Ұлы Отан соғысына арналған 532 ескерткіш бар. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Жамбыл ауданының Пресновка ауылында Даңқ мемориалы орнатылды, Қызылжар ауданының Новоникольское және Березовка ауылдарында Кеңес Одағының Батырларына арналған ескерткіштер ашылса, Петропавл қаласындағы Жеңіс саябағында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

2016 жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын және облыстың 80 жылдығын тойлау аясында 1500-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған.

Облыс аудандарындағы мәдениет мекемелерінің санын 10 нысанға көбейту көзделіп отыр. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша Аққайың, Айыртау және Жамбыл аудандарының ауылдық Мәдениет үйлеріне және Мағжан Жұмабаев ауданындағы Булаево қаласының Мәдениет үйіне жалпы сомасы 82,2 млн. теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлiгiмен бірлесіп, Айыртау ауданының Никольское ауылында “Ботай” мұражай-қорығы” мемлекеттік кәсіпорнын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Үстіміздегі жылдың маусым айында Шығыс Қазақстан облысында Солтүстік Қазақстан облысының Мәдениет күндері, ал тамызда біздің өңірде Шығыс Қазақстан облысының Мәдениет күндері өтеді.

Солтүстік Қазақстан және Ресейдің Омбы облыстары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту және мәдениет пен мұрағат салаларында ақпарат алмасу шеңберінде Омбы қаласының негізі қаланғанына 300 жыл болуына орай “Ұлы дала тынысы” атты көрме экспозициясын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Қорған облысының Үкіметімен мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасалды, 2016-2018 жылдары Қорған қаласында “Ұлы дала тынысы” мұражайының қорынан этнографиялық көрме мен Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының гастролі ұйымдастырылады.

Спорт

Солтүстік Қазақстан облысында 162 020 адам (облыс тұрғындарының 28,4 пайызы) дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады (республикалық орташа көрсеткіш – 26 пайыз). Бұл облысымызға бұқаралық спортпен қамту бойынша – 5-орынға және өсу екпіні бойынша – 4-орынға көтерілуге, нәтижесінде 10302 адамға немесе 1,9 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Тұрғындар денсаулығын нығайту мақсатында өңірде 2738 спорттық ғимарат жұмыс істейді. Спорт ғимараттарының жүйесі 345 бірлікке көбейді.

Облыс аумағында 91 (жалпы саны – 391) хоккей корты салынса, 20 хоккей корты қайта қалпына келтірілді, 213 футбол және шағын футбол алаңдары қатарға қосылды.

Орын тапшылығын азайту мақсатында спорт алаңдарында:

– Петропавл қаласының “Жас өркен” шағынауданында мұз айдыны мен жеңілатлетика манежі бар, жалпы аумағы 14853 шаршы метрлік Спорт сарайы;

– демеушілердің қаражаты есебінен “Қарасай” стадионында жабық хоккей корты пайдалануға берілді.

Балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтыру және спортпен қамту мақсатында облыста балалар мен жасөспірімдердің 26 спорт мектебі, спортқа дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат, Олимпиада резервін даярлау орталығы, 2 жоғары спорт шеберлігі мектебі, 7 спорт клубы жұмыс істесе, олардың үшеуі (“Қуаныш” әйелдер волейбол клубы, “Барыс” баскетбол клубы және “Құлагер” хоккей клубы) 2015 жылы ашылды.

Өңірде спорттың 77 түрі тараған. 2015 жылы солтүстікқазақстандықтар 15 әлем біріншілігіне, 14 Азия, 154 Қазақстан біріншілігіне және 48 халықаралық турнирлерге қатысты. Спортшылар үшін 60-тан астам оқу-жаттығу жиындары өткізілді.

2015 жылы Айдар Қазов (ауыр атлетика), Тимур Хайыров (жүзу), Евгений Горбузняк (грек-рим күресі), Руслан Толчеев пен Мария Тимошина (жатып сығымдап көтеру), Алексей Баталов, Серафима Шахова, Виктория Фролова және Антонина Фролова (армрестлинг) Азия біріншілігінің жеңімпаздары атанды.

Азия біріншіліктерінің жүлдегерлері атанғандар – велосипедшілер Жандос Бижігітов (2-орын) пен Артем Захаров (3-орын), Лада Фомина (3-орын, жеңіл атлетика), Мария Зуева (3-орын, еркін күрес), Назгүл Маратова (3-орын, дзюдо).

“ITF” таэквон-до бойынша әлем біріншілігінде Илья Хван (арнайы техника) жеңімпаз атанды. Грек-рим күресінен өткен әлем біріншілігінде Аманғали Бекболатов жастар арасында қола медальға ие болса, Дастанбек Алпамыс грек-рим күресінен өткен әлем біріншілігінде жасөспірімдер арасында үшінші болды.

Жазғы президенттік көпсайыстан әлем чемпионатында сынға түскен Юлия Пропустина ел құрамасының қоржынына қола медаль салды.

Мұса Сұлтанов пен Мария Хасанетдинова спорттық биден өткен әлем кубогының жеңімпаздары атанса, Дани Жаукин мен Анна Конопкина қола жүлдеге қол жеткізді.

Германияның Инцель қаласында конькимен сырғанау спортынан өткен әлем кубогында “В” тобында кезең жеңімпазы атанған Роман Креч әлемдік рейтингте 10-шы орынға көтерілді. Дарья Назарова таэквон-до бойынша өткен әлем кубогында алтыннан алқа тағынды.

Солтүстікқазақстандық гір көтерушілер әлем біріншілігінен екі күміс және үш қола медальмен оралды. Атап айтқанда, Михаил Вологодский мен Владислав Третьяков күміс медаль алса, Елена Костенко мен Василий Слепых қола жүлдегер атанды.

Гір спортынан өткен Еуропа біріншілігінде Мария Наумова, Виталий Диденко, Радик Арсланов, Әділ Бекетов күміс медальға қол жеткізді. Назгүл Маратова дзюдодан өткен Еуропа кубогында үшінші болды.

Біздің жерлесіміз, кәсіби боксшы Жанат Жақиянов өткен жылдың қараша айында “WBA” нұсқасы бойынша уақытша әлем чемпионының белбеуіне ие болып, Қазақстан боксы тарихында аталмыш атақ иеленген төртінші боксшы атанды.

Бүгінгі күні 339 солтүстікқазақстандық спорттың бірнеше түрлері бойынша Қазақстанның ұлттық құрама командаларына кіріп отыр.

Облыс жаттықтырушылары 6 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 11 спорт шеберін, 122 спорт шеберлігіне үміткерді және 140 бірінші разрядты спортшыны дайындады.

Есепті кезеңде республикалық және халықаралық жарыстарда жерлестеріміз 530 медаль иеленді. Оның 194-і – олимпиадалық, 336-сы олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша.

2015 жылы 90 спортшы облыс әкімінің стипендиясын алды. Бұл – 2014 жылмен салыстырғанда 26 стипендияға артық.

2016 жылғы басты мақсат – Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындары және паралимпиялық ойындарға жолдама ұтып алу.

ХХХІ Олимпиада ойындарына 9 солтүстікқазақстандық спортшы үміткер. Олар:

– жеңілатлетшілер – Маргарита Мұқашева, Ирина Эктова, Евгений Эктов, Максим Литвин;

– велосипедшілер – Алексей Луценко, Артем Захаров, Бахтияр Қожатаев;

– ауыр атлетші – Айдар Қазов;

– грек-рим балуаны – Жанарбек Қабдолов.

2016 жылы облыста бұқаралық спортпен айналысушылардың санын арттыру мен спорттық нысандар жүйесін кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғастырыла береді.

2016 жылы Қызылжар ауданының Новоникольское ауылында (бассейні және ойын залы бар) және Шал ақын ауданының Жаңажол ауылында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Петропавл қаласында 1000 орындық әмбебап теннис орталығының құрылысын бастау жоспарлануда. Онда бір мезгілде 3 жабық, 3 ашық кортта 66 адам ойнай алатын болады.

Жастар саясаты

Облыста жастарды қолдау үшін жастар саясаты жөніндегі кеңестер мен жастар бастамалары орталықтары жұмыстарын жалғастыруда. Мемлекет ауыл жастарын қолдау үшін қолайлы жағдай жасауда. “Дипломмен – ауылға!” жобасы шеңберінде 2015 жылы 321 жас маман жалпы сомасы 44,5 миллион теңге болатын жәрдемақы алды. Осы кезеңде 157 маманға 415,3 миллион теңге несие берілді.

Былтыр жұмыс берушілердің белсенді қолдауымен “Жастар практикасы” жобасы шеңберінде 352 жас маман “Жастар практикасынан” өтті. “Жасыл ел” бағдарламасы бойынша 323 адам жұмыспен қамтылды.

Жастарды еңбекке орналастыруға мемлекеттік қолдау шаралары нәтижесінде облыста жұмыссыз жастар деңгейі 2015 жылдың қорытындысы бойынша 2,9% болды.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету өңіріміздегі қалыпты өмір мен қызметті қолдаудың аса маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Былтыр облыстың ішкі істер органдары аудан әкімдерімен бірлесе отырып, ауылдық жерлерде тұрғындардың 1025 жиынын өткізді, оларда азаматтардың құқық тәртібін қорғауға, қоғамдық малды бағуды ұйымдастыруға, “Сақшы” отрядын құруға қатысты мәселелер көтерілді.

Нәтижесінде облыста мал ұрлау оқиғасы 44 пайызға қысқарды, оларды ашу көрсеткіші 13 пайызға өсті. Көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда тәртіп орнату жөніндегі жұмыс жанданды. Облыс орталығында үшауысымдық патрульдеу енгізілді.

Облыс аумағында 158 бейнебақылау қондырғысы (облыс орталығында – 74, аумақтық бөлімшелерде – 84) жұмыс істейді. Олардың көмегімен 13 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, 282 қылмыс ашылды.

Тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстардың нәтижесінде кісі өлтіру саны 19,5 пайызға (ашылуы 96,7%); тонау 17,5 пайызға (ашылуы 81,2%); бопсалаушылық 51,6 пайызға (ашылуы 100%); бөтен адамның мүлкін ұрлау 12,9 пайызға (ашылуы 71,4%); зорлау 19,2 пайызға (ашылуы 100%); бұзақылық 5,8 пайызға (ашылуы 100%) қысқарды.

Ресей өңірлерімен ынтымақтастық

2015 жылдың 11 айында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен өзара сауданы есепке алғанда, облыстың жалпы тауар айналымы 542, 2 млн. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт – 120 млн. АҚШ доллары, импорт – 422,2 млн. АҚШ доллары.

Облыстың негізгі экспорттық тауарлары бидай мен ұн болып қалуда. Негізінен, машиналар мен қондырғылар, көлік және тамақ өнімдері импортталады.

Облыс алыс және жақын 70-тен астам елмен байланыс орнатқан.

Солтүстік Қазақстан облысының басты сауда-экономикалық серіктесі Ресей Федерациясы болып табылады. Облыстың тауар айналымының жалпы көлемінің 70 пайызға жуығы Ресейге тиесілі.

Ресейдің шекаралас Омбы, Түмен және Қорған облыстарымен ынтымақтастық сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және басқа да салаларда жасалған келісімдер негізінде жүзеге асырылады.

Өзара тиімді қызметтер көрсету және тауарлар жеткізу мақсатында Солтүстік Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясының кәсіпорындары арасында келісімшарттар жасалып, жүзеге асырылуда.

Солтүстік Қазақстан облысы мен Ресей өңірлерінің ресми делегациялар алмасу тәжірибесі жалғасуда.

2015 жылы Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы ресми іскерлік сапармен Омбы, Түмен және Челябі облыстарында болды.

Омбы, Түмен, Қорған және Челябі облыстарының делегациялары өз кезегінде жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына келді.

Нәтижесінде бірлескен 25 құжатқа қол қойылды. (7 келісім, 15 меморандум, 2 хаттама, 1 бірлескен жоспар).

Облыстың Ресеймен әріптестік қатынасын дамыту одан әрі жалғаса береді.

Қымбатты жерлестер!

Тұтастай алғанда, Солтүстік Қазақстан облысының 2015 жылдағы даму қорытындысы осындай болды. Мемлекет басшысының ел халқына арнаған “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауында айқындалған тапсырмалар ескеріле отырып, өңіріміздің дамуының алдағы кезеңіне зор міндеттер қойылып отыр. Барлық мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмыс одан әрі жалғастырылатын болады.

Солтүстік Қазақстан облысы алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуге өзінің лайықты үлесін қосатындығына сенімдімін.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp