«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОТ БЕДЕЛІ — ӘДІЛ ШЕШІМ

Елбасының “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруды қолға алған еліміздің сот жүйесі бүгінде жаңа белеске көтерілді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің VI шақырылымдағы бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде: “Қазақстандық сот төрелігі мен құқық тәртібі жүйесі ашықтық және кәсібилік тұрғысындағы жаңа сапаға ие болды. Қазақстандықтар мен бизнес субъектілерінің құқықтарын сотта қорғау деңгейі ендігі жерде ЭЫДҰ мемлекеттерінің жоғары стандарттарына сәйкес келеді”, – деп нақты атап өтті.

Сот жүйесі өзге салалардан іргесін аулақ сала алмайды. Өйткені, сот биліктің бір буыны болып табылады. Бұл орайда, сот жүйесіндегі реформаларға сүйене отырып, біз, судьялар қарауымызға келіп түскен істерді әділ шешуге, заңнамаларға сүйене отырып, азаматтардың Конституцияға сай құқықтарының қорғалуына қол жеткізуге тиіспіз. Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалардың мемлекет пен қоғам алдындағы парызын орындауын заңға сай талап етуіміз керек.

Үстіміздегі жылдың өткен 9 айында Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында 3786 іс қаралды, 2599 іс бойынша сот шешімі, ал 35 іс бойынша сот бұйрығы шығарылды. Сонымен қатар, 376 іс бітімгершілік келісімдерін, 47 іс медиация, 2 іс партисипативті рәсімдерін қолдану арқылы аяқталды.

Азаматтық сот жүйесінде адамдардың, ұйымдардың, мекемелердің бір-бірімен арасындағы дау-дамайлар, еңбек даулары қаралады. Бұларды шешу оңай емес. Судья заң баптарын жетік білуі тиіс. Ол жеке тұлғаның да, заңды тұлғаның да мүдделерін заң талабына сай қорғайды. Сонымен бірге қажет жағдайда жауапқа да тарта алады. Өкінішке қарай, қоғамдағы азаматтардың бәрі бірдей адал, заңды құрметтей біледі дей алмаймыз. Заңды бұрмалайтындар, қоғамдағы түрлі қарым-қатынастарда заңға қайшы әрекеттер жасайтындар бар.

Азаматтық сот істерді оң шешу үшін қолдан келгенді жасауға тиіс. Заңның бұрмалануына, кінәлілердің жазадан, яки салынған айыппұлдан құтылуына судья жол бере алмайды. Дұрыс шешім қабылдауға тырысады. Осы арқылы ол өзінің судья ретіндегі мәртебесі мен беделін қорғайды және мемлекет билігінің бір тармағы ретінде соттың абыройын түсірмейді. Осы орайда халық адал сотқа сенім артуы үшін судья адал әрі әділ төреші болуға тиіс.

Бауыржан ЖАЙЖҰМАНОВ,

мамандандырылған ауданаралық

экономикалық соттың

төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp