«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОТТАЛҒАНДАР ДА САБАҚ ОҚИДЫ

Солтүстік Қазақстан облысындағы әйелдер колониясы 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Темір тордың арғы жағында отырған қыз-келіншектер саны қазірде 260 адамды құрап отыр.

Айқын БАЖЕНОВ,

ЕС 164/6 мекемесі

бастығының тәрбие ісі

жөніндегі орынбасары.

Сотталғандар үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Түрлі себептерге байланысты мектепті аяқтай алмаған немесе мүлде оқымағандар үшін сырттай білім алатын кешкі мектеп жұмыс істейді.  

Заң бойынша оқушылардың жасы отызға толмаған болу керек. Бүгінгі таңда аталмыш мекемеде талапқа сәйкес білім алып жүрген оқушылар саны – 34.

Жас ерекшеліктері әртүрлі болса да, барлық оқушы арнайы бір бағдарлама бойынша сабақ оқиды. Білім деңгейлеріне қарай баға алып, келесі сыныпқа көшіріліп отырады. Сөйтіп біртіндеп кешкі мектепті аяқтап, қолдарына аттестат алуға мүмкіндік беріліп отыр. Кешкі мектепте тек қана алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру сабақтары ғана өткізілмейді. Ал қалған пәндерді жүргізу өз ретімен жүзеге асады. Оқушыларға он бір мұғалім сабақ береді. Білім беретін ұстаздардың барлығы жоғары білімді, білікті мамандар. Сонымен қатар оларды жақсы психолог деп те айтуға әбден болады. Себебі, мұндағы мұғалімдер алдынан білім алатын оқушылардың жасы әлдеқайда үлкен. Және оларың темір тордың арғы жағында отырғандарын да үнемі естен шығармау керек. Осындай бірқатар маңызды жайттарды есепке алатын болсақ, оқушылардың әрқайсысына ерекше көзқараспен қарап, білімнің әр азамат үшін қажеттілігін жете түсіндіре білу маңызды. Әрине, олармен жұмыс істейтін арнайы психолог мамандар да бар, біз барлығымыз қоян-қолтық еңбек етеміз. Себебі, мақсат бір – ол сотталған қыз-келіншектерге білім беру, еңбекке баулу, осындай тәрбиелік маңызы бар жолмен қоғамға пайдасы тиетін азаматтарды тәрбиелеу.

Мекемеде кешкі мектептен басқа елу адамды қамтитын кәсіптік колледж жұмыс істейді. Сондай-ақ жақында облыстық Әйелдерді қолдау орталығының мұрындық болуымен компьютерлік сыныптар ашылды. Онда білім алып шыққандарға арнайы сертификат беріледі. Темір тордың арғы жағындағыларға жасалып отырған мұндай игі шаралардың негізгі мақсаты – қылмыс санын азайтып, сотталғандардың бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне көмектесу. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp