Үстіміздегі жылдың 21 қарашасында Астана қаласында судьялардың кезектен тыс жетінші съезі өткен болатын. Оған Солтүстік Қазақстан облысынан тоғыз делегат қатысып, өңірдегі сот жүйесінің хал-ахуалы жайлы баяндады. Бұл жөнінде облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Тәуелсіздігімізді алғаннан бері республика судьяларының съезі жеті рет өтіп, онда алда атқарылуға тиіс ауқымды шаралар белгіленді. Сондай-ақ, осы жылдар ішінде сот жүйесі материалдық-техникалық жағынан да нығайды. Жаңадан бірқатар сот ғимараттары салынса, көпшілігіне күрделі жөндеулер жүргізіліп, компьютерлер және заманауи техникалық құралдармен жабдықталды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан ел судьяларының жетінші съезі елдің қоғамдық-саяси өмірі үшін мәні зор оқиға болды. Еліміздегі сот саласының беделін, тәуелсіздігі мен тиімділігін арттыру бойынша ауқымды жұмыстардың басым бағыттары мен нақты тетігін айқындайтын бұл жолғы съезде еліміздің сот жүйесіне түрлі өзгерістер енгізілді. Судьялар корпусының кәсібилігін арттыру мақсатында жаңадан тағайындалған судьяларға сынақ мерзімі бекітілді. Судьялардың жаңа этикалық кодексі жан-жақты талқылаудан өтті.
Бүгінде сот жүйесіндегі жаңа электронды бағдарламалар ел тұрғындары үшін сот жүйесінің барынша ашық әрі қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, сотқа жүгінушілердің уақыты мен қаржысын үнемдеу және қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік берді. Мәселен, жыл басынан бері “Сот кабинеті” сервисі арқылы өңіріміздің соттарына талап-арыздардың 84 пайызы электронды түрде түскен.
Өңірімізде дауды сотқа дейін реттеуге зор көңіл бөлініп отыр. Олардың ішінде татуластыру, медиация және ең алғаш өңірімізде жүзеге асқан партисипативтік рәсім бар. Өткен 11 айда татуластыру рәсімін қолдану бойынша 1466 азаматтық іс қаралыпты.
Соңғы үш жылда өңірімізде азаматтық істердің әділ әрі сапалы өту үрдісі қалыптасқан. Жыл басынан бері азаматтық істер бойынша 75 үкім өзгертілді. Айта кеткен жөн, аудандық 20 соттың 13-інде шығарылған үкімдер өзгеріске түспеді. Талап-арыздарды қараусыз қалдырудың деңгейі де төмендеген.
Биылғы он бір айда өңірлік соттарға 1989 қылмыстық іс түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 23,2 пайызға көп. Оның 1951-і толық қаралса, 1158 іс бойынша үкім шығарылып, 1247 адам сотталып, 38 азамат ақталған.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.