«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОТ – ӘДІЛДІК АЛАҢЫ

Тәуелсіздік алғаннан бері еліміздің игілігі үшін қабылданған заңдардың арқасында мемлекетіміз көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Қоғам дамыған сайын оның даму бағдарын белгілейтін заңдар да жетілдірілуде. Сот жүйесі де өз өкілеттігін адам мен адамзаттың құқығы мен бостандығын қорғайтын, Қазақстан Республикасының біртұтас экономикалық және құқық кеңістігі жолында жүзеге асыратын биліктің дербес, тәуелсіз тармағы ретінде шешуші қадамдар жасауда.

Сот жүйесін жетілдіру, кәсіби сот корпусын құру реформасы демократиялық мемлекеттің негізгі мақсаттарының бірі болып табылады. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” Жолдауында азаматтардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін күшейтуге қатысты нақты тапсырмалар берді.

Сотқа ешкім де жетіскеннен келмейді. Зәбір шегіп қажыған, сан соғып алданған, қысым көріп торыққан, ары тапталып, намысы қорланғандар араша іздеп келеді. Алаш қайраткері Әли­хан Бөкейханның “Би түзу, билік әділ болсын” деген қанатты сөзі бар. Бұл сөз бүгінгі қазақстандық сот жүйесінің даму бағытын айқындап тұрғандай. Алаштың арда ұлы айтқан өси­ет үдесінен шығу жолында сот жүйесінде жаңа бастамалар қолға алынуда. Ел Президентінің сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығару құқығы мызғымас сипатқа ие болуы керектігі жөнінде айтқан сөзі кейбір заңнамаларды толықтыруға, жаңа заңдардың қабылдануына түрткі болды.

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азаматтық-процестік кодекске енгізілген түзетулерге қол қойды. Заман талабына сай қабылданған осындай заңдар судьяның процестегі рөлін түбегейлі өзгертеді. “Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңы – заман сұранысына орай дайындалған маңызды құжат. Азаматтық процесті сапалық жақтан өзгертуді мақсат еткен заңнамада, ең алдымен, халықтың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға, соттар жұмысын заманауи форматқа бейімдеуге, сот ісін жүргізуде сандық технология жетістіктерін оңтайлы пайдалануға мүмкіндік беретін өзгерістер ескерілген.

Жаңа өзгерістер мен толықтырулардың әділдік алаңына жолы түскен азаматтарға сенім мен мүмкіндік беретінін айта кеткеніміз жөн. Мәселен, бұрынғы заңнамада судьялардың тараптарға жол көрсетуге, сұрақ қою арқылы шындыққа көз жеткізуге, қажетті құжаттар мен дәлелдер сұратуға құқығы жоқ еді. Жаңа Кодекс судьялардың процестегі белсенділігін арттыруға, құзыретін кеңейтуге кепіл болып отыр. Нақты айтар болсақ, Кодекстегі 15-баптың 3-бөлігіне сәйкес сот енді объективтілікті жəне бейтараптылықты сақтай отырып, тараптардың істің мəн-жайын толық жəне объективті зерттеуіне, процестік құқықтарын іске асыруына қажетті жағдай жасайды. Яғни, ендігі жерде сот іске қатысатын адамдарға құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп қана қоймай, олардың құқықтық позициялары мен дəлелдемелерін нақтылап, тараптармен істің мəн-жайын талқылайды, сонымен бірге оларға өз құқықтарын жүзеге асыруға жəрдемдеседі.

Бұдан бөлек, судья тараптар ұсынған дәлел, уәжбен шектеліп қалмай, өз бастамасы бойынша іске қатысты материалдарды жинау жəне зерттеу, тараптар дəлелдерінің негізділігін, сотқа ұсынылған дəлелдемелердің анықтығын тексеру бойынша шаралар қабылдайды. Дәл осы мәселе сот жұмысын жандандыруда ерекше мәнге ие. Өйткені, судьяның талаптары ұсынған дәлелдер ауқымымен шектеліп, өзі біліп, байқап отырған кемшіліктер бойынша сауал қойып, түсінік ала алмауы азаматтардың орынды ренішін тудырып келген болатын. Заңды білетін, істің мән-жайын толық көріп отырған қазының процессуалдық тәртіпке бағынып, ақ пен қараны ажыратуға белсенді атсалыса алмауы кейде азаматтардың құқығының толық қорғалмауына алып келгені жасырын емес. Судьяның екі тарап ұсынбаған дәлелдемелерді сұрату арқылы ақиқатқа жетіп, тіпті, процесс барысында тараптардың уәждеріне қатысты өз пікірін білдіруге құқылы болуы істің ақ-қарасын анықтауға септігін тигізеді. Себебі, судьяның процестік жақтан еркін болуы – әділ төрелік кепілі.

Бұл жайында Мемлекет басшысы Жолдауда: “Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажет. Бұдан былай дауларды шешу барысында сот қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеруге құқылы. Аталған дәлелдемелерді жинақтау міндеті жеке азаматқа немесе бизнеске емес, мемлекеттік органға жүктелетін болады. Заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстар азаматтардың мүдделерін ескере отырып, түсіндірілуі тиіс”, – деп атап өтіп, нақты тапсырма берген болатын.

Жаңартылған Кодекс барлық заманауи негізгі институттарды сақтап қана қоймай, сонымен қатар қазақстандық құқықтық тәжірибені әлемдік озық стандарттарға жеткізетін өзгерістерді енгізді. Мәселен, жаңа заңнамада электронды сот төрелігіне байланысты да жаңашылдықтар бар. Қазақстандық сот жүйесі ІТ жүйелерді қолдану жағынан әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің соттарымен тең дәрежеде деуге болады. Біздің елімізге алыс-жақын шетелден қазақстандық сот жүйесінің ІТ мүмкіндігімен, Смарт сот жүйесімен танысып, тәжірибе алмасуға меймандар көп келуде. Еліміздегі карантин, пандемиялық жағдай ІТ технологияның қолдану мүмкіндігін арттырды. Қазіргі таңда сот отырыстары 100 пайыз онлайн режімде өтуде. Мұндай жағдайда барлық сот процесі аудио және бейнежазбаға түсіріледі. Бұрын бұл процестің заңда көзделген құқықтық мәртебесі жоқ болатын. Енді заңдағы өзгерістерге сай оған электронды хаттама мәртебесі беріледі. Яғни, енді аудио-бейнежазбаның электронды хаттамалық құжаттық күші бар деуге болады.

Жаңа өзгерістер бойынша медиациялық келісімге келудің уақыты ұтымды шешіліп отыр. Бұрын медиативтік келісімге келу үшін тараптарға бар-жоғы бес күн берілетін. Дауласып отырған, бір-бірінің кемшілігін тізіп, керісіп жүрген азаматтарды бес күн ішінде пәтуаға келтіріп, ортақ мәмілеге ұйыстыру мүмкін емес еді. Мұндай кемшіліктің барын судьялар да, медиаторлар да жиі көтеретін. Ендігі жерде тараптар істі медиация арқылы өткізуге келіссе, қарау мерзімі 10 күнге дейін ұзартылады. Дауды шешу туралы келісімге қол жеткізілсе, судья талап-арызды қабылдайды және келісімді мақұлдауды қарастырады.

Енгізілген осы өзгерістердің барлығын саралап-сараптай келсек, еліміздегі азаматтардың құқықтарын қорғауда, судьяларды процестік тәуелділіктен құтқаруда бұл заң жобасының маңызы зор деуге болады. Әрбір судья өз мамандығын тек күн көретін кәсібім деп ұқпай, оны шығармашылық дәрежеге көтеріп жатса, құба-құп. Бүгін заман озып, жаңғырып, қайта түлеп жатқан ізденіске толы ұлы дүбірдің тұсында, біз де өмір көшіне жай ғана ілеспей, тың оймен жаңаша жұмыс істеуіміз керек. Ол үшін елімізде заңнамалық тұрғыда барлық жағдай жасалып отыр.

Бердібек МҰСТАФИН,

облыстық ауданаралық экономикалық сотының судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp