Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Берік Асылов “ЕС-164/6” түзеу мекемесінде жеке қабылдау өткізіп, жазасын өтеп жатқан әйелдерді толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Бүгінде облыстағы төрт түзеу мекемесінде 1165 адам жазасын өтеуде. Соның 207-сі – әйелдер. Қабылдау барысында сотталған әйелдерден тұрғылықты жерлері бойынша түзеу мекемесіне ауыстыру, жазаны жеңілдету немесе оны орындау тәртібін өзгерту туралы сотқа өтініш беру, медициналық көмектің және тұрмыстық жағдайдың сапасын жақсарту мәселелеріне қатысты жеті өтініш түсіп, олардың барлығы прокурордың бақылауына алынды.
Берік Асылов сотталғандар тұратын орындарды аралап, медициналық қызмет көрсету сапасымен танысты. Мекеме аумағындағы киім тігу және жөндеуге арналған өндірістік цехта да болды.
Облыстағы түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан адамдардың 43 пайызы ақылы жұмыспен қамтамасыз етілген. Соның ішінде “Еңбек” республикалық мемлекеттік кәсіпорнына орналасқандар да бар. Түзеу мекемелерінде өндірістік қызметті 15 бизнес субъектісі жүзеге асырады.
Гүлмайра КЕНЖЕБОЛАТОВА,
облыстық прокуратура аппаратының бас маманы.