«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОТ ЖҮКТЕМЕСІН ОҢТАЙЛАНДЫРУ

“Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң 2019 жылғы 21 қаңтарда қабылданып, ол 3 ақпаннан бастап күшіне енді. Тиісті түзетулер Азаматтық процесуалдық кодекске және “Нотариат туралы” Заңға да енгізілді.

Бұл заң соттың жүктемелерін азайтуды көздейді. Яғни, сот орындаушыларының іс-әрекеттерін санкциялау, бірқатар талаптарды нотариусқа беру және жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қаралатын істерді бұйрық шығару арқылы шешілетін санатқа беру және т.б. қаралған. Бұл өзгерістер соттардағы жүктемені азайтуға және судьялардың назарын күрделі сот істеріне аударуға мүмкіндік береді. Cот жүктемесін оңтайландыру мақсатында заңда сот орындаушыларының іс-әрекеттеріне қатысты он сегіз санкциядан тек екеуі ғана соттың қарауына қалдырылған. Олар – борышкерді еріксіз келтіруді және елден тыс жерлерге шығуға тыйым салуды соттың санкциялауы. Борышкердің мүлкіне шектеу қоюға санкция беру алып тасталды. Банктік шоттарға шектеу қоюға санкция беру және банктік құпияға жататын ақпаратты талап етуді және т.б санкциялау прокурорға берілді.
Бұрын соттар қараған азаматтық істердің бір бөлігі енді нотариустарға берілді, яғни атқарушылық жазба немесе тиісті қаулы негізінде бірнеше талаптар бойынша берешекті өндіріп алу жүргізіледі. Оның ішінде нотариат куәландырған мәмілеге негізделген міндеттемені орындау, орындау мерзімі басталған және міндеттеменің орындалмауын борышкер мойындаған, жазбаша мәмілеге негізделген міндеттемені орындау, лизинг шартына немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лизинг нысанасын талап ету туралы; ломбард кепіл беруші-борышкерге қойған, кредитті қайтару мерзімі өткен соң кепіл нысанасына өндіріп алуды қолдану туралы; төлемдерін жалдау шартында белгіленген мерзімдерде төлемеуіне байланысты өндіріп алу; жұмыскерге есепке жазылған, бірақ төленбеген жалақы мен өзге де төлемдерді өндіріп алу туралы және т.б. қаулылар бар. Тұтастай алғанда, соттардың ағымдағы жүктемесі 70 пайызға дейін төмендетілген.
Былтыр Айыртау аудандық соты 75 адамға қатысты 68 қылмыстық іс қарады. Сот үкімімен 39 адам бас бостандығынан айырылды. Бір жыл ішінде алты адам қамауға алынса, он үші қоғамдық жұмыстарға тартылды, алты кісі айыппұл төледі, он үшінің бас бостандығы шектелді. Жеке айыптау бойынша екі адам ақталып шықты.
Жеке айыптаушы өзінің айыптауынан бас тартқандықтан медиация арқылы 26 адамға қатысты 24 іс қаралды. Айыпталушыны іздестіруге байланысты екі іс прокуратураға қайтарылды. Электронды форматта бес қылмыстық іс қаралды. Өткен жылы үкімді орындау тәртібі бойынша 362 материал қаралды, оның ішінде 216-сы (59,7 пайызы) қанағаттандырылды, 144-і (39,8 пайызы) қанағаттандырылмады. Былтыр үкімді орындау тәртібіндегі материалдар бойынша жеке қаулылар шығарылмады.
Біздің аудандық сотта бір жыл ішінде 835 азаматтық іс қаралды, 406 іс қозғалды, 10 іс сот органдарының қарауына берілді. Бейбіт түрде шешім шығарғаннан кейін 10, медиация бойынша 42, партисипативтік келісім шығару бойынша 1, талапты қараусыз қалдыру бойынша 26 іс қаралды. Азаматтық істер бойынша шешімдердің өзгертілуі және бас тартылған істер болған жоқ. Қаралған азаматтық істер бойынша үш жеке шешім қабылданды, жауаптар заңда белгіленген мерзімде алынды.
Есепті кезең ішінде 391 әкімшілік, айыппұл салу арқылы 322 іс қаралды. Қаралған әкімшілік істер бойынша 27 жеке шешім шығарылды, жауаптар заңда белгіленген мерзімде алынды.
Судьялар сот актілері бойынша жаңа стандарттарды сақтауға, сот актілерінің сапасын жақсартуға, жедел жұмыс кеңестеріне және семинарларға тұрақты түрде қатысады. Олардың барысында судьялар нормативтік шешімдерді, нұсқаулықтарды, сот актілерін әзірлеуге және орындауға қойылатын талаптарды, жоғары тұрған соттардың хаттарын және талдауларын талқылады және зерттеді.

Ажаргүл ШӘМШІНҰРОВА, Айыртау аудандық сотының төрайымы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp