Соңғы кезде ісқағаздармен айналысатындар орыс тілінен қазақшаға тура аударатын болып жүр. Сөзбе-сөз. Орыс тілінде оқығанда түсінікті, ал қазақшасы… Құдай-ау, сөздері, сөйлемдері созылып, тізбектелгенде, тіпті, мағынасына түсінбей қаласың.
Ал енді қазақтың өз тіліне келсек, өзіміздің тілде де көп сөз дұрыс айтылмайды. Мысалы, бір-екі баласы бар, бірақ қасында күйеуі жоқ әйелді “жалғызбасты” дейміз. Баласы бар ана қалай жалғызбасты болады? “Жесір” десе бір сәрі. Менің ойымша, орысша “одинокая” дегенді тура аударып алғанбыз.
1990 жылдары қазақ тіліне ауысу науқаны басталғанда (Уәлиханов ауданы бірінші болып кіріскен болатын) сырқаттанып, орталық ауруханаға бардым. Кезегім келгенде бір медбике: “Ауру Әйтімов, кіріңіз!” – деді. “Әй, шырағым, менің тісім ғана қақсап келдім, жаңағы сөзің не, айналайын?..” – деп ренжідім. Сонда ақ халат киген қыз бала: “Аға, мына қағазда солай жазулы тұр…” – деп, ақтала бастады. Сөйтсе, бұрын сырқаттанып келгендердің бәрін “больной” деп жазған ғой. Сол “больнойды” тура қазақшаға аударып тұр екен. Түсінген қазаққа қандай ауыр сөз?!
Белгілі журналист Айнаш Есалы қолына “Үйінде мерт болды” деген қағаз алыпты. “Несчастный случай в быту” дегенді “Үйінде мерт болды”, деп аудара салыпты. Ал Айнаш бар болғаны аяғын жарақаттап алған екен. “Мемлекеттік тілді осылай қорлауға бола ма?!” – деп жазыпты ол өзінің осындай тақырып қойылған мақаласында. “Мерт болды” мен “мертіктінің” мағынасын айыра алмаған ғой дәрігерлеріміз.
Ал енді көз болған соң көреміз, құлақ болған соң естиміз ғой: Тілеуқабыл – Телекабель, Ыдырысты – Едрес, Мырзатай – Мрзатай, қызметкер – қызыметкер деп айтылып та, жазылып та жүр. Тіліңді тістеуден басқа амал жоқ.
Тіпті, қазақ тілін үйренеміз деп, оны келемежге айналдырғандай болатындар да кездесіп қалады. Менің көзімше бір хатшы қыз қызмет бабымен ұялы телефон арқылы бастығына хабарласа алмаған соң “Сондруля” дегенін естідім. Ұялы байланыс жүйесінде жаңадан шыққан, мен түсінбейтін сөз бе деп: “Бұл не деген сөз?” – деп сұрағанымда: “Бастық жауап бермейді, значит телефоны сондруля”, – деді. Сөйтсем, “сөндірулі” деген сөзді “жаңашаландырып” тұрғаны екен. Мысалы, апаны – апашка, атаны – аташка дегендей…
Ал ашуланайын, ал дауласайын бәрімен. “Ондай сөз жоқ қазақта” деп.
Мұндай жағдай жиі кездеседі. Көңіл аудармайын десең, “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!” – деп, Қадыр ағам желкемнен қарап тұрғандай… Енді біз айтпағанда кім айтады?! Артымызда қалдыратын еш мұра болмаса да, осы ана тілімізді қалдырып кетейік, тым құрығанда…
Көпке топырақ шашудан аулақпын. Ана тілімізге зор көңіл бөліп, тіпті, сөз құрау, сөйлеу, аудару дегендерді дұрыс жолға қойған мекемелер, жеке адамдар баршылық. Бірде 2-сыныпта оқитын немерем үйдегі алаша, текеметтерге қарап: “Ата, ананы не дейді?” – дегенде, қысқаша ғана: “Ою”, – деп жауап бердім. Сонда немерем: «Ата, дұрыс емес, оны қазақтың ұлттық ою-өрнегі деп атайды”, – дегенде, немереме емес, оны оқытып жүрген ұстаздарына риза болдым.
Сұратай ӘЙТІМОВ.
Аққайың ауданы.