«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сот жүйесі жетілдірілуде

VI Судьялар съезі өткеніне аз ғана уақыт болды. Алайда, осы аралықта еліміздің сот жүйесі айтарлықтай жетіліп, маңызды өзгерістер болды. Сот төрелігі бес сатылыдан үш буынға ауысты. Бірінші саты – аудандық және оған теңестірілген соттар, апелляциялық – облыстық және оған теңестірілген соттар, кассация – Жоғарғы сот. Сот төрелігін жүргізудің үш буынды деңгейге ауысуы – барлық сот сатыларында істерді қарау мерзімін қысқартты.

Судьялар съезі – сот төрелігін жүргізу мәселелерін шешу, сот шешімдерін орындау, сот жүйесі қызметкерлерінің моральдық-этикалық нормаларын сақтау және оларды әлеуметтік қорғау, сондай-ақ, Үкімет билігінің үшінші тармағы қызметімен байланысты басқа да мәселелерді талқылау мақсатында өткізіледі.

Жоғарғы сотпен бірге бірыңғай сот жүйесі нығайтылып, сот қызметінің заңнамалық базасы жетілдірілді. Қазақстан Республикасында іс қарауда қолданылатын барлық құжаттарды электронды түрге ауыстыруды жасауды және сақтауды қамтамасыз ететін сот төрелігінің электронды жүйесі енгізілуде. Электронды сот төрелігі барлық сот актілерін жариялау жүйесін қалыптастыруды, сот отырыстарын дыбыс-бейне жазу арқылы белгілеуді, тараптардың және сот отырысына қатысатын басқа да тұлғалардың ауызша түсініктемелерін алу үшін бейнебайланыс құралдарын кең қолдануды қамтамасыз етеді.

Бұдан басқа, сот жүйесі қызметінде татуластыру тәртібі жолымен дауларды шешетін балама әдіс – медиация процедурасы енгізілгенін атап өткен жөн. Тараптардың татуласуы үшін әдістер мен мүмкіндіктер айтарлықтай кеңейтілді, осылайша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Соттар дауларды қарағанда сот талқылауының кез келген сәтінде келісімділік процедурасын қолдануы қажет”, – деген тапсырмасы орындалды.

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап сот ісін жүргізу тәртібін реттейтін бірқатар жаңа нормалар, сот ісін жүргізудің жаңа формасы – келісімдік іс жүргізу қаралған жаңа Қылмыстық және Қылмыстық процестік кодекстер қолданысқа енгізілді.

Судьялар мен сот мамандарын кәсіби дамыту Қазақстан Республикасының сот жүйесін жетілдіру жөніндегі басым бағыттарының бірі болып табылады. Облыстық соттарда жаңа тағайындалған судьяларға көбірек көңіл бөлу үшін оқу орталықтары құрылған.

Сәуле ЛИТФУЛЛИНА,

Петропавл қалалық сотының судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp