«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОТ ЗАЛЫНДА ҰСТАЛДЫ

Өткен аптаның соңында Петропавл қаласының №2 сотының сот приставы Марат Рамазанов пен облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының сот приставы Аслан Қасенов облыстық мемлекеттік күзет қызметі басқармасының полиция қызметкерлерімен бірлесіп, қызметтік міндеттерін атқару барысында ресми түрде іздеуде жүрген азаматты сот ғимаратында ұстады.

К. деген азамат берешек сомасын өндіріп алу туралы талап-арызымен Петропавл қаласының №2 сотына жүгінеді. Қыркүйектің 18-і сот және облыстық мемлекеттік күзет қызметі басқармасының қызметкерлері кезекті сот отырысына келген талапкердің жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеріп, оны отырыс залына кіргізген. 

Облыстық ішкі істер органдарының биылғы жылдағы 17 қыркүйектегі тұспалына сәйкес аталмыш тұлғаға алаяқтық жасау фактісі бойынша іздеу жарияланған болатын. Күдіктінің қылмысқа қатысы бар екенін анықтаған сот приставтары Марат Рамазанов пен Аслан Қасенов, сондай-ақ, “Күзет” қызметкерлері жедел-тергеу тобы келгенше күдікті адамды ұстауға және күзетуге бағытталған қажетті шараларды қолданады.

Сот ғимаратындағы өткізу режімін тиісті түрде ұйымдастырғаны үшін облыстық сот басшылығы Петропавл қаласының №2 сот төрайымының міндетін атқарушы Т.Ларинаны, сонымен бірге қызмет барысында қырағылық танытқаны үшін соттардың приставтары А.Қасенов пен М.Рамазановты көтермелеу қажет деп шешті.

Әсел СӘРСЕКЕЕВА,

облыстық соттың баспасөз

қызметінің хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp