Облыста 19 аудандық және бес қалалық сот жұмыс істейді. Аудандық және оған теңестірілген соттарда жетекші маман, бас маман – сот отырысының хатшысы және кеңсе меңгерушісі лауазымдарының жиырмадан астам орны бос тұр. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында “Облыстағы сот органдарында кадрларды қалыптастырудағы ерекшеліктер” тақырыбында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыстық соттар әкімшісінің басшысы Оян Мүтәллапов мәлімдеді.
Судьялардың және сот жүйесі қызметкерлерінің кәсіби деңгейіне қойылатын талаптарды күшейту және кадрларды жаңартуға бағытталған шаралар қолға алынған. Баяндамашы қызметкерлердің еңбекақысы оның жұмыс өтіліне байланысты екеніне назар аударды. Мәселен, бір жылға дейін жұмыс өтілі бар жетекші маманға облыстық деңгейдегі сотта 97510 теңге, ал аудандық соттарда 84415 теңге еңбекақы төленеді. Ал бас маманға берілетін ақы, сәйкесінше 108306 және 95210 теңгені құраса, дәл осындай еңбек өтілі бар кеңсе меңгерушісі 142461 теңге жалақы алады.
– “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында мемлекеттік қызметшілерге мансаптық өсу мүмкіндігі қарастырылғанын айта кеткен жөн. Яғни, мемлекеттік қызметке жаңадан орналасқандар кәсіби қызметін төменгі лауазымнан бастайды. Ал мансаптық өсу жеңілдетілген тәртіп бойынша және қысқа мерзімде ішкі конкурс өткізу арқылы жүзеге асырылады. Оған төменгі лауазымдағы тәжірибелі мамандар қатыса алады. Конкурс алдымен маман тапшы мемлекеттік орган қызметкерлерінің арасында өтіп, тиісті адам таңдалмаған жағдайда, оған басқа органда жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер қатысады, – деген Оян Мүтәллапов қызметке жаңа орналасқандарға тәлімгер ретінде тәжірибелі мамандар бекітілетініне назар аударды.
Облыстық соттар әкімшісі персоналды басқару бөлімінің басшысы Марал Құжрақаева судья лауазымына іріктеу тәртібімен таныстырды. Бұл үшін алдымен Жоғарғы соттың жанындағы сот төрелігі академиясында оқу керек. Онда үміткерлер шет тілінен емтихан тапсырып, түрлі тапсырмаларды орындап, эссе жазады. Бұл сыннан сүрінбегендер судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсырып, тағылымдамадан өтуге соттарға жіберіледі. “Тағылымдамадан өту кезінде үміткердің іскерлік, кәсіби біліктілігі сараланып, судья қызметін атқарудағы әлеуеті анықталады. Бұл кезеңде оған еңбекақысының 70 пайызы төленеді. Үміткерлер аудандық және оған теңестірілген соттарда 11 ай, облыстық және оған теңестірілген соттарда бір ай тағылымдамадан өтуі тиіс”, – деді Марал Құжрақаева. Тағылымдама аяқталғаннан кейін бір ай уақыт ішінде алқа отырысында үміткердің есебі тыңдалып, нәтижесі шығарылады.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.