Қазақстан тәуелсіздік алғалы елдегі демократиялық процестерді дамытуда заңдылық пен сот төрелігінің, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың берік кепілі бола алатын сот жүйесі қалыптасты.
Республика судьяларының съезі мемлекеттің қоғамдық-саяси өмірі үшін мәні зор оқиға екені сөзсіз. 1996 жылдан бастау алған съездің негізгі міндеті – еліміздегі сот саласының беделін, тәуелсіздігі мен тиімділігін арттыру бойынша ауқымды жұмыстардың басым бағыттары мен нақты тетігін айқындау. Өткен 20 жыл сот жүйесіне айшықты да айқын бағыттарды белгілеген ұлан-ғайыр өзгерістерді әкелді. Бұл уақыт тынымсыз ізденістер, сот жүйесін реформалаудағы батыл бетбұрыстар, жаңа талапқа сай әділ сотты қалыптастыру және соған лайық базасын дайындау жылдары болды.
Мәселен, алғашқы съездің нәтижесінде “Қазақстан Республикасы Судьялар одағы” республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Съездің қаулысында тәуелсіз сот төрелігі болмайынша заңға құрметпен қарау және қоғамда әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мүмкін емес екендігі жазылды. Сондай-ақ, съезд барысында Судья этикасы кодексін қабылдау қажеттілігі де айтылды.
Ал екінші съезде, яғни 1999 жылы Судьялар одағының Жарғысына өзгерістер енгізілді. Сот төрелігін іске асыру кезінде заңдылықты сақтау жөніндегі сот корпусының жұмысын қараған съезд делегаттары Судьялар одағының Халықаралық Орталық Азия судьялары қауымдастығына, сондай-ақ, халықаралық “Заңгерлер одағына” кіруге дауыс берді.
Съезд жұмысының нәтижесінде судья корпусы сот билігінің абыройы мен беделін арттыруға, судьялардың шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз етуге, кадрларды табандылық, әділдік, адалдық рухында тәрбиелеуге, судьялардың кәсіби өсуін қамтамасыз етуге күш салуы тиіс болды. Осындай шешімдерден кейін 2000 жылы “Сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейту шаралары туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына қол қойылды, соған орай соттар қызметін қамтамасыз ету міндеті Жоғарғы Сот жанындағы сот әкімшілігі комитетіне табысталып, енді атқарушы билік соттарға әсер ете алмайтын болды. Осы жылы “Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы” Конституциялық заңы да қабылданды.
Судьялардың ІІІ съезіне Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, адамдардың сотқа сенуі, өз мүдделерін қорғауы үшін сотқа жүгінуі сот-құқықтық реформаның басты мақсаты екенін атап өтті.
Елімізде қылмыстық жазаларды ізгілендіру мәселесі осы жолы көтерілген болатын. Соттарды мамандандыру Мемлекет басшысы ұсынған ең өзекті, ең өркениетті бағыттың біріне айналды. Сондықтан нарықтық экономикалық шарттардан туындаған жаңа әлеуметтік қатынастар ықпалын жете түсінген Елбасы барлық облыстарда мамандандырылған экономикалық, әкімшілік, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық, өзге де салалық соттарды құру жайлы Жарлықтарға қол қойды. Осының нәтижесінде 2003 жылдың желтоқсанында “Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий енгізу туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес республикада өлім жазасын орындауға мораторий жарияланды. Барлық облыстарда мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар құрылды. 2006 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығына қатысушылардың дауларын қарауға уәкілетті мамандандырылған қаржылық сот, 2012 жылы республикада кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар жұмыс істей бастады.
Судьялардың кезекті IV съезінде Елбасы сот жүйесінің дамуына баға беріп, сот қызметінің сапасын арттыруға, сот ісін жүргізуді оңтайландырып оңайлатуға, судьяға үміткерлер үшін қойылатын талаптарды күшейтуге және судьяның кәсіби ісін арттыруға қатысты жаңа міндеттер қойды.
Судья кадрларының кәсіби білім алу мақсатында 2005 жылы сот академиясы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Сот төрелігі институты болып қайта құрылды. 2005 жылдың желтоқсанында сот ісін жүргізуді оңтайландыруға, жергілікті соттардың рөлін нығайтуға, қадағалау инстанциясын қысқартуға бағытталған соттылықтың аражігін ажырату туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Президенттің судьяларға жүктеген басым міндеттердің бірі – бүгінде еліміздің сот жүйесіне түбегейлі енген Алқабилер институты. Аса ауыр қылмыстарды алқабилердің қатысуымен қарау 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Бұл сот төрелігін халық өкілдерінің қатысуымен ашық әрі шынайылықпен жүргізудің нормаларын айқындап берген заңдылық құжаты болды.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Судьялардың V съезінде сөйлеген сөзінде: “Қазақстанда сот жүйесі үшін өте көп жұмыс жасалды. Халық судья корпусынан соттың заң мен адалдықтың берік негізі болып табылатын жұмысты күтуге құқылы”, – деді.
V съезден кейін сот төрелігінің ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз етуге, істерді қарау сапасын жақсартуға, соттардың маңызын арттыруға бағытталған бірқатар заңдар өмірге келді. 2009 жылғы 10 желтоқсан “Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң қабылданды. Ал 2012 жылғы 17 ақпан Президент сот іс жүргізуін бұдан әрі жетілдіруге соттардың істерді қарау жеделділігін арттыруға бағытталған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне істерді қараудың апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібін жетілдіру, сот төрелігіне сенім деңгейін арттыру және қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Осы заңмен апелляциялық және кассациялық алқалар құрылып, облыстық соттардың құрылымы өзгертілді. Осы өзгерістер нәтижесінде аудандық соттарда сөзбұйдалық пен істерді бірнеше рет қарау жойылды. 2011 жылғы 28 қаңтар медиация жолымен дауларды реттеудің баламалы әдісі енгізіліп, тиісті заң да қабылданды.
Судьялыққа кандидаттардың жеке және іскерлік қасиеттерін мұқият зерделеу үшін облыстық соттардың жанынан қоғамдық кеңестер құрылды. Бұл кадр таңдауда объективті көзқарасты қамтамасыз етті. Басты назарға кандидаттардың жасы, олардың іскерлігі және адамгершілік қасиеттері алынады. Сондайақ, сот төрелігі институтының түлектері мен мемлекеттік органдарда соттардың, құқық қорғау органдары мен адвокатура қызметін қамтамасыз ететін заң кәсібі бойынша бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар магистранттарға басымдық беріледі.
Судьялардың VI съезінде қазіргі заманғы және өзекті, тиімді сот жүйесін жетілдіру мен құру жайы талқыланды. Судьялар қауымдастығы қызметтерінде “Қазақстан – 2050” Стратегиясы мен 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасымен белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға басымдық беретін болды.
Соттар “Медиация туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес медиацияны жеке, заңды тұлғалардың қатысуымен азаматтық, еңбек, отбасылық және басқа да құқықтық қатынастардан туындайтын дау кезінде кеңінен қолданады, сондайақ, жеңіл және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қарастырады.
Үстіміздегі жылдың басынан жаңа Азаматтық процестік кодекс күшіне енді. Оның негізгі жаңалығы – Жоғарғы Сотта инвестициялық коллегияның, ал Астана қаласының сотында мамандандырылған құрамның құрылуы. Жоғарғы Сотта құрылған алқада ірі инвесторларға қатысты даулар, ал Астана қаласы сотының мамандандырылған құрамы шағын инвесторларға қатысты дауларды қарайтын болды. Осы модель инвестициялық дауларды шетел сарапшыларының қатысуымен қарауды қамтамасыз етті.
Жаңа Азаматтық процестік кодексте дауды реттеудегі баламалы рәсімдердің бірнеше түрі қарастырылған. Тараптар дауды татуласу келісімін немесе медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен, не партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтай алады.
Біз, Судьялар қауымдастығы, Елбасының әр жылдардағы съездерде берген тапсырмаларына сәйкес жалпы сот жүйесін дамытуға белсене атсалысып келеміз. Қазақстанның қарқынды дамуы біздің алдымызға жаңа міндеттер қойып отыр. Еліміздің әлемдегі ең дамыған елдер қатарына кіру бағдарламасы, белсенді интеграциялық процестер сот өндірісінің уақыттың сынқатерлеріне сай болуын талап етуде. Бұл ретте азаматтық сот ісін жүргізудің жаңа моделін қалыптастыру тараптар мүдделерінің тепетеңдігін қамтамасыз ететін прагматикалық тәсілдерге негізделген.
Судьялардың VII съезі сот жүйесін жаңғырту мен Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды қалыптастыру жолындағы кезекті бағдар деп зор сеніммен айтуға болады.
Бердібек МҰСТАФИН,
мамандандырылған ауданаралық
экономикалық соттың судьясы.