Жамбыл ауданының орталығы – Пресновка ауылында дәстүрлі “Солтүстік – 2014” қысқы ауылдық спорт мерекесі өз мәресіне жетті. Спорттық шара барысында 200-ден астам солтүстікқазақстандық спорттың 7 түрі бойынша бақ сынаған болатын.
Бұған дейін конькимен сырғанау, допты хоккейден, президенттік көпсайыс және биатлон бойынша жарыстар облыс орталығы мен Айыртау ауданының спорт алаңдарында өткен болатын. Ал сайыстың ақтық кезеңінде шаңғы, шорт-трек, хоккей және футзал құрама командалары сынға түсті.
Атап айтқанда, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның спортшылары – шаңғы жарысынан, Аққайың ауданы – шорт-тректен, Тайынша ауданы – футзалдан, ал М.Жұмабаев ауданы допты хоккейден алдарына жан салмады.
Үш күнге созылған “Солтүстік – 2014” қысқы ауылдық спорт мерекесінің қорытындысы бойынша 146 ұпай жинаған Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның құрамасы жалпыкомандалық есепте жеңіске қол жеткізді. Ал 135 және 129 ұпайы бар Қызылжар мен М.Жұмабаев аудандарының құрама командалары сәйкесінше екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Үздік үштікке енген командаларға 500, 300 және 200 мың теңгенің сертификаттары табысталды.
Ал жарыста тек бесінші орын алғандарымен, спорт мерекесін жоғары дәрежеде өткізген жамбылдықтар облыс әкімі Самат Ескендіровтің сыйлығы – “ГАЗель” автокөлігіне ие болды.
Алдағы жылы “Солтүстік” спорт мерекесі Уәлиханов ауданында өткізілетін болады.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.